Адам мен табиғатты зерттейтін фотожоба

Адам мен табиғатты зерттейтін фотожоба

Грегори Колберт (Gregory Colbert) 1960 жылы Канада елінің Торонто қаласында дүниеге келген. Өзінің мансап жолын Парижде деректі фильмдер түсіруден бастаған. Бұл фильмдерде ол әлеуметтік проблемаларды қозғаған.

Режиссурадан кейін ол фотографиямен айналысуға бел буады. Оның Швейцарияда тұңғыш рет 1992 жылы ұйымдастырған фотокөрмесінде оған сын айтушылар өте көп болды. Кейінгі 10 жылда Колберт әлемге саяхаттайды, оның барған елдері Үндістан, Египет, Кения, Антарктида, Шри-Ланка, Доминика, Эфиопия, Тонга аралдары, Намибия сияқты табиғаты өзгеше жерлер. Бұл елдерде жасаған фоторепортажында ол адам мен жануардың үндес екенін, табиғаты жақын екенін аша түседі. Жалпы экспедиция саны 60-қа жеткен екен.

Оның ең атақты фотожобасы «Күл мен қар» деп аталады.

«1992 жылы бұл фотожобамен айналысуды бастағанымда адам мен жануардың ішкі табиғатын, жасырын қырларын танығым келді. Жануарлар мен адамдардың поэтикалық сезімдерін аша түсіп, бағзы замандардағы адам мен табиғаттың үйлесімде болғанын көрсеткім келеді», - дейді Грегори.

Оның негізгі кейіпкерлері бирман монахтары, Сан тайпасының адамдары, аборигендердің басқа да тайпалары. Бүгінге дейін автор жануарлардың 130 түрімен жұмыс істеп келген.

Фотографиялық жұмыстардың барлығы да энкаустикалық стильде (балауызбен сурет салу) орындалған. Суретті жапондық қолдан жасалған ені 3,5х2,5 болатын өлшемдегі қағазға түсірген.

Көрме-инсталяция тек суреттермен емес, сонымен қатар кинофильмдер мен хаттамалар арқылы берілген. Көрме Nomadic Museum деп аталатын көшпенді мұражайда орналасқан. Бұл дегеніңіз көрмені әр елге, әр қалаға апарып қоюға болады деген сөз. Дәл осылай көшпенді көрме Венеция, Нью-Йорк, Санта-Моника, Токио және Мехико-Сити қалаларында болып үлгерген. Бұл көрмелерге жалпы саны 10 миллионнан астам адам барып қатысқан.

Әрбір өркениетте – египеттіктерден Майя тайпаларына дейін, америкалық үндістер мен бедуиндерге дейін – өздерінің бестиарилерін (жануарлардың иллюстрациялық жинағы А.Қ.) жасаған, сол арқылы олар өздерінің табиғатпен қарым-қатынасы мен үйлесімділігін анықтайтын болған. Ал «Күл мен қар» - ХХІ ғасырдың бестиариі. Одан әрқандай жануар түрлерінің табиғатын байқай аласыз. Табиғат оркестрінде тек Homo sapiens қана ойнамайды, онымен бірге пілдер, киттер, ламантиндер, қырандар, маймылдар және басқа да жануарлар ойнайды.

Мен пілдердің ұзын таяқ тістерінің жанында болдым, кашалот мені жеп қоя жаздады, мүйізтұмсық сүзіп құлатты, теңбілшер құшақтап алды, сусиыр қуалады, неше түрлі аурулар пайда болды. Бірақ мен бәрін де өткердім. Өзіңіз сүйетін, қызығатын іс жасағанда оны орта жолда қалдырып кетпеңіз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com

А. Құлтай