Алматыда ІI Дүниежүзілік «Almaty Puppet Carnival-2012» қуыршақ карнавалы өтеді

Алматыда ІI Дүниежүзілік «Almaty Puppet Carnival-2012» қуыршақ карнавалы өтеді

Алматы қаласында «Мәдениет жылы» аясында шаһар басшылығының қолдауымен ІI Дүниежүзілік «Almaty Puppet Carnival-2012» қуыршақ карнавалы өтеді.

Қыркүйек айының 23-30 аралығында өтетін мәдени шараға Румыния, Франция, Түркия, Индонезия, Израиль, Ресей, Украина, Литва, АҚШ, Ұлыбритания, Мексика, Иран, Перу, Португалия, Германия, Словения, Белоруссия, Ис­пания, Жапония т.с.с әлемнің 30 елінен келген қуыршақ өнерінің майталмандары қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биылғы карнавал 2011 жылы өткен алғашқы карнавалмен салыстырғанда ауқымдырақ. Биылғы карнавалға қатысушы қуыршақ театрларының саны көп, әділ-қазылар алқасы да өзгерген. Сондай-ақ, бір апта уақыт аралығында Алматы қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтары отыздан астам қуыршақтардың қатысуымен сахна және көше қойылымдарын тамашалай алады.

Карнавалға қатысушы театрлардың барлығы халықаралық фестивальдердің жүлдегерлері екен. Бас-аяғы отыз елден келген 32 театр өз өнерлерін ортаға сала отырып, қуыршақ өнерінің көпшілік білмейтін қыр-сырын, жанрлардың әр алуандығын, заманауи бағыт-бағдарын көрсететін болады.

Карнавал аясында көрсетілетін қойылымдардың барлығы балалар мен үлкендерге арналған. Қойылымдар Тұңғыш Президент Саябағында, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірім театрында, 28 Панфиловшылар саябағында, «АРТиШОК» театрында т.с.с. қаланың өзге аудандарында көрсетілетін болады. Сондай-ақ, сахна және көше қойылымдарымен қатар, әр елдегі қуыршақ өнерінің тарихы мен дамуы жайлы деректі фильмдер көрсетілетін болады.

Карнавалдың ашылу және жабылу күндерінде қатысушы театр ұжымдары өз өнерлерін көрсетіп, көшеде қуыршақтар шеруін өткізеді. Ал соңғы күні әділ-қазылар қатысушыларды марапаттап, үздік деп танылған қуыршақ театрының ұжымына бас жүлдені табыстайтын болады. Естеріңізге салар болсақ, 2011 жылы өткен алғашқы карнавалда бас жүлдені «Қыл­мыс пен жаза» спектаклімен Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген театр ұжы­мы қанжығасына байлаған еді.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Басты сурет пен карнавал бағдарламасы almatykuni.kz сайтынан алынған


Ғ. Ұзақ