Қыс кезіндегі жалынды танго

Қыс кезіндегі жалынды танго
Фото: Karla Nur

Жер бетіндегі ең тамаша сезімге арналған классикалық және қазіргі заманғы туындылар астаналық меломандарға ұсынылады. 13 желтоқсанда «Астана Опера» театрының Камералық залында «Қысқы махаббат сезімі» атты концерті өтеді.

Кеште «Астана Опера» театры Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, халықаралық байқаулардың лауреаттары, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаттары – Ермек Құрманаев (виолончель) және Гауһар Тасбергенова (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаты, театрдың Симфониялық оркестрінің музыканты Александр Тараскин (флейта) тыңдарманды өз өнерімен қуантады.

Концерт бағдарламасында – С. Рахманиновтың №1 соль минор «Элегиялық үштігі». Атақты композитордың ерте кезеңдегі шығармашылығына жататын бұл туынды, мазмұны жағынан ерекше мәнерлілік, шынайылық пен еркіндікті сипаттайды. Сонымен қатар, ХХ ғасырдағы флейта репертуарынан орындалатын жарқын туындылар: Ф.Пуленктың флейта мен фортепианоға арналған сонатасы, Ж. Массненің «Таис» операсынан «Ой-толғауы», көрнекті балерина М.Плисецкаяға арналған Р.Щедриннің «Альбениске еліктеу» пьесасы, сондай-ақ Д.Шостаковичтің виолончельге арналған сонатасынан тапқыр скерцосы.

Жалынды танго – аргентиналық музыканың жүрегі. Көпшілікке А.Пьяццолланың танымал «Обливион» және «Либертанго» композициялары орындалады. Танымал би «тангоның ұлы жаңартушысының» шығармашылығында биік өнер деңгейіне көтерілді. 

Г. Берік