Өнердің киелі ордасы Жаңаөзенде!

Өнердің киелі ордасы Жаңаөзенде!

Осыдан санаулы күн бұрын ғана М. Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театр ұжымының Алматы облысы, Текелі қаласы мен Ескелді аудандарына жасаған гастрольдік сапары туралы айтып өткен болатынбыз. Қара шаңырақ ізін суытпастан тағы да жолға шықты. Бұл жолғы бағыт – Жаңаөзен қаласы.


Ұжым Жаңаөзен қаласының қырық бес жылдығы және Тәуелсіздік күніне орай 7-10 желтоқсан күндері Жаңаөзен қаласында "Мұнайшы" мәдениет үйінде гастрольдік сапарда. М.Әуезов театры гастрольдік сапарға төрт қойылыммен келді.

Атап айтсақ, Р.Отарбаевтың "Бейбарыс сұлтан"

И.Сапарбайдың "Қыз мұңы"

М.Сәрсекенің "Тендерге түскен келіншек"

Т.Әбдіковтің "Ұлы мен ұры" қойылымдары

Халық өресі биік қойылымдарды өте жақсы қабылдауда. Көрермен залында ине шаншар орын жоқ. Тіпті кей көрермендер қойылымды орынның жоқтығына қарамастан, тұрып көріп жатыр.

Алатаудан келген қадірлі қонақтарды Батыс Қазақстан халқы құшақ жая қарсы алды.

Сағынбай Исахан, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы драма театрдың бүгін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында өнер көрсетіп жатыр. Театр ұжымының бүгінгі қойылымы тартымды, өте керемет болып шықты. Жаңаөзен қаласының барлық тұрғындары театр қойылымдарын асыға күтті. Олардың әртістердің шеберліктеріне, таланттарына, ұжымға деген ынта-ықыласы, алғысы шексіз екендігін айтқым келеді. Алдағы уақытта творчестволық жеңістер тілейміз! Дендері сау болсын, биік шыңдардан көріне берсін!

Сағындық Ырзақметов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Жаңаөзен қаласына Мұхтар Әуезов атындағы театр келіп жатыр. Айтулары бойынша, бұл театр 15 жылдан бері мұнайлы қалаға ат ізін салмай кетіпті. Сол себептен болар, бүгін қала халқы өте қуанышты. Бірінші күні Бейбарыс батыр туралы қойылымды тамашаладық, өте тамаша туынды! Өте жақсы, әсіресе, актерлардың ойнау шеберліктері тамсандырды. Халықты баурап алды. Осындай мәдени шараларға тұрғындардың шөлдеп қалғандығы да байқалады, рухани сусындап жатыр. Жаңаөзендіктер атынан театр ұжымына табыс тілеп, одан әрмен дами берсін дегіміз келеді. Халықтың көңілінен шығатын, күрделі мәселелерді қозғайтын шығармалар көбей берсін! Алдағы уақытта да келіп тұрғанын қалар едік. Біз осындай шараларға құштармыз, зәруміз. 

Бүгін Жаңаөзен қаласының тұрғындары М.Сәрсекенің "Тендерге түскен келіншек" атты қойылымын тамашаласа, ертең, яғни сапардың соңғы күнінде Т.Әбдіковтің "Ұлы мен ұры" спектаклі қойылады.

Жолдаған: Салтанат Мақсотқызы

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева