Ақын Жәркен Бөдешұлы өмірден өтті

Ақын Жәркен Бөдешұлы өмірден өтті
Фото: Massaget\Yernar Almabek

Ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы өмірден өтті.

Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Толы ауданына қарасты Жайыр жайлауында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. "Көкшетау правдасы" газетінің меншікті тілшісі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кітап палатасында бас маман болып істеген. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында Қазақстан Жазушылар одағында Жауапты қызмет атқарған. 1982 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1993 жылы Алматыда өткізілген Түркі дүниесі поэзиясы II фестивалінің жеңімпазы. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туғанына 100 жыл толуы құрметіне халықаралық Сәтбаев қоры мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп өткізген республикалық ақындар мүшайрасының бас жүлдегері. Сонымен бірге Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Аманжолов, Түркістан-1500, Махамбет Өтемісұлының мерейтойларына, Дүниежүзі қазақтарының II Құрылтайына арналған жыр сайысында жүлделі орындарды жеңіп алған. "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалімен марапатталған.

Қазақтың көрнекті ақыны Жәркен Бөдешұлының қазасына байланысты бүкіл қазақ жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Т. Раушанұлы