Алматы халқы Батырхан Шүкеновті еске алды

Алматы халқы Батырхан Шүкеновті еске алды
Фото: massaget.kz

Алматы жұртшылығы дүниеден озған танымал әнші, композитор, қазақ музыка өнерінің майталманы Батырхан Шүкеновті еске алды. Республикасы сарайы алдындағы алаңқайға жиналған халық әншінің әндерін айтып, гүл шоқтарын қойды.

Еске алу шарасын ұйымдастырушылар халыққа кештің өтетінін әлеуметтік желілер арқылы хабарлаған болатын. Ашық аспан астындағы еске алуға 400-ге жуық адам жиналды. Батырханды танытқан «Джулиядан» бастап, біршама әндері орындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның эстрада жұлдыздары да қалың көпшілікпен қосыла әндерін шырқады. Мұндай іс-шара Астана қаласында да ұйымдастырылды. 

Айта кетейік, осыған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Батырхан Шүкеновті еске алу концерттері Қазақстан бойынша өтетінін айтқан еді. Бұл туралы tengrinews.kz сайты хабарлаған болатын. Еске алу кештерінің нақты қай жерде және қашан өтетіні әзірше шешіліп жатыр екен. Концерт Мәскеуде де өтуі мүмкін. Бұл туралы мәлімет таяу уақытта хабарланатын болады. 

О. Сансызбай