«Театр көктемі – 2015» фестивалі қорытындыланды

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Театр көктемі – 2015» фестивалі өз мәресіне жетті. Фестивальдің қорытынды кешінде актерлерден бөлек, БАҚ өкілдері және биылғы маусымның басында жарияланған республикалық шығармашылық байқаудың да жеңімпаздары марапатталды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызмет хабарлады.

«Жаңа көзқарас» атауымен өткен байқауға 23 шығарма келіп түскен. Солардың арасында оқ бойы озып шыққан санаулы жас драматург өздеріне тиесілі жүлдеге ие болды. 

«Театр көктемі – 2015» фестивалінде үздік деп танылған қойылым мен театр әртістері:

Үздік қойылым үшін «Бас жүлде» – «Қорқыттың көрі» (авторы Иран-Ғайып, режиссеры – Йонас Вайткус);

«Үздік ер адам бейнесі» – «Қорқыттың көрі» аңыз дастанындағы Қорқыт ата ролі үшін Дулыға Ақмолда;

«Үздік әйел адам бейнесі» – «Жүз жылдық махаббат» драмасындағы Зылиха, «Шыны хайуанаттағы» Аманда және «Отелло» трагедиясындағы Эмилия ролі үшін Дәрия Жүсіп;

«Үздік тұсаукесер» – «Отеллодағы» Дездемона және «Қорқыттың көріндегі» Сарын-Ару ролі үшін Мәдина Келгенбай;

«Сахнадағы үйлесім актерлық дуэт» – «Жүз жылдық махаббат» қойылымындағы Мағжан мен Мәдина, жас Зылиха ролі үшін Алмас Шаяхметов пен Ләззат Қалдыбекова;

«Есте қалар кейіпкер» – «Шыны хайуанаттағы» Лаура ролі үшін Наз Жекенова;

«Үміт» жүлдесі – «Дон Сезар де Базан» комедиясындағы Дон Сезар ролі үшін Ғалымбек Оспанов марапатталды.

- «Үздік мақала» - Бектасова Гүлзина Тұрғанбайқызы –  «Айқын» республикалық қоғамдық саяси газетінің «Мәдениет және әлеумет» бөлімінің редакторы. Театр өмірі мен әртістердің шығармашылығын жіті қадағалап, тұрақты түрде жазып келеді. Театрмен тығыз байланыстылығы әр жазған мақаласынан айқын аңғарылады. Төлеубек Аралбай,  Шынар Жанысбекова, Бекжан Тұрыс, Есмұхан Обаевпен сұхбаттары, жаңа премьераларға жазған талдауы  жылы қабылданды.

- «Үздік телехабар» - Қожабек Ришат Асқарбекұлы –  «Астана» телеарнасының тілшісі. Қарашаңырақта болған жаңалықтардың эфир арқылы жылдам таралып, көрермендерге кең көлемді ақпарат беруде аянбай келеді. Театрда өткен әр премьера – Ришаттың назарында. Мұқағали Мақатевқа арналған поэзия кешін, «Сырласу» клубында өткен актерлер Ғаникамал Байқошқарова, Жалғас Толғанбай, Асылбек Боранбай мен Шынар Жанысбекованың көрерменмен өткен кездесуін, театр премьераларын «Астана» арнасының «Жаңалықтарынан» жан жақты көрсетті.

- «Үздік сұхбат» - Әлішева Нұржамал Жұмағалиқызы   –  Алматы облыстық коғамдық-саяси «Жетісу» газетінің мәдениет бөлімінің  редакторы. Жетісулық таланттарды ғана емес, өнерімен көрермен назарын аударған өзге де қарымды актерлердің ойынын талдап көрсетуден талмай келеді. Шәмшәгүл Меңдиярова, Жоламан Әміров, Алмас Шаяхметов, Наз Жекенова, Нұрлан Әбілов, суретші-сценограф Ерік Әдісбек шығармашылығы туралы «Сенбілік кездесу» айдарымен көлемді сұхбаттар сериясын әзірледі.

- «Үздік театр жарнамасы» - Сұлтанғазиев Нұрболат Абайұлы – «Білім және Мәдениет» теларнасының «Қайырлы таң» таңғы ақпараттық- танымдық бағдарламасының редакторы. Театр директоры Еркін Жуасбек, Зәуре Көпжасарова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Сәлиха Қожақова, Жоламан Әміров, Шынар Асқарова туралы циклды хабарлар дайындады.

- «Үздік мақала» - Мустафина  Мира Төлеуханқызы – «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. Спектакльдерді жиі қадағалайтын журналистердің қатарынан. Театр өмірін сырттан емес, іштен біледі. Актерлердің ілгерідегі, кейінгі ойындарын бір-бірімен салыстырып жазудың шебері. «Шыны хайуанат», «Жүз жылдық махаббат», «Оттело» , «Дон  Сезар де Базан» премьералары туралы жан-жақты жазылған сараптамалық мақалаларын жариялады.

Сурет: auezov-teatr.kz