Театр сыншысы Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтеді

Театр сыншысы Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтеді

22 қаңтарда сағат 11.00-де Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі Ж. Жабаев атындағы үлкен концерт залында белгілі театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор, аудармашы, педагог Әшірбек Төребайұлы Сығайды еске алу кеші өтеді, деп жазады baq.kz.

Кеш барысында саналы ғұмырын ұлттық мәдениетіміз бен төл өнеріміздің дамуы жолында зор еңбек етіп, артында мол мұра, өшпес ізін қалдырып кеткен сыншы тұлғаның өмірі мен өнері жайында үзеңгі достары мен әріптестері, қазақ зиялылары мен шәкірттері өз естеліктерінен сыр шертеді.

20-ға жуық кітап, әр түрлі өзекті тақырыптарға 1 мыңнан астам мақала жазған өнер қайраткері Әшірбек Төребайұлы өмірінің соңғы жылдарында өнер ордасы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етті. Білікті маман «Ес-аймақ» атты мәдени-танымдық пікірталас бірлестігінің негізін қалап, «Шабыт» журналының шығуына ұйтқы болды.

Еске алу кешіне Айман Мұсақожаева, Сауытбек Әбдірахманов, Кеңес Дүйсекеев, Талғат Теменов секілді өнер майталмандары қатысады.

сурет: jasqazaq.kz

Е. Қайрахан