"Біз" студенттер театры "Миллион раушан гүл" атты мелодрамалық қойылымының тұсауын кесті

 "Біз" студенттер театры "Миллион раушан гүл" атты мелодрамалық қойылымының тұсауын кесті

14 сәуір Ө. А. Жолдасбеков атындағы сутденттер сарайы алдында күндіз дүркіреп тұрып наурызға арналған іс-шара өтті де, кешке сағат 18.00-де осы сарайдың  үлкен залында университеттің "Біз" студенттер театры кезекті жаңа "Миллион раушан гүл" атты мелодрамалық қойылымның тұсауын кесті. 2006 жылы құрылған театр 2007 жылы сәуірдің 4-де "Адаспаңдар!" атты қойылыммен тұсауын кескен болатын. Содан бері тәй-тәй басып "Той", "Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр!", "Бағдаршам" және "Ол көктем оралмайды" атты қойылымдарды сахналап үлгерді.  Жақында ғана алты жасқа толған жап-жас театр алтыншы спектаклін дүниеге әкелді. Бұл жолы да жылдағыдай театр сүйер жастар залды толтырып, жылдағыдай әсер алып, жылдағыдай  ерекше көңіл-күймен тарасты. Театр студенттері өздері жазған қойылымын тамаша дайындықпен сахналады. Режиссер Ғалымжан Сайлаубековтың  аянбай еткен еңбегінің жемісі де, жеңісі де көрінді. Қойылымның басты идеясы - махаббаттың ағы мен қарасын анықтау. Сахнадан  көрермен адал махаббатты да, баянсыз махаббатты да көре алды.

 

Сахнадағы көріністер ХIV- XV ғасырдағы Еуропаның тұрмыс-тіршілігінен алынған. Сезімнің сергелдеңіне түскен суретші жігіт әртіс қызға ғашық болып, оның арманындағы гүлдің суретін салып шығады. Гүлдің бейнесін әртіс қыздың өзі баяндап бергеніндей етіп  шығару үшін қолын тіліп қанмен салады.

Бұл туындысымен әртіс қыз - Розаның көңілінен шыққанымен, ол енді гүлдің тірі болғанын қалайды да, суретті қабылдамай қояды.

Салы суға кеткен суретші екі ғасырға жуық өмір сүрген мыстанға жолығып, гүлді тірілтудің жолын сұрайды.

Мыстаннның сиқырымын ғұмырын гүлге айналдырып, гүл болып әртіс қыздың қолына жетуге келісімін береді. Бір тал раушан гүлдің кейпіне енген суретші бәрібір сүйгенінің қолына жетпейді. Өйткені бұл уақытта әртіс қыз  - Роза кароль сарайында өнер көрсетуге біржола кетіп қалады. Тым кеш... Гүл суретшінің бояу езуші көмекшісі - Луизаның қолында қалады.

Бұл арқылы театр студенттері пәк махаббаттың жеңіске жететінін айтқысы келген болар. Өйткені Луиза қожайынына сырттай ғашық еді. Сезімін іште көмкеріп келген бояу езуші қыз гүлге айналып кеткен суретшіні қолына алып бар сырын ақтарып, көз жасын көлдетеді. Бірақ ендігі бәрі де кеш...

Қойылым мелодрамалық жанрда болғанымен, траго-комедиялық сарыны да байқалып тұрды. Көрерменін бірде түрлі әрекеттермен күлдіріп отырса, енді бірде Луизаның ішкі назы арқылы жылатып отырды. Әртістер кәсіби білім алмаса да, қойылымды жоғары деңгейде алып шығып, айтқысы келгенін көрерменнің түйсігіне жеткізе алды деп ойлаймыз.

(Ортада -  режиссер Ғалымжан Сайлаубеков)

Кеш соңында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы сөз алып, режиссер Ғалымжан Сайлаубековке ерекше алғысын білдіріп, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлына алғыс хат тапсырды. Себебі теар студенттерінің сексен пайызын болашақ филологтар құрайды. Ал көрермендер театрдан алған әсерлерін жасыра алмай, көз жасын сүрткен күйі "миллион аллых роз" әнімен ыңылдап тарасып жатты.

Суреттер ҚазҰУ-дың сурет қорынан алынды

А. Әбілхан