«Астана Опера» театры алғаш рет шетелге гастрольге шығады

«Астана Опера» театры алғаш рет шетелге гастрольге шығады

2014 жылғы наурыздың 8, 9 және 10 жұлдызында «Астана Опера» театрының алғашқы шетелдік гастролі өтеді. Қазақстандық театрдың үздік қойылымдары Мария театрының (Санкт-Петербург) жаңа және ескі сахнасында үш күн бойы көрсетіледі. Гастроль бағдарламасына екі опера және бір балет кірді. 8 наурызда Пьер Луиджи Пиццидің (Италия) қойылымындағы «Аттила» операсы тамашаланады. Заманымыздың көрнекті хореографы Юрий Григоровичтің (Ресей) қойылымындағы «Ұйқыдағы ару» балеттік спектаклі көрерменге 9 наурызда театрдың бірінші сахнасында қойылады. Ал 10 наурызда Петербордың өнерсүйер қауымы қазақ операсының маржаны – Юрий Александровтың (Ресей) қойылымындағы «Бiржан-Сара» операсын тамашалайды. 

«Аттила» операсының қойылуы кездейсоқ емес. Естеріңізге сала кетсек, Мария театрының көркемдік жетекшісі Валерий Гергиев «Астана Опера» театрының Әлемдік тұсаукесерінде «Аттила» операсына дирижерлық еткен, сол кезде көрнекті дирижер қойылымның деңгейін жоғары бағалап, опералық спектакльді Мария театрының жаңа сахнасында қоюды ұсынған еді.

«Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов театрдың жас труппасы үшін гастрольге шығу өте маңызды екенін атап өтті. «Бір жағынан, бұл бізге театрдың ауқымды қойылымдарын көрсетіп, Қазақстанның опера және балет өнерінің даңқын шығаруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, бұл шығармашылық алаңының да орасан зор дамуы, себебі, өзге театрдың сахнасында өнер көрсеткенде әртістер жаңа тәжірибе жинап, шығармашылық тұрғыдан машықтанады», – дейді Т. Мұхамеджанов.

2014 жылдың 2 қазанында Мария театрының труппасы «Астана Опера» театрына гастрольмен келуді жоспарлап отыр.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А