«Астана Операда» «Петя мен қасқыр» қазақша сөйлейді

«Астана Операда» «Петя мен қасқыр» қазақша сөйлейді

2014 жылдың 7 мен 9 қаңтар аралығындағы оқушылардың қысқы демалыс уақытында «Астана Опера» театрының камералық залында Елорда оқушыларына кемеңгер композитор Сергей Прокофьевтің (1891-1953) балаларға арналған «Петя және қасқыр» атты әйгілі симфониялық ертегісі қазақ тілінде қойылады.

«Петя және қасқыр» ертегісі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өлеңді мәнерлеп оқуға арналған. Туындының негізгі идеясы ертегінің әрбір кейіпкерінде өз аспабы және өз музыкалық тақырыбы бар. «Петя және қасқыр» симфониялық ертегісі әлемдегі ең көп орындалатын музыкалық туындылардың бірі.

Аталған жобада басты жаңалық – «Петя және қасқыр» ертегісінің алғаш рет қазақ тіліне аударылғаны. Аударма авторы – Жоламан Тұрсынбаев. Енді оқушылардың симфониялық ертегіні екі тілде: қазақша және орысша тыңдауға мүмкіндігі пайда болды.

Сергей Прокофьевтің естелігінен: «1936 жылы көктемде балаларға арналған «Петя және қасқыр» симфониялық ертегісін жазуға кірістім. Әр кейіпкердің нақты бір аспаппен ұйқасатын өз әуені бар: үйректі гобой келтіреді, атаны – фагот және сол сияқты басқалары бар… Орындау барысында балалар туындыны неше мәрте тыңдап, аспаптың ырғағын ажырататын болды, педагогикалық тұрғыдан алғанда ертегінің мақсаты да осы. Музыка арасында мәтіннен үзінді оқылады. Мен үшін ертегі емес, балалардың музыка тыңдағаны маңызды.»

Ертегіні «Астана Операның» шағын симфониялық оркестрі орындайды, мәтінді оқитындар: Төлеген Назарбеков, Сәуле Мәулетова, Маржан Жәкенова. Спектакль дирижерлері – Руслан Баймұрзин, Рақымжан Баспаев.

Музыкатанушы Маржан Жәкенова балалардың бойында классикалық музыкаға деген махаббатты дәл осы «Петя және қасқыр» сияқты шығармалар арқылы сіңіру керек деп есептейді. Өйткені бұл қойылым балаларға түсінікті музыка өнерінің нағыз жауһары болып табылады.

Билет бағасы 500 тг.  

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А