Нышаны асқақ рухтың - "Нартәуекел"

Нышаны асқақ рухтың - "Нартәуекел"
Фото: автор

Астана қалалық Жастар Театры сахнасында айбыны дара, «Азаттықтың азапты жолын» сөз еткен сүбелі спектакль дүние есігін ашты. Бұл қойылым – әдебиетіміздің әулиесі саналатын әйгілі халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастанын «Нартәуекел» атымен көрермен қауымға ұсынған театр ұжымының тағылымды тарихымызға деген тағзымы! Қойылым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай. 

Бұл шығарма – жанрлық жағынан алып қарасақ та, драматургиялық құрылым қырынан зерделесек те күрделі де көркем туынды. Әбіш Кекілбаев секілді сөзі ірі, ойға артар жүгі ауыр алпауыт дарынның арынды асау дариядай арқалы туындысын сахна төрінен сөйлетуге кімде-кімнің батылы бармасы анық. Әбіш Кекілбаевты сахнадан сөйлетпек түгілі, қарапайым отырып оқудың өзі орасан зор өре күшін қажет етеді. Ақ өлеңмен арқырай төгілген сарқыраманың қуатындай құдіретті тексттерді тізгіндеу аса зор актерлік кең тыныстылықты талап ететінін бәріміз білеміз. Әбіш мектебі – әлемі бөлек мектеп.

Жастар Театрының жалынды да жаужүрек ұжымы Тәуелсіздік тойына талғамы терең, салмағы сара сый жасады. Елінің тағдыры мен болашағына алаңдаған, еңселі егемендігін армандаған, бекем бірлігін ойлап, берекелі билігімен дүйім қазаққа мәшһүр болған мерейі биік тарихи тұлғаны сахналауда кәсіби сауаттылықтарын сарқа жұмсаған театр ұжымының ұрпақ алдындағы ұлағатты ұстанымы, перзенттік пейілдері атқан таңдай арайланып, шұғалы ойдың шуағын шашқандай. 

Ел билеудің ерен еңбек екендігін, үлкен сын екендігін, ол сынды ердің ері көтеретіндігін сомдаған сахнагерлер автор жүктеген парасатты пайымнан шабыт алып, Абылайдай Бабамыздың алып тұлғасына деген құрметтерін паш еткен атаулы қойылымдарында Тәуелсіздіктің оңымыздан оңай туа қоймаған Елдігіміздің Темірқазығы екендігін астарлап түйіндейді. 

Көркем образдар. Киелі спектакль. Көңіліңізге керемет күй ғарыштан кеп құйылғандай әсер қалдырады. Мәңгілік Елдіктің мәні жайлы толғансаңыз, осы спектакльмен достасыңыз. Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық ұстанымынан бастау алған бұл туындының азаматтық-философиялық маңыздылығын көкірегінде көзі бар кез-келген «Мен – Қазақпын!» дейтін ойлы көрермен көңіліне берік ұялатуы тиіс. Отаншылдық асқақ үн, салиқалы эпикалық сарын бар спектакльде. «Біз – бақытты ұрпақпыз. Бақытымыз боп бұйырған Азаттықтың аспанында еркін қанат қаққан қасиетті ұрпақпыз. Біз – Ұлы Дала ұрпағымыз!» деп ұрандайды қойылым. Рас. Рухы Асқақ риясыз спектакль осындай болса керек. «Бақыттың кілті – бірлікте, ынтымақта» деп ұқтырады ол бізге. Біз бақытымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе? Сол туралы ойланып көрдік пе? 

Спектакль – сауатты да сауапты спектакль! Сауатты деуіміздің себебі – режиссурадағы, актерлік ансамбльдегі, сценографиялық сәндеудегі, әуендік әрлеудегі жаңалықтар жетіп артылады. Сауапты деуіміздің себебі – Баһадүр Бабаның рухын ардақтағаны, ұлттың біртұтастығы турасында ұран тастағаны, асыл мұрат жолындағы адалдықты ту еткені, нартәуекел ерліктің даңқын асқақтатқаны.

Қоюшы режиссёр Нұрқанат Жақыпбай – өзіне ғана тән бағыты бар екендігін дүйім елге дәйім уақыт дәлелдеп келе жатқан дарыны дара суреткер. Театр Тарланының қай қойылымын еске алсақ та, оның өзгеге ұқсағысы келмейтін өзіндік қолтаңбасымен оқшауланатынын танып-түсіну ойлы маман үшін орасан қиындық туғызбайтыны белгілі. Спектакль құрауда көпірме көбік сөзден гөрі, көрікті әрекет пен мазмұнды мизансценаға басымдық беретін білгір режиссердің «Режиссер, ең алдымен, спектакльді ести білуі тиіс» дейтін В.Мейерхольдтың тұжырымымен үндесетін талғамы тамсануға тұрарлық. Ол – шынымен, ең алдымен, спектакльді ести білуімен, әр сахнаның әлді де әсерлі болуына жол ашатын жоғары сапалы музыканы дұрыс таңдауда бірден-бір көрегендігімен, сезім тактысының тамырын тап басатын тапқырлығымен ерекшеленетін құлағының құдіреті бар қайраткер. Режиссердің спектакльдері көзіңді жұмып көруге болатын нәзік күшке ие. «Соқыр көзден жас шығаратын» суреткердің кезекті кесек туындысы – осы «Нартәуекел» қойылымы. 

«Нартәуекел!» деп наркескен намыстарын жаныған Жастар Театры «құласақ, нардан құлайық» дегендей! Алайда, олар осы спектакльді сахналау сынында құлаған жоқ! Қайта, қайсарлана түскендей! Қоюшы суретші Ерлан Тұяқов, Хормейстерлер Гүлмира Құттыбадамова мен Аида Бейсенова, Хореграф Шырын Мұстафина секілді майталман мамандар тарихи қойылым жанрының тазалығын ақтауға күш жұмылдырып, қоюшы-режиссермен бірге жұмыс жасауда шығармашылық үйлесімділіктің биік үдесінен шыға білген. 

Абылай хан рөліндегі актер Әділ Ахметовтің (Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты) анық дауысы, өлең жолдарын жеткізудегі өткірлігі көрермен көкірегіндегі өршіл рухты оятқандай. Актер өз кейіпкерінің баһадүрлігін ғана емес, мемлекеттік масштабта, стратегиялық салмақта ойлана білетін ақыл-парасаттылығын да терең аша түскен. Батырдың Сабалақ-Әбілмансұр танылған жас кезін кейіптеген актер Шыңғыс Жақыпбайдың жарқын үнінде «жетім болсам да жасымаймын!» деген жігерлі жаңғырық бар. Өз кейіпкерлерінің көкейкесті мақсаттарын терең түйсікпен түсіне білген актерлер бар мақсаттарын асқақ арман мен ұлттық ұлы мұрат жолына бағындырған баһадүр бабаның бейнесін бекем сомдаған. Кейуана (Бұхар), Диуана (Ораз Аталық) секілді кейіпкерлерді кескіндеген актерлер Бахыт Хаджыбаев пен Жандәулет Батайдың арасындағы сахналық тартыс та табысты өрілген. Қалдан Шері кейпіндегі Бекболат Құрманғожаев пен Әбілмәмбет кейпіндегі Ғани Құлжанов актерлік шеберліктің шырқау шыңы саналатын «кейіпкермәнділік» дәрежесіне көтеріле білген десек артық айтқандық емес (екі актер де «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегерлері). Дәулетбай рөліндегі Мұхтархан Манаптың да (Қазақстанның еңбек сіңірген артисі) білікті маман екендігін мойындадық. Лама Доржы және 1-ші ақ киімді адам, Ойрат елшісі рөлдерін ойлы орындауда Данияр Оразаев оза шауып өнер көрсетсе, Сыбан Доржы және 2-ші ақ киімді адам, Едіге шонжар рөлдерінің реңін ашуда Елдос Шәйкенов алдына жан салмады. Әмірсана рөліндегі Мейірғат Амангелдин образ жасауда таудай табандылық танытты. Дауашы рөліндегі Азамат Эсқұловтың, Қалдан Шерінің қызы Топыштың ересек шағын кейіптеген актрисалар Айнұр Рахипова, Айман Есенқызы еңбектерін де ерекше биік бағалаймыз. Қалдан Шерінің қызы Топыштың жас кезін келісті кескіндеген Шехназ Қазыханова, Ғазиза Мұқанның және де Қалдан Шерінің кіші әйелі Күлпәштің рөліндегі Назерке Серікболова, Құндыз Қанғожинаның жұмыстары да жемісті. Қазақ батыры Қабанбай мен Ойрат батыры Шарыш рөлдерін сомдауда Бекжан Керімбаевтың, Қазақ шонжары Тұрсынбай батыр мен Қоқан елшісі рөлдерін сомдауда Асланбек Жанұзақовтың, Қазақ сұлтаны мен 1-шабарман рөлдерін кескіндеуде Әбутәліп Әміренің, Ботахан сұлтан рөлін сомдауда Нұрлыбек Төлегеннің, Жақай сұлтан рөлін сомдауда Ербол Тілеукеновтің, Ресей елшісі мен қырғыз елшісі рөлдерін кескіндеуде Нұрбек Әлібектің, Қытай елшісі рөлін бейнелеуде Айсұлтан Жәлиевтің, Жасауыл мен 2-шабарман рөлдерін бейнелеуде Шерхан Талғатұлының актерлік қабілет-қарымдары айрықша жарқырай көрінді. Қазақ театр сынының сайыпқыраны, ұлағатты ұстаз Әшірбек Сығай: «...Үлкен өнер жасау үшін көтеріңкі көңіл-күй, биік сезім, таза жүрек керек. Әнің, үнің, сөзің, сезімің, сәнің, салтанатың, бір арнада тоғысып, белгілі нүктеде табысқан шабытты шақта ғана сіз мамандық сырын меңгерген жеңімпаз, жасампаз өнер иесі атанбақсыз» деп өсиет еткендей, театр актерлері өнегелі өнерлерімен көрермен көңілдерін шын тебірентті. 

Театр әлемінде төңкеріс жасаған танымал режиссер Питер Брук: «Режиссер жұмысының бір бөлігі – автордың айтпағына қанып, әдеби нұсқаны сахна тіліне аудару. «Режиссер – текстің құлы» дейді. Жауыр болған бұл теріс пікір алғашында дұрыс болып көрінер. Режиссер – авторлық ойдың құлы. Ал, бұл дегеніңіз тіптен бөлек» дейді. «Нартәуекел» спектаклінен байқағанымыз – режиссер автордың айтпағын актерлерге ашып түсіндіріп, межелі мақсатқа жете білген. «Тілдің тазалығы, өткірлігі үшін күрес – мәдениет құралы үшін күрес. Бұл құрал неғұрлым өткір болса, соғұрлым дәл бағдарланып, жеңімпаздық мағынаға ие болады» деп орыстың ұлы классик жазушысы М.Горький тұжырымдағандай, артистер автор ойын көрерменге ұғынықты қабылдатуда дикциялық дәлдіктерін дұрыс пайдалана алған деуге болады. Актер шеберлігі мектебінің күрделі тетігі саналатын «екінші планмен» ойнау теориясын ескергендіктерінен ерекше табысты еңбекке қол созған. Поэтикалық қойылымдардың сөздің құлаққа симфониялық оркестр ойнаған музыкадай естілуін, әсер етуін талап ететінін терең түйсіне білген артистер сахна тілі мектебіндегі «қисынды перспектива һәм біртұтастылық» теориясының ұтымды кеңестерін ұмытпаған. Театр режиссурасы мектебіндегі ұлағатты ұстаз И.М.Туманов «Қойылымдарыңда қандай техникалық жетістіктерді қолдансаңдар да, басты кейіпкер актер екендігін ұмытпаңдар. Оның еңбегі мен орынын ештеңе ауыстыра алмайды. Театр сонысымен мәңгілік. Режиссердің барлық ойлап тапқан эффектілері қойылымның түпкі мақсатына жету үшін арпалысып жүрген актерлерге қызмет етуі керек. Ол режиссердің көркемдік шешімін іске асырудағы көп тәсілінің бірі ғана» деп түсіндіргеніндей, бұл спектакльдегі барлық режиссерлік шешімдер актерлер ізденісіне дем беріп, қойылымның түпкі мақсатын, нақты тақырыбын дөп тауып, спектакль стиліне сай ұтымды қолданылған. 

Театрдағы қойылымның көркемдік тұтастығы ұжымдағы еңбек етуші әр адамның белгілі ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүдделі болып, ұйымшылдықпен ізденулеріне тікелей байланысты екенін бәріміз түсінеміз. «Нартәуекел» спектаклінің зор жетістікке жетуінің басты себебі режиссер мен директордан бастап, бүтіндей шығармашылық ұжымның ой-арманының бір болуында, этикалық һәм эстетикалық көзқарастарының ортақ мұраттастықтарында деп білеміз. Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай мен театр директоры Ернар Жұматаевтың «Театр – шығармашылық биік мақсаттарды жүзеге асыратын мұраттас мамандардың киелі орыны, қасиетті ордасы» деген ғибратты ойлары көңіл қуантады. Директор Ернар Жұматаев өз ісінің дарынды маманы екендігін алғашқы аяқ алысынан-ақ анық аңғартты. Театрды теориялық тұрғыдан ғана емес, нақты іс жүзінде терең түсінетіндігін дәлелдеді. Мұның бір сыры Ернар мырзаның Нұрқанат Жақыпбайдай дара тұлғаның дәрістерін тыңдап, сахна саңлағының шеберханасында тәлім алып, тәрбиеленуінде жатса керек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Ұстамды басшы, талапты ұйымдастырушы деген асыл қасиеттер бір бойында үйлесім тапқан театр директорының кішіпейілдігі мен өз кәсібіне деген адалдығы – өскелең жас ұрпаққа өрелі өнеге болмақ. 

Абылай Бабамыздың Асқақ Рухы Астана қалалық Жастар Театры сахнасының төрінде жаңғырды. Ата-бабаларымыз ұлы мұраттар мен құндылықтарды, ел мен жерді, тіл мен ділді, дәстүр мен салтты, әдеби мұраларымыз бен мәдени жәдігерлерімізді бізге аманат еткен ғой. Аманатты ардақтаудың айбынды нышаны – «Нәртәуекел» қойылымының сәтті сахналануы. «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету! Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Өз Жолдауында айқын атап көрсеткеніндей, өнегелі өнер жолындағы өрелі азаматтар ретінде Жастар Театрының жарқын жолдауды қуаттайтын қадамы Қазақ Елін рухани бай қазынасымен қауыштырды. Астана қалалық Жастары Театры – өнер жолында өз имиджін қалыптастырып үлгерген, ұстанған бағыты бекем театр. Талантты да талапты театр ұжымы жас ұрпақты отансүйгіштік, ұлтжандылық, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеп, қазақ мәдени өмірінің дамуына әрқашан үлкен үлестерін қосып келе жатыр деп мақтанышпен айтуға толық негіз бар. 

Балтабек Нұрғалиев

Н. Айдархан