Партизан қозғалысына қатысқан қазақстандықтар

Партизан қозғалысына қатысқан қазақстандықтар
Фото: yandex.kz

Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ ұрыстар майданда ғана емес, сонымен қатар жаудың тылында да жүріп жатты. 1943 жылдың соңына қарай күллі Кеңес Одағы бойынша миллионнан астам адам жау басып алған аумақта партизандар соғысын жүргізді.

Партизандар қозғалысын құрылған Орталық штаб басқарды. Партизандар дұшпанның соғыс техникасын, әскери нысандарын талқандау, пойыздарды құлату, теміржол көпірлерін бұзу, байланыс желілерін үзу, неміс әскерлерінің штабтарын өртеу секілді операцияларды іске асырды.

Шын мәнінде тылдағы бүкілхалықтық күреске тән қасиеттердің бірі – кек алушы халықтың көпұлтты болуы. Партизан жасақтарында Украина құрамаларында 62 ұлт өкілі күресті. Мысалын, М.И.Шукаевтің партизандар жасағында – 79 қазақ, ал Екі мәрте Кеңес Одағының батыры С.А.Ковпактың құрамасында 70-тен астам қазақстандық, оның ішінде 56-сы қазақ болған.

Украинаның партизандар құрамалары мен жасақтарында – 1500 қазақ, Ленинград облысы жасақтарында – 220-ден астам, Смоленск облысының 15 жасағы мен бригадасында 270-тен көп қазақстандық ұрысқа қатысқан.

Белоруссияның әр аудандарында соғыс қимылдарына қатысқан жасақтар мен бригадалар құрамында 1500-нан аса қазақстандық болған.

Чапаев атындағы ірі партизан құрамасы жасақтары ішіндегі біреуінің командирі Қасым Қайсенов бір өзі 30 жау солдаты мен офицерінің көзін жойған. Украина партизандарының қатарында партизандар жасағының әскери саяси басшысы – политругі болған белгілі қазақ ақыны Жұмағали Саин ауыр жараланғанда, екі айға жуық партизандар оны зембілге салып өздерімен бірге алып жүріп, Ворошиловград облысы, Астықты Кремен ауданының бір хуторында көне кенші пәтерінде қалдырған. Қарапайым адамдар Жұмағали Саинды ажалдан аман алып қалған. Ел-жұрттың қамқорлығына бөленген, Донецк кенішінің мейірімділігін көрген ақынның жан дүниесінде өшпес із қалды, мәңгілік жырлап өтті.

Майданнан жараланып қайтқан ақын әскери достарының ерлігі туралы өлеңдер топтамасын жазды. Ақынның «Жорықтағы әндер» атты өлеңдер жинағын 1944 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы жарыққа шығарды. 1948 жылы оның «Айғақ», содан кейін «Таңдамалы» өлеңдер жинағы, «Алтай», «Таңғы леп» поэмалары басылып шықты.

Қазақстандықтар фашистерге қарсы Польша, Чехословакия, Венгрия және басқа да елдер аумағында қарсылық қозғалыстарына қатысты. Польша партизандар қозғалысын ұйымдастырушылар арасында Жамбыл облысының Шу ауданынан шыққан партизан қазақ С.О.Төлешовтің есімі жақсы танылды. Югославия мен Болгария аумағындағы көпұлтты батальон құрамында Кеңес Одағының батыры З.Құсайынов және Югославияның «Ерлігі үшін» орденімен марапатталған артиллерист С.Юсупов болды.

Үш ел Франция мен Италия және Бельгияның Қарсылық қозғалысы күрескерлерінің қатарында 180 қазақстандық жауға қарсы батырлық, ерекше табандылық көрсете күресті.

Қ. Слямбек