- Негізгі бет
- Театр
- Махаббат пен борыш...
Махаббат пен борыш бейнеленетін қайталанбас қойылым
«Астана Опера» сахнасында желтоқсан 25-26 күндері әйгілі де күрделі классикалық балеттердің бірі – Л.Минкустің «Баядеркасының» тұсаукесері өтеді. Спектакльдің қоюшы балетмейстері – РФ халық әртісі, Мариинский театрының прима-балеринасы (1987), елордалық «Астана Опера» театры балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Қойылымға «Астана Опера» театрының балет тобы толығымен қатысады. Дирижерлік тізгінде – Арман Оразғалиев.
«Баядерка» алғаш рет 1877 жылы 23 қаңтарда петерборлық Үлкен театр сахнасында көрсетілген. «Астана Опера» театрында М.Петипаның классикалық нұсқасы көрерменге ұсынылады, әйтсе де онда Вахтанг Чабукианидің (соңғы «Көлеңкелер» көрінісі) және Николай Зубковскийдің (Алтын құдай биі) қойылымдарындағы үзінділер қолданылады.
Құлақ естіп үйренбеген «баядерка», «брамин» және «факир» (спектакль кейіпкерлері) сөздерінің мағынасы қойылымда қарапайым бейнелерді – діни рәсімдерге қатысатын үнді биші қызын; Үндістандағы жоғары абыздық каста мүшесін; йог, жануарларды үйретушіні білдіреді. Людвиг Минкустың музыкасына қойылған балет махаббаттың төрт бұрышқа тірелген драмалық оқиғасын – үнді жауынгері Солор, шіркеу бишісі – баядерка Никия, Ұлы брамин, раджа қызы – Гамзатти туралы тарихты баяндайды. Сюжеттегі басты қақтығыстар – махаббат пен борыш, сословиелік теңсіздік – кедейлік пен байлық.
– Балет актерлік жұмысқа бай, онда көптеген жеке, ансамбльдік классикалық және бейнелі билер мол, оған айбынды шерулер мен пантомималық ойыннан тұратын эпизодтар көрік береді. Бұл күрделі әрі түрлі жоспарлы, ауқымды материал. Бүгінде «Баядерканың» саналуан редакциясы көп, ал біз ешбір артық тұсы жоқ академиялық балетті қоямыз. Шағын ғана өзгеріс енгізілгені болмаса, балеттің негізі сақталады, - дейді Алтынай Асылмұратова.
Көркемдік жетекші әрі балерина үшін бұл балет өзінің құрылымымен қызықты, балет ішіндегі балет: біріншісі – эмоциялық,екіншісі – таза классикалық екенін айтты.
Бидің әсемдігіне сүйсінетін көрерменнің назары декоративтік, өте әдемі жасалған итальяндық суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапиноның жұмысына ауады. Суретшілер, аталған сценография дүние жүзінде ешкімдікіне ұқсамайтынына уәде берді. Экзотикаға қанық балеттік спектакльде жолбарыстар мен пілдерге де орын табылады.
Балет 25 желтоқсан сағат 19:00, 26 желтоқсан сағат 18:00 басталады.
@. @assel_assanova