Елорда тұрғындары мен қонақтарына Турандот өз жұмбақтарын жасырады

Елорда тұрғындары мен қонақтарына Турандот өз жұмбақтарын жасырады
Фото: Астана Опера

Қиял-ғажайып, ертегі, құштарлық, қасірет пен махаббат – міне, осының бәрі Дж.Пуччинидің «Турандот» операсының жаңа қойылымында көрініс таппақ. Көрермендер әлемдік және отандық сахна жұлдыздарының керемет ойынына, театрда бұрын-соңды қолданылмаған технологиялар бойынша жасалған ультра заманауи декорацияларға, қытай үлгісіндегі өрнектермен көмкерілген костюмдерге және т.б. таңғажайыптарға тамсанатын болады. Ауқымы жағынан орасан зор халықаралық топтардың бірлескен одағы (Қазақстан – Қытай – Италия) әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаев пен атақты режиссер Давиде Ливермордың жетекшілігімен жүзеге асырылуда. Тұсаукесер бас қаланың 20 жылдығына орайластырылып, 22 және 23 маусым күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«Турандот» операсының негізінде ХІІ ғасырдағы Турандот пен Калафтың махаббаты жайлы хикая жатыр. Кезінде бұл оқиға драматург К.Гоццидың назарына ілігіп, соның негізінде ол ертегі жазады, ал жанына жақын келген осы әңгіме бойынша композитор Дж.Пуччини әлемдік опера өнерінің қазынасына енген баға жетпес туынды жасап шығарады.

«Турандоттың» әлемдік премьерасы 1926 жылдың 25 сәуірінде Миланда өтті. Композитор опера бойынша жұмысын аяқтай алмай, дүниеден озған еді, бұдан кейінгі барлық көрсетілімдер автордың естеліктері негізінде Франко Альфаномен жазылған қорытынды дуэтпен және финалмен аяқталып отырды. 

Итальяндық комедиялардағы «бетперделі» кейіпкерлер осынау операда есепшіл қытай шенеуніктерінің бейнесінде көрініс табады, оларды Қытай ұлттық опера театрының солистері орындайды. Бұл операда Турандот (драмалық сопрано Мартина Серафин мен қазақстандық опера дивасы Жұпар Ғабдуллина) қатігездік пен қол жеткізбес сұлулық кейпінде жүзеге асады. Барлық ерлер қауымынан кек қайтару үшін ол сөз салып келген үміткерлерге сынақ ойлап табады – оның жасырған үш жұмбағына жауап бере алмаған жандар жазаға тартылады. Оған өлердей ғашық болған белгісіз ханзада Калаф қана (болгарлық тенор Камен Чанев) сынақтан сүрінбей өтеді. Өзінің ептілігі мен күш-жігерінің арқасында ол барлық үш жұмбақтың түйінін шешеді, бірақ қыз бейтаныс жігіттің есімін атаса ғана, адуынды ханшайымның жүрек отын жағуға дайын.

Турандоттың жұмбақтары

Жұпар Ғабдуллина – Турандот – алдағы премьераға қызу дайындалуда. Әртіс бұл партияны баяғыдан орындап жүргенін айтты, енді мизансценаларды жаттап, Давиде Ливермордың ойындағы ниеттерін жүзеге асыру қалды.

- Менің кейіпкерімнің асқан сұлулығынан ханзадалардың басы алынуда. Калафқа дейін ханшайымның жүрегін жаулауға келген 14 үміткер өмірімен қош айтысты. Осы партияны орындап жүрген басқа да көптеген спектакльдерде Турандоттың сахна төріне шығуы маңайына салғын ызғарын таратқан мұз іспеттес еді. Либретто бойынша ол бар-жоғы 14 жаста, сондықтан осы қойылымдағы оның іс-әрекетін режиссер психологиялық тұрғыдан түсіндіреді. Бір кездері әжесіне жат жерліктер қорлық көрсеткен, содан Турандот барлық ерлерден кек алуды бастаған. Туған кезінен бастап оған бірде-бір ер адам қол ұшын тигізген емес. Калафтың барлық жұмбаққа берген дұрыс жауаптары оған ауыр соққы болып, күйзелтеді. Ханшайым: «Мен сені жіберемін, өз жолыңмен кете бер» дейді, алайда қарсылыққа тап болады. Бас кейіпкер жігіттен шешімін таба алмайтын жұмбақ қабылдайды. Бұл шынымен де өте күрделі рөл, бейнені жасап, көрермендерге режиссердің негізгі ойын жеткізуге тырысамын. Давиде Ливермордың пайымынша, Турандот нәзік, биязы, оның барлық қозғалыстары әсем әрі көрікті, сол арқылы ерлер қауымын еліктіруде. Вокалдық тұрғыдан қарағанда да, жеңіл жұмыс емес, - деді Жұпар Ғабдуллина.

Мартина Серафин де Турандот партиясын әзірлеуде. Әлемге әйгілі опера әншісі Астанадағы жұмысынан алған әсерлерімен бөлісті.

- «Астана Опера» – өте әдемі театр, мұнда бәрі керемет ұйымдастырылған. Маған, опера әншісі ретінде акустикасы маңызды болды, бұл жердің акустикасы өте тамаша. Дирижермен, қазақстандық вокалист әріптестеріммен, сонымен қатар дыбысталуы айрықша оркестрмен жұмыс жасаудан ләззат аламын, себебі олардың бәрі – өз ізінің хас шеберлері. Режиссер Давиде Ливермор осы қойылымға жанын салуда, солистермен жұмыс жасағандай әрбір хор әртісімен де қажырлы еңбек етуде. Кейіпкерлердің көңіл-күйіне ерекше басымдық береді. Турандот – менің сүйікті әрі көп орындайтын рөлім, өзімнің қызықты интерпретациямды беруге тырысамын. Барша қазақстандықтарды елордасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді, осынау спектакльдің айтулы мерекеге орайластырылғанын білемін, осы оқиғаның бір бөлшегі болып, үлесімді қосқаныма қуанышым шексіз, - деді Мартина Серафин.

Калафқа жауапсыз ғашық күң Лиу партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы мен осынау бейнені әлемнің түрлі сахналарында сомдап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай орындайды.

Опера дивасы Майра Мұхамедқызы аталған партияны бірінші рет орындамақ.

- Ішкі жан-дүниесі қуатқа толы қорғансыз қызға таңғалдым. Осындай құдіретті махаббатты жер бетінен сирек кездестіресіз, мұндай сезімді барша жан басынан кешіре бермейді.  Лиу көрермендердің жадында өзінің батыл да батыр әрекетімен есте қалады. Мен орындайтын барлық үш ария – өте күрделі. Біріншісі нәзік, сезімтал, мұнда ол Калафқа махаббатын білдіріп, оған деген сезімі жайлы сыр шертеді. Екінші арияда мен кейіпкерімнің жан-дүниесінде толқып, асауланған сезімдерді жеткізуім керек, себебі оның ғашығы бір көргеннен Турандоттың сұлулығына тәнті болып, одан басқа жанды көргісі де, естігісі де келмейді. Лиу бұл жайтқа көне алмайды, алайда оның жүрегі тек ханзада деп соғады. Тағдырдың жазғанымен олардың бірге болуы бұйырмаған, сондықтан Лиу Калафты құтқара отырып, өзіне қол жұмсайды. Осылайша, эмоцияға толы әрі қайратты Лиу – қарама-қарсы кейіпкер, ол – салқын қанды Турандотқа кереғар бейне. Бұл партияны орындаудың күрделілігі неде? Бір мезетте драмалық ойынды жүзеге асыру әрі вокал, техникалық күрделі сәттер жайлы ұмытпау, - деп атап өтті Майра Мұхамедқызы.

Қоюшы режиссер Давиде Ливермор «Астана Опера» театрында әлемге танымал «Опералия Пласидо Доминго 2017» вокалистер байқауында қазылар мүшесі ретінде жұмыс жасаған еді. Ол Дж.Пуччинидің «Турандот» операсын қою үшін театрдан шақырту алғанына риза болған.

- Осы жерде болғаныма әрі қос елдің мәдени көпірмен байланысқанына зор қуаныштымын. Осындай керемет театрда тағы да жұмыс жасауға мүмкіндік бергені үшін театр басшылығына алғысым шексіз. 6 жасымда алғаш рет «Турандот» операсымен бетпе-бет келдім. Әкем операның жазбасы жазылған дискті сыйға тартқан еді, сол кезде балалар хорының орындаған бөлігіне таң қалдым. Сол үзіндіні жаттап алып, өз бөлмемде жиі айтатынмын. Сондықтан, бұл опера бала кезімнен бері менімен бірге десем болады. Операда ерекше кейіпкерлер орын алған, меніңше, жер бетіндегі әрбір адам осындай ханзада болуы мүмкін, өмірінің басқа кезеңінде Пинг, Понг, Пангтың кескін-келбетін өз бойынан табуы ықтимал. Ал қазіргі таңда маған жақыны – Калаф. Ол сияқты мен де тағдырды сынап, махаббатқа сенгім келеді, - деп бөлісті Давиде Ливермор.

Керемет көрініске лайық...

Қоюшы сценографтар Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов спектакльдікөркемдікбезендірудіңқызықтытұжырымдамасынұсынды, ондастильдердіараластыраотырып, негізгі элемент ретіндеқытайсимволикасынқалдырукөзделген. Халық либретто авторыменсуреттелгендейтаңғажайыпҚытайдыкөреді, сондықтанқоюшыларүшінқиялғақанатбітіретінсәттуындайды. Алғашретәртүрлікереметәсерлержасайтын осы заманғасайтехнологияларпайдаланылмақ. Сахнаныңтаңғажайыптрансформациясы, айдаһар мен жылқылардың пайдаболуыспектакльдіңбейнелілігінарттыратүседі. 

Сценографтардың идеяларын тәжірибелі басшы Виктор Караренің жетекшілігімен көркемдік-өндірістік кешен шеберлерііске асырды.

- Алғаш рет сахнада спектакль бойы жылжытылып отыратын әрі ені  24 метр, ал биіктігі 15 метр болатын экран түріндегі алдыңғы арьер-проекцияға қосымша ретінде қызмет ететін LED-кулисалардағы бейнепроекцияны қатар қолданатын боламыз. Бірінші бөлімде көрерменді таңғалдырып, нағыз судан жаңбыр жауып өтеді. Жарық пен бейнеконтенттің керемет үйлесімі қайталанбас театрлық сиқыр тудырады. Айта кету керек, бұл қойылымда жарықтың атқаратын рөлі зор. Бұдан бөлек, жер астынан пайда болып, 3 метр биіктікке жоғарылайтын (!) бас кейіпкерді көтеруге арналған механизмдерді құрастырдық.Қалпына келтіру-ұсақ-түйек жұмыстар цехы сарайлар мен бағаналар жасау жұмыстарын аяқтауда, бутафорлар мен реквизиторлар да ауқымды жұмыс көлемін атқарды. Әр қойылым сайын біз театрдың қайталанбас тарихын жазамыз, тәжірибе жинақтаймыз, бұл бізге адам сенгісіз жобаларды ең жоғарғы деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, мұның бәрі бізге келген көрерменнің ерекше әлемге тап болғандай сезімге бөленуі үшін жасалады, - деп атап өтті Виктор Караре. 

- «Турандот» - өте бай көркемдік материал. Ең алдымен, біз барынша пайдаланғымыз келген режиссердің көзқарасына, сахнаның техникалық жабдықталуына сүйендік. Кеңістік бірде ұлан ғайыр кең, бірде шағын болып өзгереді. «Турандоттың» қойылу тарихын зерттей келе, спектакліміздің бұған дейінгі әлемдік нұсқалардың бірде-бірін қайталамайды деп нақты айта аламын. «Астана Опера» театрының қойылымы азиялық және қытайлық стильдердің жарасымды үйлесуімен бірегей болмақ, яғни сценографияда  осы екі мәдениеттің символикасы да көрініс таппақ, - деп түсінік берді қоюшы сценограф Софья Тасмағамбетова. 

Костюмдер мен декорациялардың түстер гаммасына айтарлықтай ұстамдылық тән, алайда мұның өзінде белгілі бір мән жатыр. Бұл «солғындық», керісінше, басты дүниеге – әрекетке айқын мән беруге жол ашады. Қара-ақ түстер ерекше көлеңкелік акцент тудырады. 

- Костюмдер тігу үшін біз жібек матаны, бірақ көбінесе қымбат бағалы маталардың бірі - жаккардтыпайдаландық. Бұл ретте әшекейлеу екінші орында, ал жиектеме, түймелеу тіпті бұл қойылымға тән емес. Қиындық тудырған ерекше қытайлық пішу үлгісі, мұны тігін цехының шеберлері тамаша меңгерген. Бұдан бөлек, костюмнің пішінін сақтап тұратын матаның фактурасы маңызды болатын. Бас кейіпкер Турандот үнемі халықтың көз алдында болады, яғни бұл жаңа міндет жүктейді – оның киімін ауыстыру сахнаның қақ ортасында жүзеге асырылуы тиіс. Сөйтіп, негізгі киімді әртүрлі төрт жамылғы толықтыратын болады. Ханшайымның соңғы көйлегі қызыл түсті. Біз ұзын саны 247 костюм тіктік, оған 2 мың метрден астам мата жұмсалды. Хор әртістерінің киімдерін ауыстыру нәтижесінде осындай көлемді іс жасадық, бастапқыда көріністің басынан аяғына дейін олар бір киімде болады деп жоспарланды, кейін тағы бір костюм ауыстыру есебінен оларды ұлғайтуға шешім қабылданды, - деп сөзін қорытындыларды сценограф.

Ұсақ-түйектер жайлы нақтырақ 

Бутафор цехының алдында маңызды міндет тұрды – көптеген ұсақ бөлшектер жасау, көзінің майын тауысып, министрлердің костюмдер жағасының қайырмаларына сән беріп тұратын ордендерді ойып жасау, ханзадаларға арналған медальдар құю. Айта кету керек, бұл ретте әскери тақырып арқау болған, оған дәлел – жендеттер мен қарауылшыларға арналған айбалталар, әскери семсерлер, металл мен ағаштан жасалған қысқа, салттық, имек қылыштар.Бутафорлар қарудың саптарын мұқият қайрайды, ал ұшын жасауға кәдімгі болаттың орнына алюминийді пайдаланады. Кейіннен барып осынау керемет дүние сәнделіп, былғарымен өңделеді. Бұған қоса, шеберлер би көріністерінде пайдаланылатын шыбықтағы қарлығаштарды әзірледі. Ұшу әсерін беру үшін, олардың қанаттары материалдан жасалды. 

Қолшатырлар, желпуіштер, асатаяқтарды әзірлеу технологиясы ұзақ уақытты талап етеді, олардың түстері шығыс мәдениетіне тән. Дәстүрлі қытай сабан қалпақтарын жасау да қажырлы еңбекті қажет етеді, олар папье-машеден жасалды, төбесі баумен сәнделген олардың ерекше пішіні ескерілді. Мұндай бас киімнің салмағы шамамен 400 грамды құрайды! Сауыт әзірлеу де ерекше назар аудартады, бұлардың саны 22 дана, әрбіреуіне 200 кесек былғары жұмсалады. 

Музыкалық әлем

Қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хор шебер дыбысталуы үшін бірнеше ай бойы дайындық жүргізді. Осынау операда аса маңызды рөлге ие хорға айрықша жүк артылмақ. «Астана Операның» бас хормейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов елордалық театрдың хор әртістерінің ғана шеберлігін шыңдап қоймай, Қытай ұлттық опера театры әртістерінің де өнерін ұштады.

Дж.Пуччинидің «Турандот» операсы бойынша жұмыстары 1920 жылдың жазынан бастап 1924 жылға дейін, композитордың қайтыс боларына дейін жалғасқаны белгілі. Ла Скаладағы опера премьерасы кезінде қорытынды бөлімнің ортасында кенеттен музыка тоқтап қалды: Артуро Тосканини өзінің дирижерлік таяқшасын қойып, көрермен қауымға бұрылып: «Осы жерде сұм ажал композиторды өнерден мәңгілікке ажыратты» деген. Осыған дейін жиырма жыл бұрын «Воскресение» операсымен халықаралық атаққа ие болған Пуччинидің досы Франко Альфано сазгерден қалған қорытынды дуэт жазбаларын пайдаланып, «Турандотты» соңына жеткізді. Дәл осы финал нұсқасы елордалық театр сахнасынан шырқалмақ.

«Турандот» операсы – «Астана Опера» театрының жиырма төртінші премьерасы, оны сөзсіз ғаламат туынды деуге болады. Қойылым тобының аса зор жұмысының арқасында, айрықша көріністі спектакль елорда тұрғындары мен қала қонақтарының көңілінен шығып, талғамына сай болары анық. 

А. Оралқызы