Қазақ ауылдары тұрғындарының  жеңіс жолындағы күресі: "Жарқынкөл", "Жаңа қадам" және "Талапкер" ауылдарының тарихы

Қазақ ауылдары тұрғындарының  жеңіс жолындағы күресі: "Жарқынкөл", "Жаңа қадам" және "Талапкер" ауылдарының тарихы

Ұлы Отан соғысы жылдары майдан алқаптары мен еңбек майданында талай азапты күндер мен қиыншылықты бастан өткерген азаматтар туралы очерктер мен мақалаларды жариялауды жалғастырады. Бұл жолы назарларыңызға Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің Ғылыми-ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің басшысы Гүлнар Қаратаеваның қазақ ауылдары еңбекшілерінің соғыс кезіндегі тұрмыс-тіршілігі туралы архив материалдары негізінде дайындаған зерттеуін ұсынамыз. Мұнда мақала авторы Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданындағы Жарқынкөл ауылының, Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Жаңа қадам ауылының және Жамбыл облысы Шу ауданындағы Талапкер ауылы тұрғындарының сол қиын-қыстау кезеңдегі күндерін сипаттайтын естеліктерінен үзінді келтіреді.

Жыл сайын, 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы туралы сөз қозғағанда, әрине бірінші кезекте, әр түрлі майдан алқабында ерлікпен соғысқан, азаттық жолында өмірін беріп, майданда қаза тапқан жауынгерлерді еске аламыз... Ол орынды да, десекте берік тылсыз мықты армия болмайды, қанша мықты армия болса да, оның берік тылсыз жеңіске жетуі мүмкін емес екендігі туралы қағида ойға оралады.

Бас көтерер ер азаматтары түгелдей соғысқа аттанған қазақ ауылдарында тылдағы халыққа жүктелген міндеттерді атқаратын, ауылда қалған жұрттан өздігінен, өмір талабынан құралған "үштік одағы" болды.

Мына бір фотосурет сол заманның айғағы, қазақ жерінің әрбір ауыл тұрғындарының соғыс кезіндегі тұрмыс тіршілігін бір уақытта суретке түсірер болса, дәл осындай көрініс шығатын еді.

Мемлекетке астық өткізу. Жамбыл облысы Мерке ауданының "Большевик" колхозының еңбекшілері. 1943 ж.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан.

Осы сурет қараған сайын маған ерекше бір әсер береді. Өкінішке орай суретке бейнеленген жандардың аты-жөні жазылмаған екен, алайда қазақ ауылының кез-келгенінде осындай қариялар, асыл жанды аналар, жеңгейлер, жасөспірім балалар болғаны анық. Сондықтан да осы фотоқұжатты майдан тылының кейіпкерлері толықтай бейнеленген символдық, жалпы образдық фотосурет деп қабылдауға әбден болатын сияқты.

"Үштік одақ" деп отырғанымыз кімдер? Суреттің оң жағында – қартайған шағында соғыс ауыртпашылығын бір кісідей көтеріп, ауыл тұрмыс-тіршілігіне шамасы келгенше араласып, көмегін көрсеткен ауыл ақсақалдары. Суреттің сол жағында – соғысқа ер азаматтарын жіберіп, бейбіт өмірде олар атқарар ауыр жұмысты өз мойындарына алған  ардақты аналар, ауыл келіндері, жасы үлкен жеңгейлер. Ортада, әріректе  отырған майданға кеткен үлкен ағаларының орнын басып, балалық шақпен ерте қоштасуға мәжбүр болған, қайнап жатқан еңбекке араласып ерте есейген жасөспірімдер өкілдерін көреміз.

Бауыржан Момышұлы алпыс жастан асып, жетпіс жасқа аттанған шағында, соғыста алған жарақаттары қозып, ауру меңдеп, бір жылдың ішінде төрт рет ауруханаға түскен екен. Ауруханада Баукеңмен бір палатада соғыс кезінде тылда еңбек еткен ақсақалдарда ем қабылдап жатады. Сол кезді Баукең былай деп еске алады: "Мен соғыс жылдарындағы  тылды білмейді екенмін. Қайдан білейін... Соғыс жылдары мен тылда болғаным жоқ, тылды көргенім жоқ... Ауруханада қасымда ақылды, нақылды ағаларым жатты. Олар айтарман болды, мен тыңдарман болдым. Мен ауырып жатып, шалдардың естелік, ескеріп айтқан академиясын бітірдім. Олар маған Отан соғысы жылдарындағы тылдың қаһарлы, азапты еңбектері туралы "халық лекциясын" оқып берді.Шынымды айтсам  мен бұрын мұндай көп ақиқаттар мен дәлелдерді білмеуші едім...".

Ардақты ақсақалдардың әңгімесі  Баукеңе соғыс жылдарындағы қазақ ауылы тұрғындарының жағдайынан келесідей көрініс бергендей болған екен: "Бізді қолдаған, бізді сүйеген, аяқ-қолы дірілдеген, сапсаң 90-ға жеткен ақсақалдар, "перзентім қайда?" деп жылап-еңіреген қартайған кемпір, жұбайым аман қайтса деп тілеген тірі жесір келіншектер, ғашығым аман қайтсын деп түн ұйқысын төрт бөліп еңіреп жылаған қалыңдықтар, "әкем қайда, қашан келеді?" деп жылаған сәбилер, тағысын тағы – халық қайғысы шексіз...". Осылайша майданда алған тән жарасын емдеуге ауруханаға жатқан Баукең қариялардың айтқан естеліктерін тыңдай отырып, өзі де алай-дүлей күйінде жүрген жан дүниесін тағы да қайталап жаралап алған сияқты.

Ол кезде Бауыржан Момышұлы соғыста бар көргенін, басынан өткен тарихты қағаз бетіне қазақ және орыс тілдерінде жазып, "жауынгер жолдастарым алдындағы парызымды өтесем, келер ұрпақ керегін солардың ішінен өзі таңдап оқыр" деп жүрген кезі еді. Әрине, Баукеңе тағы да бір өмір берілсе, ақсақалдардың естеліктерінен тұратын тыл тарихын да қағаз бетіне түсірер еді...

Құрылғанына биыл 100 жыл толып отырған, еліміздің ең байырғы архиві санатындағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің қорларында тылдағы қазақстандықтардың ерен еңбегін дәйектейтін ресми құжаттар жетіліп артылады.

Семей облысы Абай ауданы еңбекшілерінің мемлекетке ауылшаруашылық өнімдерін өткізу туралы берген ақпараты. 10 қазан 1942 ж.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан.

Ақмола облысы еңбекшілерінің майданға жіберген көмектері туралы берген рапорты. 15 наурыз 1942 ж.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан.

Алайда, ресми құжаттың аты ресми құжат. Осы қалыптағы деректерде ауылды жерде атқарылған жұмыс түрлері және оның орындалу көрсеткіші мен пайызы ғана тәптіштеп көрсетіледі. Ал осы көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы қыруар еңбекті, оған деген жұмсалған күш-жігерді бұл құжаттардан оқып біле алмайсыз.

Әрбір сандық көрсеткіштердің артында адамдардың сан-алуан тағдыры, қарапайым ауыл  тұрғындарының соғыс кезіндегі қиыншылыққа толы күнделікті күйбің өмір тіршілігі,  қажырлы еңбегі, маңдай тері, тіпті соғыс жайдайында көрген қиыншылықтардан аққан көз жастары да  жатыр десек те болады.

Орталық мемлекеттік архивінің қорларында сол бір қиын-қыстау кезеңде құрылған "Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдары" атты құжаттар коллекциясы бар. Осы қорда әр түрлі уақыт аралығында жинақталған алуан түрлі естеліктер, майданнан тылға, тылдан майданға жазылған хаттар және тағы да басқа эпистолярлық жанрдағы архивтік деректер кездеседі.

Баукең тылдағы жағдайдың шындығын, ақиқатын ақсақалдардың аузынан естіп білген болса, сіздерге сол шындық пен ақиқатты ауылда майданға кеткен әкелері мен ересек ағайларының орнын басып, қариялар мен жеңгейлеріне қолғабыс болған, 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің, өткен ғасырдың 90-шы жылдары салиқалы жасқа келген шағында естелік жазып қалдырған қадірлі тыл ардагерлерінің естеліктерінен іздестіріп көруге шақырамын.

Сонымен қатар осы қор құрамында сақтаулы соғыс жылдарында жазылған қазақстандық колхозшы еңбекшілерінің хаттарындағы деректерге үңіліп, бір сәт олардан да тарих іздерін іздестіріп көрейік.

Негізінен естеліктер әр түрлі болады, олардың ішінен салыстырмалы түрде алғанда толықтай тарихи және драмалық сюжеті бар, көркем тілді, әрі қызықты деректерімен ерекшелінетін естеліктерді назарларыңызға ұсынамын, құрметті оқырмандар.

"Жарқынкөл" колхозы тұрғындарының тылдағы тұрмыс тіршілігі

Он екі жастағы баланың Жеңіс үшін күресі

Назарларыңызға ұсынылып отырған төмендегі естелік Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданында орналасқан Жарқынкөл колхозында 1929 жылы дүниеге келген, соғыс жылдары осы ауылды мекенде 12 жасынан бастап еңбек етіп, жеңісті күнге жетуге өз үлесін қосқан Сариев Жандеттің Орталық архивке 1995 жылдың қаңтар айында жіберген естелігі болады. Ендеше сөз кезегін Жандет ағайымызға берелік:

"Соғыс кезіндегі біздің еңбегімізді жазар адам болса, талай романдар жазылатын еді.  1941-1945 жылдарды біздер  колхозда аштык пен жалаңаштық жағдайында жүріп жұмыс жасап өткіздік. Соның пайдасы тиген болар, жау жеңіліп, тылдағы еңбекпен Советтер Одағын қорғап қалдық. Егер майдандағы әкелеріміз бен ағайларымызға тылдан көмек болмаса жауды жеңе алмаған болар едік. Енді соғыс кезінде басымнан өткен өмірімді айтайын.

1941 жылы 22 июнь күні соғыс басталды. Жарқынкөл колхозының Кірпі, Тасқұдық, Майлан, Саралжын деген мал қыстағы болған. Қазірде бар. Әке мал бағатын. Бұл қыстақтар мектептен 60-70 шақырым жерде орналасқан, сондықтан оқуға баруға жағдай болмай қалды. Жатып оқитын интернат жоқ. Соғыс кезінде кімнің үйінде жатарсың, ауылдағы тұрмыс шамалы.

1942 жылдың 7-9 январь күндері  ауылдың ер азаматтары армияға шақырылып, екі рет призыв болды. Ауылда 5-6 шал, жасы 55-тен асқандар қалды.

Соғыс басталған күннен бізді, жасөспірімдерді қолдан келетін жұмыстардың бәріне жұмсады. 1941 жылдың жазында балаларды егіннің шөбін жұлуға қосты. Ол кезде егінде шырмауық көп өсетін.

1942 жылдың көктемі келді, егін егу керек. Ауылда бас көтеретін 5-6 шал жер жыртуы керек. Үлкендер ауылдың мен  қатарлы балаларын жинап, жастарың жер жыртуға жарап қалды, бұрындары он үште отау иесі деген, енді жігіт болдыңдар деп жер жыртуға жіберді. Енді барлық салмақ жеңгейлер мен бізге – жасөспірім балаларға қалды. Арамызда бір ағай бар бас-көз болатын. Сабан деп аталатын соқаға 8 өгіз жегіп жер жыртамыз. Мен өгіз айдаушымын, артта сабанның құлағын ұстап бір апай жүреді. Ертеңмен, күннің көзі шығар-шықпастан өгіздерді соқаға жегіп алып, содан түскі асқа дейін жерді айналамызда жүреміз. Содан кейін күн батқанға дейін жұмыс сол қалпында жалғаса береді.

Соғыс кезінде біз еңбекке беретін ақыны білмейміз, тіпті сұраудың өзі ойымызға келмейтін. Колхоз басқармасы сіздердің еңбектеріңіз соғыс қорына кетіп жатыр дейді. Бізге берілетін тамақ – майынан айырылған 2 литр көк сүт. Басқа ешқандай көмек жоқ. Соғыс болса жүріп жатыр, қандай көмек болсын.

Колхоз жұмысының бірін бітірсең, екіншісі, одан үшіншісі жалғасып келе береді кезектесіп. Пішен шабу, жинау, тасу, оны болсаң егін ору, бастыру, мемлекетке тапсыру – бәрі қолмен атқарылады. Ол кезде машина, трактор, комбайн дегенді білмейміз.

1943 жылы шөп шауып жүріп, демалып отырып, 4 бала едік, сағат он бір шамасы болар, отырған жерімізде ұйықтап қалыппыз, әбден шаршаған болармыз, әрі ашпыз. Бір жақсысы, әйтеуір күн жылы. Бір уақытта бір жолдасым айқай салып басқарма мен уәкіл шауып келеді деді. Енді сабайтынын білдік, шынынанда келген бойда бір-бірден сыпыртып өтті. Шөп арасына тығылып қашып жүрміз. Арамызда Ресейден эвакуациямен көшіп келген бір бала болатын, өзі өжеттеу еді. Сол өгіздің қамытында занозка деген темір болатын, соны суырып алып "жақындама, темірмен ұрып өлтіремін" деп айбат көрсетті. Бәрімізде қолымызға түскен "қорғаныш" болатын бір-бір затты алып тұра қалдық. Басқарма мен уәкіл аттарынан жерге түсіп, жәйлап ақыл айтып, біздер сендердің аш екендеріңді білмей жүрген жоқпыз, бірақ соғыстағы ағаларың мен әкелеріңе тамақ керек, киім керек, бізден көмек болмаса олар жауды қалай жеңеді деп ақыл айтып, татуласып тарадық-ау әйтеуір.

Адамның жас кезінде қорыққаны есте қалғыш келеді екен. Бірде, 1944 жылдың жаз кезінде ауылда брюшной тиф деген жұқпалы ауру тарады. Ауырған адам үш ай жатып, тәуір болса болады, болмаса өліп кетеді. Ішетін құнарлы тағам жоқ, қайдан жазылсын! Баяғы Кірпі деген қыстақтамыз. Ауылдағы адамдардың бәрі ауру. Декабрь айының 11-12 шамасы-ау деймін, үлкен шешем қайтыс болды. Менің де аурудан тұрған кезім. Бір қарт кісі, менен екі жас үлкендігі бар бір бала үшеуіміз бейіт қазуға кеттік. Басқа бас көтерер ер азамат жоқ. Ауылдан шығып бара жатып, әлсіздіктен сүрініп 3-4 рет құлағаным есімде. Осы кезде мені тез келсін деп ауылға шақыртты. Келсем, ат арба жегулі тұр, үстіне ауру Шабан ағайды мінгізіп қойыпты. Маған орталыққа апарып, дәрігерге тапсырасың деді. Күн батып кетті. Қорқып тұрмын, онда барлығы ауру. Екі ара баратын жерім 5 км. Амал жоқ, содан кеттім, жолда ойлап келемін Шабан ағай өліп кетсе мен қайтемін деп. Қорқып келемін, әлсін-әлсін "ақа, ақа" деп дауыстап қоямын. Ол кісі анда-санда ыңылдап, су-су деп әзер сөйлейді. Суды қайдан табайын маң далада, әрі қыс кезі. Жаным қиналып, жылап келемін. Анда-санда "ақа, қазір жетеміз" деп көңілін алдарқатамын. Сонымен әйтеуір аман апарып, тапсырып қайттым-ау. Біз не көрмедік, айта берсем таусылар емес.

1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталды. Майданда аман қалған ағайлар ауылға оралды, іштерінде мүгедектері бар. Солай болса да, олар қолынан келетін жұмысқа тез араласып кетті ғой...  Содан маған да оқуымды жалғастыруға мүмкіншілік туды. 1948 жылы ауданда интернатта жатып оқып, 1951 жылы он жылдық мектепті бітірдім. Институт бітіріп, 37 жыл 4 ай мектепте мұғалімдік қызметте болып, 1989 жылы зейнеткерлікке кеттім. Осы өмірім ішінде менің басымнан қиын, ауыр жағдайларды өткізуіме себеп болған екінші жағдай болды. Әкемнің туған інісін Кенжеақа  дейтін едік, 1935 жылы репрессияға ұшырап, халық жауы атанып, сотталып кеткен. Содан әлі хабарсызбыз. Ол кезде мен алты жастамын. Қалай болғанын кейін жеңгейіміз айтып берген. Ақаңда мал дегенде бір биесі ғана болады. Соны маңқа ауруы бар деп тауып, сол кездегі заң бойынша құрту керек екен. Голощекин заңы  ғой. Ағайым дәрігерге ақша беріп алып қалғысы келеді. Онысын біреу естіп қойып, арыздап, содан сотталып кете барды. Ол кездегі бастықтар халық жауының туысқаны деп біздерге, әкеме, апама, маған қырын қарады. Қайда  жұмыстың ауырлауы болса, сонда жұмсап отырды. Соғыс кезінде ана қыстақтағы жұмысқа, мына қыстақтағы жұмысқа өгіз шанамен көшіп жүргеніміз. Қыс кезінде адам тұрмаған, суықтап қақап тұрған үйге кіргізеді. Семьяда үш адамбыз. Шешем 1932 жылы қайтыс болған. Осылай бастан өмір өткіздік қой. Ойлап қарасам, ол кездегі бастықтарға да өкпе жоқ. Себебі сауатсыз адамдар. Кейбірі фамильясын да жаза алмайды. Олар саясатты қайдан түсінсін, газет, журнал, радио жоқ кез ғой...

Бұл жазып отырғаным соғыс кездері туралы естелігімнің жүзден бір бөлігі ғана дер едім. Соғысқа бармасам да, жұмыста жүріп, екі жерден жарақат алдым: қолым шықты, жамбастан тесіліп жаттым. Бәрі соғыс кезіндегі жұмыстан болды, себебі 12-15 жасар балаға өгіз бой береме, онымен алысып жүресің ғой бойлай, жұмыс істегесін.

Алматы облысы Қаскелен ауданы "Политотдел" колхозындағы шөп шабу мезгілі. 1946 ж.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінің қорларынан.

Ендігі бір ойым мынау. Қазіргі жергілікті басшыларға біз соғыста болған жоқпыз, бірақ тылда аянбай еңбек жасадық десек, күледі, документің қайсы деп бет қаратпайды. Сонда мен ойлаймын, сауатсыз басқарма, бригадир, звеновойлар документті қалай бере алады екен, қалай толтырады екен? Соны ойлайды ма екен басшылар? Қазіргі жағдай олай ойламай, құр талап қоюшылық емес пе? Ол адамның соғыс кезінде еңбек жасағанын туған жылы айтып тұрған жоқ па? Мен осылай ойлаймын..." деп бітірген екен естелігін Сариев Жәндет ағайымыз...

Иә, балалық шағын соғыс оты шарпыған, зейнеткерлікке шығып қартайған шағында, жас кезінде көрген бейнетінің зейнетін көрер уақытында Жәндет Сариев ағайымыз және ол кісімен қатарлас ұрпақ өкілдері тағы да өмір қиыншылығына кезікті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қиын кезең болғаны баршамызға белгілі. Ол кезде тыл ардагерлерінің соғыс кезіндегі еңбегі соғыс ардагерлерімен теңестіріліп, белгілі бір жеңілдектер тағайындалмаған уақыт еді. Жәндет ағайымыздың айтып отырған өкпесі өте орынды деп есептейміз, себебі соғыс кезінде еңбекшілердің, оның ішінде жасөспірімдердің еңбегін тіркеп, бұйрық шығарып, рәсімдеп отырар мүмкіндік болмады. Архивте тыл ардагерлерінің өтінішін растайтын құжат болмағандықтан біздер де – архив қызметкерлері қолдан келер көмек болмай, талай рет қиналғанымыз есімде.

Жәндет ағайдың "біздің естелігімізден талай романдар жазуға болады" деген сөзі де көңілге қонады, себебі ол естеліктерде халықтың басына төнген қиын-қыстау кезіндегі өмір шындығы, Баукең айтқандай талай ақиқаттар және сол ақиқаттардың дәлелдері жатыр...

Жалғасы бар

Қаратаева Гүлнәр Миронқызы – Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми-ақпарат жұмысы
және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің бастығы

Н. Үсенова