Моцарт шығармалары – «Астана Операда»

Моцарт шығармалары – «Астана Операда»
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

«Форте-трио» ұжымының шебер музыканттары «Астана Опера» театрының Камералық залында «Камералық музыканың алтын беттері» концертін ұсынады.

Халықаралық байқаулардың жеңімпаздары – Қазақстанның мемлекеттік симфониялық оркестрі мен «Қазақстан камератасы» мемлекеттік камералық оркестрінің бірінші срипкасы Еркебұлан Сапарбаев, виолончельші Мұрат Нарбеков және ұжымның көркемдік жетекшісі, белгілі пианиношы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев 27 қыркүйек күні талғамы жоғары көрермен үшін өнер көрсетеді.

– «Камералық музыканың алтын беттері» атты концерті, әртүрлі камералық музыка орындалатын кезеңді бастайды деп жоспарлап отырмыз. Бағдарламамызды трионың классикалық құрамымен және әртүрлі аспаптар мен әншілер ансамблі ретінде де ұсынғымыз келеді, – дейді Тимур Урманчеев.

«Камералық музыканың алтын беттері» концертінде трио құрамы үшін жазылған ең таңдаулы шығармалар орындалады. Көрермен назарына В.А.Моцарттың К.496 соль мажор триосы ұсынылады. Ұлы композитордың ерекшелігі, өз кезеңіндегі музыканың барлық түрлерімен жұмыс жасап, барлығында айтарлықтай жетістікке жеткендігінде екені белгілі. В.А.Моцарттың өзі атап өткендей, камералық жанр композитордың жанын ерекше тебіренткен.

– Оның шығармашылығының ең сүйікті әрі ең құнды бөлігі – камералық музыкасы, біз осы концертте орындайтын Соль мажор триосы ең таңдаулы туындыларының ішінен ойып тұрып орын алады, – дейді ұжымның көркемдік жетекшісі.

Концерт бағдарламасы кең тараған әрі белгілі Ф.Мендельсонның №1 ре минор триосымен жалғасады. Одан әрі – С.Рахманиновтың жас кезінде жазған №1 соль минор элегиялық триосы.

«Форте-трио» ұжымы 2011 жылы құрылғандығын естеріңізге саламыз. 2016 жылы «Форте-трио» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік триосы мәртебесін иеленді.

– Біз үшін бұл үлкен құрмет, өйткені бұл мәртебе біздің шығармашылық жетістіктеріміздің деңгейі мен орындаушылық дәрежемізден хабар береді. Халықаралық сахналар мен әйгілі залдарда Қазақстанның өнерін паш етеміз, бұл бір жағынан үлкен жауапкершілікті жүктейді, – дейді Тимур Урманчеев.

Аталған трионың тағы бір жаңалығы бар. Биылғы жылы ұжымның құрамына жаңадан жас виолончельші Мұрат Нарбеков кірді.

Әртістердің таяудағы жоспары – Италияға гастрольдік сапар жасау.

Г. Берік