Аида Айыпова мен Гүлжан Үзенбаева «Астана Опера» сахнасында

Аида Айыпова мен Гүлжан Үзенбаева «Астана Опера» сахнасында

Қазақстанның асқан шебер скрипкашысы Аида Айыпова мен көрнекті пианиношы Гүлжан Үзенбаева 5 сәуірде «Астана Опера» театрының камералық залында Рухани Келісім Конгресі халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен «Камералық музыка кеші» атты концерт өткізеді.  

Камералық ансамбль – скрипкашы Аида Айыпова мен пианиношы Гүлжан Үзенбаева Людвиг ван Бетховеннің ең танымал камералық туындыларының бірі – скрипка мен фортепианоға арналған №9 Крейцеров сонатасын орындайды.

Сонымен қатар музыканттар әртүрлі стильдегі және әр дәуірлердегі әуендерді жеткізудің өзіндік өнерлерін көрсетеді. Сол себепті бағдарламаның екінші салмақты туындысы джаз стиліндегі музыка - Ресейдің ХХ ғасырдағы аса көрнекті композиторы Игорь Фроловтың Дж. Гершвиннің «Порги және Бесс» операсы тақырыбына жазған қиялы. Фроловтың сазы әсерлі, ойнағанға жеңіл болғандықтан көпшілік сүйіп тыңдайды. Бүгінгі әлем скрипкашыларының репертуарында Фроловтың шығармасын жиі кездестіруге болады.

Музыкатанушы Маржан Жәкенова камералық музыка симфониялық немесе опералық музыкаға қарағанда камералық жағдайда орындауға арналғанын атап өтті. «Камералық музыка – бұл музыкалық достық қарым-қатынас өнері. Камералық орындаудың қайнар көзі музыкаға деген әуестіктің үйден басталуында жатыр. Бүгінде орындалып жүрген үлгі боларлық камералық музыка - бұл жай ғана музыкаға деген әуестік емес, бұл адамдар арасында ерекше рухани байланыс орнататын сырласудың бір үлгісі», - дейді Маржан Жәкенова.

Концерт 19:30 өтеді, билет бағасы 1 500 теңгені құрайды. Тағы бір жаңалық, «Астана Опера» театры билетті сатудың электрондық жүйесін іске қосты. Билеттер саудаға билеттік оператор Biletbar.kz арқылы түседі, билетті сату жөніндегі виджет театрдың сайтында орналасады. Кассадан және ғаламтор арқылы сатып алынған билеттердің бағасы бірдей. Билетті сату ережесі бұрынғыша: билет айырбасталмайды және кері қабылданбайды. Әр билет орны, қатары, қалай және қай уақытта алынғаны жайлы сатып алу дерегі бар QR кодпен қамтылған.

Смартфоны және планшеттік құрылғысы бар адамға билетті басып шығарудың қажеті жоқ, себебі енді электрондық билет опциясы іске қосылды. Шараға келер алдында QR кодты гаджетте сақтау керек, кірерде соны билеттің орнына көрсете саласыз.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina