Махаббатты жырға бөлесек...

Махаббатты жырға бөлесек...
Фото: Karla Nur

«Астана Опера» театрының жетекші солистері — Башқұртстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова (сопрано) мен халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Бәйнешовтің (тенор) қатысуымен асқақ сезімге арналған концерт ұсынылады. «Махаббатты мадақтау» 28 мамырда Камералық залда өтеді.

– Әйел, ана, Отан, туған жерге деген тамаша сезімге – махаббатқа талай ақын, суретші, мүсінші өз туындысын арнаған. Махаббат – әлемдік мәдениет пен өнердің ең басты тақырыптарының бірі. Ол туралы ойлар ежелгі философиялық жүйелер мен әдеби ескерткіштерден бастау алады. Мамырдың осы бір жайдары күні махаббатты жырлайтынымыз түсінікті де,– деді Мейір Бәйнешов.

Вокалист П.И.Чайковскийдің романстарын, Р.Яхиннің «Сен үшін», «Гүлдерді үзбеші», жалынды неаполитандық әндер – «Катари», «Таң сәрі», жанға жай сыйлайтын қазақ әндері – «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты туындыларды шырқайды. Сонымен қатар Әлфия Кәрімовамен бірге Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсынан үзінді, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан «Неаполитандық Тарантелла», Дж.Вердидің «Травиатасы» дуэттері, Л.Бернстайнның «Вестсайд хикаясы» және тағы басқалары орындалады.

Операның жетекші солисі Әлфия Кәрімова жаңа бағдарламасымен таңғалдырады. Оның репертуары орыс классикасының шығармаларымен – П.Чайковский «Серенадасы» және «Неліктен» романсымен толықты. Оның орындауындағы Р.Глиэрдің «Су перісі» және С.Рахманиновтің «Егеуқұйрық аулаушы» романстары «Астана Опера» сахнасында алғаш рет шырқалады. Бұл шығарма музыкалық тілі мен түсіндірілуі күрделі болғандықтан сирек орындалады, дегенмен тыңдарман оны ерекше жеңіл қабылдайды. Астаналық ән сүйер қауымды концертке шақыра отырып солист олардың жүрегіне жалын мен құштарлық сыйлауға дайын екенін жеткізді.

Фортепиано партиясын Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының лауреаты, концерт авторы, концертмейстер Гауһар Таспергенова орындайды. Ол солистердің кешке үлкен жауапкершілікпен дайындалғанын айтады.

– Біз қызықты бағдарлама дайындадық, барлық шығарма көп қырлы махаббат тақырыбына арналды. Күрделі опустар жоғары деңгейде орындау шеберлігін тек вокалистерден емес, пианиношыдан да талап етеді. Жаңа материал дайындағанымыз ынтамызды аса жоғарылатады. Осыған дейін сахнамызда неше рет орындалған шығармалар, енді жаңа ерекше нұсқада баяндалады,– деді Гауһар Таспергенова.  

Г. Берік