Ә. Дербісәлі шығармаларының тарихи мәні мен рухани күші

Ә. Дербісәлі  шығармаларының тарихи мәні мен рухани күші

Ә. Дербісәлі – республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.  Ә.Дербісәлі ғылыми-шығармашылық, ұстаздық  қызметін   (бұрынғы атауы С.М. Киров атындағы) әл-Фараби  атындағы қазақ университетінің филология факультетінің араб бөлімінде де араб тілінен сабақ берумен және деканның орынбасары қызметінен бастаған болатын.   

Ә. Дербісәлі Қазақстандағы жас ғылым арабтану саласының негізін салды. Бірнеше жылды артқа тастап, алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де араб бөлімі мен Шығыс тілдер кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және тұңғыш деканы болды. Оның басшылығымен республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылып, кафедралары ұйымдастырылды. Қазақстан егемендік алып жатқан уақытта қазақ ғылымы шығыстанушы мамандарға  зәрулік танытып тұрған кез еді.    

Ә. Дербісәлінің осы атқарған ғылыми-шығармашылық қызметі қазақ топырағына өзінің шет елде танымал болып   туған еліне оралу сәтін күтіп жүрген атақты перзенттерінің Отанына оралуына үлкен ықпал еткені анық.

Алғашқы "Шыңырау бұлақтар" деп аталатын зерттеулері мен мақалаларынан бастап, "Мың бір түн" елімен Ежелгі араб жеріндеге арнаап жазған еңбектері, Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері туралы сыр шертсе, қазақ даласының жұлдыздары туралы жазған тарихи-филологиялық зерттеулері қазақ елінің  тарихи шындығы мен  ұлттық руханиятының мәнін асқақтатты.

Дебәсілі Әбсаттар қажы Ұлы даланың дара тұлғасы Әбу Насыр әл-Фараби туралы ғылыми – танымдық еңбектерін саралады, жинақтады  және аудару арқылы ұзақ ғылыми еңбек атқарды. Әр  елдердегі кітапханаларда сақталған араб, ағылшын, түрік, француз тілдеріндегі еңбектерін трактаттарын саралап, жинастырып  оқырманға ұсынды. Ол қазіргі университетіміздің әл-Фараби атымен аталуына да зор үлес қосты. Әбсаттар Дербісәлі 1975 жылы Алматы қаласында әл-Фарабидің 1100 жылдық конференциясына қатысқан болатын.

"Біз әл-Фараби, Абайды насихаттау арқылы Қазақстанды насихаттаймыз. Қазақ елін әлемге танытамыз,- десе, Әл-Фараби – тек қазақ халқының ғана емес әлемдік деңгейдегі тұлға. Біз әл-Фараби мен Абайды көтеру арқылы елімізді көтеріп, насихаттап жатырмыз. Осы тұлғалар арқылы Тәуелсіз еліміздің беделін арттырып отырмыз. Бұл кісі өмір бойы білім іздеген адам. Оны насихаттау әр адамның парызы деп ойлаймын. Ол келешек ұрпақ үшін қажет. Ресми деректерге сүйенер болсақ, 200-ге жуық шығарма жазған адам. Соның 100-ге жуығы бізге жетіп отыр. Әл-Фарабиді әлі де зерттеу қажет. Ол құпияға толы тұлға", – деді Әбсаттар Дербісәлі [1, 46 б.].  Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Әбу Насыр Әл Фарабидың жеті-сегіз трактаты жарық көрсе, "Халық тарих толқынында" бағдарламасы аясында Түркия кітапханаларынан оның жетпіс сегізге жуық трактатын алып келіп , қазақ еліне толықтай таныстыруға жағдай туғызды.

Ә. Дербісәлі қазақ топырағына тән, бірақ аты алталмай жүрген ғалымдар мен руханият көшбасшылардың шығармаларын  қазақ даласында, еліне,  Отанына оралтқызды. Оған мына сөзі дәлел бола алады : Әр жылдары жарық көрген “Қазақстан тарихында" Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауиден басқа ешкім де аталмайтындығы  жалпы олар туралы мағлұматтар өте аз екендігін айта келіп, өзінің 30 жыл беделінде мен қазақ даласынан шыққан 200-ден астам ғалымдар мен руханият қайраткерлері, даналар мен ойшылдарды тапқанын айтады. Бұл қажымай талмай ізденіспен келетін ғалымдық шығармашылық әрекеттің ең қиын асулары болатын. Тағы да "Даланың дана перзенттерінің аты-жөні қала, қыстақ, түрлі мекен атауына байланыстырылып әдетте түркістанилер (шауғарилер, йасауилер), исфиджаби-байдауи-сайрамилер, сығнақилер, иқанилер, аркөкилер, сауранилер, жендилер, таразилер, мерки, құлани, баласағұнилер деп аталса, ал ру-тайпаға қатыстылар дулатилер, қыпшақилер, найманилер, кердерилер, қоңыратлилер, адайи болып келеді - дей келіп,  ХVI ғасырларда ғұмыр кешкен Тараздан шыққан 60-тан астам таразилердi де ғылыми айналымға кіргізгенін, олар туралы бұрын сөз етiлмеген, жазылмаған, пайдаланылмаған, түрлi колжазбалардағы тың деректерді пайдаланып, 360 беттік монография жазған.

Алыс, жақын шетелдерде кітапханалардан табылған, шаң басып жатқан  жатқан Қазақстанның әрбір қаласы, соның ішінде Оңтүстіктегі әрбір шаһарының соның ішінде сол қалардың руханият өкілдерінің бет – бейнесі мен   терең тарихи сырлары мен тарихи шындығын  Қазақстан топырағына қайта алып келіп олардың халықтың рухани игілігіне жаратуға  Ә.Дербісәлі  көп еңбек сіңірді.  Қазақтың әрбір қаласы, кең байтақ өлкесі топырағынан қазына байлық төгіліп қана тұрған жоқ, руханият мекенінің алтын бесігі екенін  Ә.Дербісәлі  әлемге ғылыми және тарихи тұрғыдан дәлелдеді.

Бас мүфти болып тұрған тұста ғылымға деген сүйіспеншлігі мен махаббатынан еш айныған жоқ. Қазақстан егемендік алған жылдары.

Ә. Дербісәлі  зерттеуші ғалым ретінде "Отырардан шыққан Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана біледі. Мен тағы 32 әл-Фарабидің дерегін анықтадым. Өзге де Сайрами, Түркістани, Сығанақи, Женди, Таразилер қаншама! Қазақ даласы – осындай ғұламалардың киелі топырағы."-деп мақтанышпен айта білген айтулы ғалым зерттеуші болды. Ол Қазақстан шығыстану ғылымының өкілі ретінде Ирак, Солтүстік Иемен, Оңтүстік Иемен, Марокко, Жапония, Колумбия, Кашмир сияқты   көптеген мемлекеттерді аралады, дәрістер оқыды.  Қай елде болса да сол мемлекеттің қазақ даласымен олардың рухани өмірінің арасында үзілмес нәзік жіптің бар екенін анықтап соны айғақты деректермен, ғылыми айналымға түсіріп отырды. Ол өз жазбаларында былай дейді:  "Бірде Үндістанға барғанымда сол елдің ғалымдары: "Кашмирліктердің мұсылман болуында сіздердің аталарыңыздың үлкен рөлі бар. Моңғол шапқыншылығынан кейін Орта Азиядан 600 софы келіп, бізді ислам дініне енгізген" деп айтқан сөздерін айтады. Мен Кашмирде қызмет еткен, Түркістаннан шыққан оннан астам тарихи ғалым бабаларымыздың мұраларын таптым. Одан бөлек, Үндістанның астанасы Делидің оңтүстік жағындағы Тұғлақабад қаласында Имам Замин Түркістани деген кісінің кесенесін көрдім. Ол Мұхаммед Хайдар Дулати, Мұхамед Заһир ад-Дин Бабыр тұсында өмір сүрген ғалым екен. Бұл кісінің өмірі мен шығармашылығын зерттеу үстіндемін [1, 46 б.].

Ә. Дербісәлі Хайдари Дулатиге еңбектер жазуы тегін емес еді. Бұл еңбек тарихи, дереккөздерге өте бай.  Бұл еңбекте Орталық Азия, Үнді, Тибет , Шығыс  Түркістан,  Қазақстан, Қырғыстан , Өзбекстан сияқты бір – бірімен қоныстас, шекаралас елдердің  өмірі  мен тарихи шындығы айтылады, сондай –ақ  Алмалық,   Мұнар, Баласағұн, көне Тараз  қалалары туралы да тың мағлұматтар   арқылы қоғамдық –саяси өмірінен хабар береді.  Шығыс зертеушілерінің барлығы осы шығармадан өздеріне өз елі мен жеріне қатысты тарихи деректерді  осы еңбектен алған. М.  Хайдари  жазған " Тарихи-и-Рашиди"  16-шы ғасырдағы мұсылман әдебиетініңең маңызды ескерткіші Моғолстан өмірі туралы деректердің басты көзі екенін зерттеушілер бұрын да талай айтқан болатын. Осы ғылыми негізге сүйене отырып,  Ә. Дербісәлі Хайдари Дулатиге қатысты еңбек жазған, осы тақырыпқа қатысты бірнеше ғылыми еңбектер жазып қана қоймай, оның зерттелу тарихын басқа шетелдегі ғалымдардың зерттеулерімен салыстыра отырып қарастырған болатын. М. Хайдари жазған "Тарихи-и-Рашиди" 16-ғасырдағы мұсылман әдебиетініңең маңызды ескерткіші, Моғолстан өмірі туралы деректердің басты көзі екенін зерттеушілер бұрын да талай айтқан болатын. Ең алғашқы " Жаhан-наме" дастанын ежелгі түрік (шағатай тілі)  және Берлин нұсқасы бойынша жолма – жол аудармасын Қашқар нұсқасымен салыстыра отырып, ғылыми  транскрипциясын жазып, сөздіктерін жасаған.  Ә. Дербісәлінің  "Мұхамед Хайдар Дулати – көрнекті руханият және ғылым қайраткері" атты еңбегінде Х. Дулатиді әр қырынан қарастырған.

Тарихи шығармалар ішінен, әрине, Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашидиінің" қолжазбасы көңіл аударады. Оның Срингар университеті кітапханасындағы көшірмесін Кашмир ғалымдары XVI ғасыр соңына жатқызады. Моғолстан 14-16 ғасыр аралығында Шығыс Түркістанда болған мемлекет  белгілі мемлекет қайраткері Хайдар Дулати осы Моғолстанда өмір сүрген.  Мырза Хайдар "Тарих-и Рашиди", "Жахан наме"  атты классикалық шығармаларын қалдырды. Мырза Хайдардың   бұл еңбегі жалпы Тәжікстан, Иран, Үндістан, Пәкістан және де бірқатар Еуропа елдерінде бар. Соның ішінде Кашмир нұсқасын Мырза Хайдар өмір сүрген кезеңге ең жақынырағы деген басқа да зерттеушілердің пікірімен сабақтас. Мырза Хайдар Кашмирде 1532-1533 және 1540-1551 жылдары екі рет болған мерзімнің әуелгісінде ол бұл елде бірнеше ай ғана болса, ал екіншісінде мұнда билік құрды. "Тарих-и Рашидиді" Мырза Хайдар 1542-1546 жылдары дәл осы Кашмирде жазғандығын  ғылыми деректермен дәлелдеген болатын.

Ә. Дербісәлінің  "Мұхамед Хайдар Дулати – көрнекті руханият және ғылым қайраткері" атты еңбегі төрт тараудан тұрады. Төртінші тарау негізінен қосымша мәліметтерден тұрады. Бірінші тарауында Ә. Дербісәлі Хайдари Дулатидің ұстазы кім, оны осы жолға түсірген, бағыт – бағдар берген кім деген күрделі сұрақтардың жауабын іздейді.  Ол сұрақтың жауабын "Тарих-и Рашидиінен "тапқанын айтады. Ә. Дербисәлінің пікірінше Мұхамед Хайдар Дулатидің Қожа Ахмет Иссауи ілімдерімен сусындаған соның ұстанымдарын ұстанған деп дәлелдейді. Мұхамед Хайдар Дулатидің рухани жырларын екіге бөліп  қарастырады, біріншісі – сопылық , екіншісі философиялық жырлар жазған деген қорытынды шығарады. Оны екіге 1-лирикалық және философиялық деп тағы да екіге бөліп көрсетеді [2, 46 б.]. Бұл аталған кітаптың  келесі тарауы "Дара тұлға туралы ой-толғамдар" деп аталынады. Әлкей Марғұланның Х.Дулати туралы ғылыми-танымдық көзқарасының маңызын көрсетеді [3, 46 б.].

Сонымен қатар Хайдари Дулати еңбектерінің Ш.Уәлиханов пен Ә.Марғұлан арасындағы сабақтастықтың негізгі өзегін өзара жұптастырып талдау олардың идеялық жалғастығы  мен  мәнін саралап түсіну қажеттігіне де баса мән береді. Аталған тараушада Ш.Уәлиханов пен Ә.Марғұланның Хайдари Дулати туралы жазған деректі мәліметтерін келтіре отырып маңызды ұсыныстарын көрсетеді. Хайдари Дулатидің Кашмир тарихындағы алатын орнын Үндістан зерттеушілерінің назарын аударғаны туралы деректі  анықтамалық дерек көздерін пайдалана отырып құнды мәліметтер келтіреді. Осы аталған еңбектің төртінші тарауында алдыңғы үш тарауға қосымша деректермен толықтырылған. "Кашмирдегі рухани қазына", "Гималайдан асқан қазақтар"  мен "Хандар, әмірлер, түрлі билеушілер, ақындар, тарихшылар, дінбасылар, тайпалар мен руларға" қатысты тарихи және нақты анықтамалық сипаттама береді. [3, 46 б.]

Ахмет Заки Валиди М. Хайдари туралы: "Ол – тамаша  акын.  Оның шығармаларының тілі Бабыр мен Шайбақ ханның тілі сияқты қарапайым, баяндауы анық және айқын" деген пікірін негізге ала отырып, М. Хайдари парсы тілін еркін меңгеріп,  араб сөздерін парсы тілінің ерекшелікітерімен айтып жазған  дейді. Оның шығармаларының тілін араб, парсы тілінің ұйқастары, түркі сөздерінің тұратын ұйқастар және араб , парсы түркі тілінен тұратын ұйқастар деп үшке бөледі. Орта ғасырда ақындар түркі тілінде жазған.Оны түркітанушылар "шағатай", "ескі өзбек тілі"деп те атаған. Алайда олардың шығармаларында қазақ, қырғыз, түрік, ұйғыр жұртының тілдік элементтері ұшырасатын, бірақ бұл кезең түркі тілінің әлі аяқтан  тұрып кеткен кезі емес еді.

Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білікте" айтылған  сөздердің Дулати шығармаларында кездесетінін дәлелдеп салыстырады.    Атап айтқанда , изим  (егем, тәңірім) , кони (дұрыс, тура ),ойла ( уйла), рози (ризық), арзу (меркурий жұлдызы), кони (дұрыс, тура), тузим (пәк жүректі кісі), гандж (байлық), асру (өте , көп) т.б.  Жүсіп Баласұғынның поэмасы –  басқа түркі тілдес халықтармен де қазіргі қазақ жұртшылығының  да рухани қазынасы. Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" шығармасы ақылнама өсиет сөз ретінде одан кейінгі өмір сүрген талантты руханият өкілдерінің шығармашылығына арқау болғаны анық. Олай болса,  Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білікте "   ұшырасатын сөздердің  М. Хайдаридың шығармаларында кездесуі екі талантты руханият өкілінің пікір жалғастығы  және адамзат ақыл –ойының сабақтастығы деп тану керек.  М. Хайдаридың шығармаларындағы араб, парсы, түрік сөздерінің қатарласа келуі  немесе дыбыстық  өзгеріске ұшырауы тегіннен тегін емес. Оның тарихи шындығын  М . Қашқари өзінің "Түркі тілдері диуаны" сөздігінің алғы сөздігінде анық та  айқын жазылып тұр.  "Түркі тілдері диуаны" сөздігінде М . Қашқари  өзінің  қызыл сөзге жүйрік түркілердің бірі екенін, тегі өзінің жауынгер, өжет, озық екенін, сондай –ақ түркі халықтардың сөздерін анықтап алып,олардың әрбірінің тілі мен діліне етене жақын болғанын қалағанын сөздерін  алғанын айтқан болатын [4, 3 б.].   Жалпы сонау ерте де басталған түркі тілінің ортақтастығы мен сабақтастығын  Дулати еңбектерінің  Бабыр мен Саккаки көркем шығармаларының тілінде де кездесетінін айтады. М. Хайдари  Қашқарияға барған сапарында сол елдің тілінің элементтерін қолданған деген пікір айтады да оны мысалдармен дәлелдейді.   Мысалы, "бурнарақ" – бұрынырақ, "көзи бирла" –  көзіміз бірге, "туққан" – туыс, "йалғузун" -  жалғыз, "алибан" - алып алды т.б тілдік амалдар  жергілікті халық тілінің қолданыстағы сөздері деп жазады.

Сондай-ақ осы күні қазақ тілінде қолданылып жүрген, бірақ аз ғана дыбыстық өзгешеліктері бар сөздерді де атап көрсетеді.  Мысалы, ақ көңіл, аяқ, айланып, ашна, бада, бақыл, беймарал, бейрахым, бейхабар, қоржын, лағыл, мінәжат, сыр, сымбат,тәрбие, шат, шадыман, қашыр, күйіп  – жанып, өртеніп, сөз т.б.  басқа да сөздер ұшырасатынын айтады. Бұл жырда түрік, араб, парсы тілінде аралас келген  фразеологизмдер бар екеніне тоқталады. Дастанда 500- ден астам парсы, 460- қа жуық түркі , 370-ке  таяу аралас тілді болып келетіндігіне тоқталған.

Сондай-ақ  Әбсаттар  Дербісәлі  осы шығарманың өн бойында  жалпы Орта ғасыр жәдігерлері өркениеттің ескерткіштері болғандықтан адам рухын көтеретін тұрақты сөз тіркестері мен бейнелі оралымдарға бай келетіндігін де назардан тыс қалдырмады. Бұл шығармаларды шығарманың көркемдік қуатын көрсететін теңеу, эпитет, метофара тағы да басқа амал-тәсілдер жиі қолданылып шығарманың айшықты мәнін келтіретін эстетикалық тәсіл екенін де назарға алған болатын. Тілдің көркемдегіш амал – тәсілдері Құлтегін, Жүсіп Баласағүн ескерткіштерінде де жиі ұшырасатын, бұл көркем сөз орамдары  адам рухын, жан-дүниесін толғандыратын,  тебірентетін адам құпиясының  тереңіне апаратын мәнді ұғымдар болғандықтан, осы эстетикалық-тилистикалық тәсілдер  теңеу, эпитет, метофара, тұрақты тіркестерге де мән беріп олардан да мысалдар келтіреді.  

Әбсаттар  Дербісәлі М. Хайдаридың  шығармасын талдап отырып, халықтың рухына, таным-түсінігіне біте қайнасқан  өлмес мұраны қазақ еліне қайта жаңғыртты.  Қазақ халқының ойын жаңғыртып, санасына рухани жырдың мәні мен  мақсат – мұратын алға тартып таным диалектикасының қозғаушы күші ретінде әлемге мойындатқызды. Ол " Мұхамед Хайдар Дулати—көрнекті руханият және ғылым қайраткері" деп таныта отырып, замана бойына тарихи, әдеби,философиялық, тіпті сопылық пайымдауларын қазақ өркениетінің рухани жетістігі деп таныды. Ол талай елде дәріс оқыды, қазақ халқының  руханият әлеміне үлкен үлес қосты, көптеген елдің марапаты мен мадақтауларын ие болды,  Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымағы, діндер аралық түсіністік пен сыйластықты арттыруда да талай іс –шаралар атқарды,  ол оған тасыған жоқ.  Шейх Әбсаттар  Дербісәлі  қарапайым да қадірлі бітім – болмысымен қазақ елінің руханият жаршысы ретінде есте қалады.

 Дина Әлкебаева
Әл-Фараби атындағы атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,   
филология ғылымдарының докторы

Пайдаланған әдебиеттер

1. Дебәсілі Әбсаттар қажы. Әбу –Насыр әл –Фараби- Ұлы даланың дара тұлғасы. Алматы: - Қазақ университеті,2020.-420,б сур.

2  Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің Жаhан наме (Дастан)  [Құрастырған 1.   Дебәсілі Әбсаттар қажы.].  Алматы: - " Білім "  баспасы , 2006.432 бет.

3  Ә.Марғұлан Мұхаммед Хайдар Дулати  "Орта Азия мен қазақстанның ұлы ғалымдары" (1х-х1х ғасыр) Алматы, 1964. 260б.

4. Қашқари М. Түркі тілдер диуаны Үрімші. Шыңжан халық нәшрияты , 1-том .120б.

Н. Үсенова