Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды

Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды
Фото: Массагет

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған дәстүрлі «Театр көктемі - 2018» атты фестивалінің ашылуына орай түстен кейін журналистерге арналған баспасөз мәжілісінен кейін, Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанаты болды.

Лента қию рәсімін КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан», «Достық»  ордендерінің, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Сәбит Оразбаев жүргізді.

Келген қонақтар Әнуарбек Молдабековтің көптеген образдар галереясына куә болды. Шын мәнінде қазақ театрының кеңестігінің өркендеткен, нағыз алтын дәуірді жасаған алтын тұлғалардың, алпысыншы жылдардағы суреттері сайрап тұрды.

Ұлттық актерлік мектептің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Абыханұлы Молдабеков 1938 жылдың 20 мамырында Алматы облысы, Іле ауданы, Комсомол ауылында дүниеге келген.

Бала кезінен өнерге бейім өскен, әнші болуды армандаған ол 1956 жылы Алматы консерваториясының актерлік бөліміне түседі, ал, 1960-1962 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияда Ә.Мәмбетов, Н.Жантөрин, тағы да басқа шеберлерден дәріс алып, оқып-бітіреді. Әнуарбек Молдабеков өнер жолын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында бастаған.

Әнуарбек Молдабеков қазақтың тарихына өзінің атын алтын әріптермен жазып кетті. Себебі оның артында, қайталанбас бейнелері қалды. Әлгі күнге дейін, көрерменнің көзайымына айналған, кинолентаға түскен ғажап бейнелері қалды. Сондықтан Әнуар есімі бүгінгі ұрпақ үшін, өнердегі адалдықтың, тазалықтың, кәсіби шеберліктің және дара тұлға болудың синонимі іспеттес.

Ұлы актердың өнерімен сабақтас, өнерді жалғаушы жас буын, қаншалықты актерлық жолда биіктерге қол жеткізді, режиссура, заманауи драматургияда қандай бағыт бағдарымыз бар, соны пайымдап, таразылап, кәсіби түрде саралау үшін осы фестиваль өткізіліп жатыр. Әрине ең басты кезекте, Әнуар Молдабековтің сомдаған бейнелері, ұлт құндылығы. Сондықтан бүгінгі шарада сол, ұлттың рухани құндылығын дәріптеу. Әнуар Молдабековтің есімін мәңгі есте сақтау – оның шығармашылық жолын жас буынға насихаттау.

Биыл театр музейінің ашылуына 50 жыл толады. Музей 1968 жылы 24 мамырда ашылған екен. Қазір музейде 300 мыңнан асқан жәдігер, экпонаттар бар.

Сондай-ақ, көрермендер мен театр ұжымының арасындағы алтын көпір - журналистерге де арнайы сыйлықтар мен алғас хаттар бар. Ол жабылу салтанаты күні табыс етілетін болады.

А. Оралқызы