Әкемтеатр алдындағы әз-Наурыз

Әкемтеатр алдындағы әз-Наурыз
Фото: www.auezov-theatre.kz

Қазақ өнерінің қара шаңырағы ұжымы үшін Наурыз мейрамын атап өтудегі игі шаралар осы айдың алғашқы күндерінен-ақ бастау алған болатын.
3 наурыз күні, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының алаңында театр ұжымының және Алматы қаласындағы театрлардың, өнер ұжымдарының, «Қазақфильм» АҚ қатысуымен «Наурыз, қош келдің!» атты 500 адам қатысқан флэшмоб өткен болатын.

Бүгін, Әуезов театрының ұжымы Әз-Наурызды тойлауды жалғастырып,  жиналған қауымға концерт ұсынды.
«Елордадан Алатауға сәлем» атты  гастрольдік сапармен  Алматыға келген «Астана мюзикл» театрының жастары да мерекелік бағдарламаға өз үлестерін қосып,  өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ, қазақтың ырымы, ежелгі ғұрпы бойынша «тұсаукесер» рәсімі жасалып, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров  қос құлынның тұсауын кесіп, бата берді.

Жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз-Наурыз баршамызға құтты болсын!

А. Оралқызы