Массагет тілшілері театрдағы қай қойылымды жақсы көреді?

Массагет тілшілері театрдағы қай қойылымды жақсы көреді?
Фото: massaget.kz

Театр – кез келгеннің тісі бата бермейтін қасиетті өнер ордасы. Жан дүниенің байлығына инвестиция құятын бірден-бір жер. Ал Массагет тілшілері театрға қаншалықты жақын екен? Оны мына сауалнама арқылы анықтауға тырыстық.

1. Театрға жылына неше рет барасыз?
2. Ең алғаш көрген қойылымыңыз?
3. Бүкіл театр тарихындағы сүйікті спектакліңіз?

Ернар Алмабек:
1. Театрға бармағаныма бір жылдан асыпты. Мектеп кезінде, кейін студент болғанда да жиі баратын едім. Оқу бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін театрға баруым азайып, былтыр мүлде бармаған екенмін.
2. Есте қалғаны – "Мөлдір махаббат". Театрға алғаш рет 6-сыныпта бардым. Мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі жылына 2-3 рет апарып тұратын.
3. "Мәңгілік бала бейне", "Қожанасыр тірі екен...", "Қызыл орамалды шынарым" деген секілді қойылымдарды екі-үш рет барып көргенім болмаса, "Дәл мына қойылым – менің сүйікті қойылымым" деп айта алмаймын.

Айымгүл Галиева:
1. Қазақ өнерінің қара шаңырағы Әкемтеатрға күнара барамын. “Театр киімілгіштен басталады” дегендей табалдырықтан аттағаннан өне бойыңды билеп алатын атмосферасы үшін жиі...
2. Ең алғаш алып шаһар Алматыға келген жылы классик Шекспирдің “Гамлет” қойылымын көруге бардым. Жалпы пьесаның өзі – менің сүйікті шығармаларымның бірі. Не себепті екенін айтсам, ұзаққа кетем.
3. Әр қойылымның өз маңызы, мәні, тереңдігі мен көркемдік ерекшелігі бар. Көп жағдайда өзім актер Дулыға, Бекжан ағалар ойнайтын қойылымдарды бағалаймын. Десе де, қойылымның біртұтас туынды болып шығуына режиссер, сценограф, костюмер жұмыстары мен құрамға енген актерлердің өзара үйлесімділігі маңызды рөл ойнайды. Осы орайда, күні кеше ғана премьерасы өткен «Жүрегімнің иесі» қойылымы бірінші орынға шығып кетті. Тек негізгі құрамның орындауындағы нұсқасы ғана.

Өмірбек Сансызбай:
1. Студент кезімде театрға жиі баратынмын. Қазір де барып тұрамын. Тек көп емес. Көп қойылымға барып, тамашалап қойғанмын. Шынымды айтсам, бір қойылым көңілімнен шықпай, театрға баруым сиреп кеткен-ді. Соңғы уақытта театрға барып көрмеген достарыммен ең қызықты қойылымдарға баруды жоспарлап жүрмін.
2. Ең алғаш театрға мектеп кезінде барғанмын. Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры еді. Қандай қойылым екені есімде қалмады. Тек кей сюжеттері ғана жадымда жатталып қалыпты.
3. Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бір қойылымды екіншісінен бөле жаруға қимайтындаймын. Сүйікті демесем де, ерекше әсер еткен қойылымдардың бірі, ол – «Тендерге түскен келіншек» пен «Қызыл орамалды Шынарым».

Ербол Молдажанов:
1. Театрға жылына 7-8 рет барамын. Бірақ, осы жылы бұл санды екі-үш есеге көбейту жоспарда бар.
2. Ең алғаш көрген қойылымды есіме әрең түсірдім:) Талғат Теменовтің «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымы. Қаз ҰУ-да 1-курс оқып жүрген кезімде премьерасына барғанмын.
3. Театр тарихындағы сүйікті қойылымымды мен әлі көрген жоқпын. Оны қашан көретінімді уақыт біледі. Әйтеуір, алдағы күннің еншісінде екеніне сенемін. Ал әзірге ерекше әсер еткен қойылым ретінде Асқар Сүлейменовтің прозалық циклі бойынша қойылған «Адасқақ» спектаклін айтар едім.

Гүлжанар Берік:
1. Театрға жылына 5-6 рет барамын. Алдын ала театрдың афишасын қарап, «барамын» деген қойылымдарды таңдаймын. Барлық қойылым ұнай бермейді. Егер «осыған барамын» деп шешсем, қандай актерлер ойнайтынын біліп аламын. Сирек баруыма уақыттың жетіспеушілігі, тығыздығы себеп.
2. Ең алғаш рет «Сыған серенадасын» көргенмін. Бекжан Тұрыс Шәмшіні сомдады. Сол бейнесі әлі көз алдымда. Әсер еткені соншалық – достарыма осы қойылымды көруге кеңес беретін болдым. Әннің, Шәмшінің құдіреті болса керек.
3. Мен көрген қойылымдардың ішіндегі жанымда мәңгі сақталатыны – «Бір түп алма ағашы». Отбасы құндылығы, сыйластық, бауырлар арасындағы қарым-қатынас, үлкеннің кішіні аяуы, кішінің үлкенді сыйлауы, ата-ананың қадірі... Махаббат туралы емес, отбасы – ошақ қасы туралы қойылымның таңдамалылар қатарының шыңына қойғаным үшін өзіме таңғаламын. Мүмкін, романтикалық адамға әсер ететін махаббат қойылымын әлі көрмей жүрген болармын.

Марғұлан Ақан:
1. Соңғы рет тетатрға осыдан 3 жыл бұрын бардым. Театрға бармай кетуіме себеп: есейіп уақыт таппай кеткенім болар немесе қоғамның ағысына ілесіп басқа бір жолға бағыт алғаным да шығар.
2. «Ақын... періште... махаббат...». Бұл қойылымға 10-сынып кезінде бардым. Алғаш театрға барған кезім сол екен. Сол кезден бастап үзбей барып тұрдым. Маған театр ерекше әсер қалдырды және өзіне тартып тұрды десем артық айтқаным емес.
3. «Қызыл орамалды шынарым». Бұл көптеген адамның көңілінен шыққан қойылым деп айта аламын. Сюжеттің ауырлығы, күнделікті тұрмыс және соғыс жылдардындағы кезеңдерді алып шыққан актерлер мен актрисалар өз жұмыстарын өте шебер орындады. Жалпы бұл қойылым адамның іші-бауырына кіріп, жүрек қылын қозғап жібереді. Сондықтан болар тағы бар десе баруға дайынмын. Бұл қойылымды 10-20 рет көрген достарым бар. Ендеше қойылым адамды шаршатпайды деген сөз.

Әсел Асанова:
1. Театрға жылына 6-7 рет барамын. Қол бос күндері бұрын көрген қойылымдарың болып, көргің келетін қойылымдарың болатын күні басқа жоспарлармен қабат келіп қалатындықтан, өте жиі бара алмаймын.
2. Ең алғаш 7-сыныпта «Бір түп алма ағашы» қойылымын көріп, егіліп жылағаным есімде. Қазір көп жерін ұмытып қалған сияқтымын. Соңында баласы алма ағашына асылып қалатыны жадымнан кетпейді.
3. «Қызыл орамалды шынарым». Ішінде Әсел деген кейіпкері бар шығарма деп іздеп жүргенімде, 9-сыныпта кітаптан оқып, кейін қойылымын көруге асық болдым. Әселдің табиғаты өзіме келетіндей. Интернеттен 6-7 рет көріп, повесін де сонша мәрте қайталап оқыдым. Кеше алғаш рет театрдан өз көзіммен көру бақыты бұйырды. Әр сөзін жатқа біліп, Ақбота Қаймақбаеваның ойынын Аида Жантілеуовамен салыстырумен болдым. Ол да ұнады. Әр көрген  сайын жаңаша ой салады.

Жандарбек Жұмағұлов:
1. Театрға жиі баратын жандарға қатты қызығамын. Адамдар өзіне сондай "аура" жасап алатын шығар деп ойлаймын. Ол – жақсы. "Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер" деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, театрға бара білу де өнер, үлкен мәдениет. Өзім театрға жиі бармаймын. Барсам, жылына 1-2 рет баратын шығармын.
2. Ең алғаш театрға барған кезім есімде. Бүкіл факультет шулап, «Қызыл орамалды шынарым» болады екен, бару керек» деп жүрді. Қызы да, ұлы да жарыса айтты. Содан не керек, жұрттың аузының суы құрып айтқан қойылымға бардық. Өте қатты әсерленіп қайттым. Бір жаман (бәлкім жақсы) әдетім бар. Мен бір қойылымды екінші рет көрмеймін. Қойылымдағы басты кейіпкерлер жиі ауысып жатады кейде. Бір қабылдаған кейіпкерімді ғана көргім келеді. Кей жағдайда, сағынып барған кезде басқа кейіпкер ойнайды. Мәселен, «Қызыл орамалды шынарым» дегенде актриса Аида Жантілеуова елестейді. Басқаларын қабылдай алмаймын. Бұл актрисалар нашар деген сөз емес.
3. Сүйікті қойылымым да осы қойылым шығар. Аида қазір көрінбейді. Соған қарағанда декретте сияқты (күлдім). Егер театрға қайта оралып, сол рөлін қайта ойнаса, тағы барар едім...

Томирис Есқали:
1. Әр жылы әр түрлі. Жағдайға, уақытқа байланысты кем дегенде жылына 2 рет барамын.
2. Алғаш көрген қойылымның атауы есімде жоқ. Бірақ, сюжеті жадымда. Тіпті, билеген би қойылымы да есімде. Бір үйдің жалғыз баласы шетелге оқып келіп, ата-анасынан безіп өзге дінді қабылдап, солардың артынан еріп кетеді. Жалғыз баладан айырылған ана құсадан қаза табады. Ал, әкесі баласын елге қайтарудың жолын іздейді. Ақыры баланы елге әкеліп, абақтыға жабады. Бірнеше жыл абақтыда отырған балаға ес кіре бастайды. Кейін әкенің алдына тізерлеп, кешірім сұрайды. Осылайша оқиға аяқталады. Бірақ, көп ой салады. Сондықтан, ерекше болды-ау...
3. Өте ұнаған қойылым – «Жүз жылдық махаббат» атты Дулат Исабековтің туындысы. Мағжан Жұмабаевтың өмірінен сыр шертететін аталған қойылымнан алған әсеріммен ұзақ уақыт жүрген едім.

Аслан Қажиев:
1. Жылына 3-4 рет барамын.
2. «Ақтастағы Ахико». Бұл қойылым мен ең алғаш көрген театр туындысы.
3. «Ақтастағы Ахико». Ең алғашқы әсер бәрібір есте сақталып қалады және ол менің театр әлеміне қызығушылығымды арттырған бірден-бір туынды. Мен ол туындыны көргенде оның мазмұнына аса көңіл бөлген жоқпын. Алғашқы 10 минут өткеннен кейін сахна адамдарының мәдениетіне, дауыс ырғақтарына, сөйлеу мәнерлеріне және актерлік шеберлікпен орындаған әр іс-қимылдарына махаббатпен қарап отырдым.

@. @assel_assanova