«Астана Опера» сахнасында «Ла Скала»

Елорда тұрғындары мен қонақтары операның Отаны - Италияның ұлы өнерін өз көзімен көруге тамаша мүмкіндік туып отыр. «Астана Опера» театры әлемге әйгілі «Ла Скала» театрымен бірігіп 9, 11, 12 мамырда «Тоска» операсының тұсаукесерін ұсынады. «Тоска» операсы – бұл «Ла Скала» театрының түпнұсқадағы қойылымының жас театр сахнасына көшірілуі.

Операға декорациялар мен костюмдер жоғары сапалы материалдардан миландық театрдың шеберханаларында жасалған. «Астана Опера» сахнасында операда аты шыққан италиялықтар: әлемдік опера сахналарында жоғары сұранысқа ие, өлеңді мәнеріне келтіріп орындаудың шебері, Паваротти, Доминго және Каррерастан кейінгі «төртінші» тенор деген аттан үміткер – Марсело Альварес (Каварадосси), соңғы жылдары биік сахналарды мойындата бастаған италиялық сопрано Анна Пироцци (Тоска), атақты баритон Паоло Сильверидің шәкірті – Альберто Мастромарино (Скарпия) өнер көрсетеді. Дирижері – танымал маэстро Даниель Орен, режиссері – Лука Ронкони.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген бұл туынды әлемдік репертуарларда жиі орындалатын үздік опералардың бірі. Аталған музыкалық шығарманың әуені көптеген кинофильмдерде қолданғандықтан, кеңінен таралып, көпшілікке танымал болды, себебі оның желісі операдағыдай драматизмге, сатқындыққа, өлім жазасының көріністеріне толы. Дж. Пуччинидің ең драмалық операсының әсерлі көріністері көрермен назарын басынан аяғына дейін жіпсіз байлайды.

Маргерита Палли жасаған декорация өткен жүзжылдықтың тарихи оқиғасы - Наполеон басқарған француз әскерінің 1800 жылы Италияға басып кірген кезін суреттейді. Вера Марзудың нобайымен әзірленген кәстөмдердің нақышы да оқиғаны анық бейнелейді.

Қоюшы режиссер басты назарды адамның құштарлығына, нақтырақ айтқанда саяси оқиғаларға ілігіп, озбырлықтың, азаптың, өлім жазасының құрбанына айналып, тағдыр тәлкегіне түскен ғашықтар - суретші Каварадосси мен әнші Тоска жайлы оқиғаға аударады.

Опера желісі тарихи негізі бар бүгінгінің триллерін еске түсіреді. Италиялық әнші әрі  патриот Тоска өз өміріне өзі балта шабады, осы тұста режиссер кейіпкерінің өлімі арқылы да оның әсем әрі асқақ рухын көрсете алды.

«Астана Опера» театры директорының шығармашылық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі Уильям Грациозидің айтуынша, ұлы италиялық шеберлер көрерменге махаббат пен бейнелі әсерге толы қойылым ұсынады.

Сурет: «Астана Опера» баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина