Әкем-театры Әзірбайжан Мәмбетов рухына тағзым етті

Әкем-театры Әзірбайжан Мәмбетов рухына тағзым етті
Фото: www.auezov-theatre.kz

Әуезов театрының абырой-беделін көтеріп, әкем-театры дейтін деңгейге жеткізген біртуар, бірегей тұлға, Қазақстанның халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов тірі болғанда 85 жасқа толар еді.

Театр өнерінде құстың қос қанатындай болып, ұлт руханиятын зау көкке самғатқан Әзірбайжан аға мен Ғазиза апайдың қатар жатқан қабірінің басында шәкірті ғана емес, Әз ағаның інісіне айналған, бұл күнде Алты Алаштың ірісіне айналған Асанәлі Әшімов тебіреніп сөз сөйледі: «Әзірбайжан Мәдиұлы мен Ғазиза Жұбанова сияқты ұлы тұлғалар туралы ұлағатты сөз айту үшін, еске алып, есті әңгіме айту үшін адам жан-дүниесімен тазарып келу керек. Мен де бүгін сол құрметке лайық тағзым жасау үшін тазарып келіп отырмын» - деді Асанәлі Әшімов. Ойландық. Тебірендік. Арқамыз шымырлады... Сәлден кейін театр директоры Ерлан Біләлге бұрылып: «Абайдың монологын оқышы» -деп күрсінді.

Кеше ғана театр маусымашарында Абайдың ролін сомдаған Е.Біләл іркілместен, адамзаттың ақыл-ойына айналған Абайдың монологын мөлдіретті, мөлтілдетті. Тебіреніп тұрған жұрттың жүрегін елжіретті.

Біз, бақидың жолына бағыт бұрған ұлы тұлғалармен, тіршілік діңгегінің түбін нықтаған ұлы тұлғалардың арасындағы әңгіме осындай  ұлағатты да ұлы жүрекпен жалғасатындығын, өзара сырласатындығын сезіндік. Иә, олар осылай сөйлеседі екен...  Асанәлі аға соны сезіндірді, Е.Біләл соны ұғындырды.

Бүкіл ғұмырын ұлт руханиятына арнаған ұлыларымызға осылай тағзым жасап қайттық.

Содан соң, театр сахнасындағы талай ұлы шығармалардың тууына себепкер болған Әз аға мен Ғазиза апайдың құтханасына арнайы ат басын бұрдық. Қазір ол –  құтхана жәй үй емес, Ахмет Жұбанов сияқты алыптың, Әз аға мен Ғазиза апай сынды қазынаның бүкіл мұрасы жиналған музейге айналған. Ұлылардың ұрпақтары ұядай жылы көңілмен қарсы алып, қасиетті орданың қазынасымен қауыштырды. Тағдыры тағылымға толы тұлғалардың өмірімен таныстырды.

Әз ағаның көзін көрген театрымыздың ардақты ағалары мен аяулы апалары кешегі қайталанбас бақытты шағына оралып қайтты. Ал, қалған жастар қайталанбас хас тұлғалардың қажырлы еңбегіне сүйсініп, ойланып қайтты.

«Ұлт болып ұйысу жолында ұлыларыңды ұлықта, ұлылыққа бастар ұлағатыңды ешқашан ұмытпа!» - деген рухты сөз жүрек тұсында шырылдап шырқап тұрды.

М. Ақан