Қолданбалы лингвистиканы қазақша сөйлеткен ғалым

Қолданбалы лингвистиканы қазақша сөйлеткен ғалым

Тілдің қолданыс аясын арттыруға қатысты мәселелердің шешімін табумен айналысатын «Қолданбалы лингвистика» ғылым саласы – түрлі өнімдерді дайындап шығарып, мемлекетті бай-қуатты ететін зауыт-фабрика іспетті. Қолданбалы лингвистика ғылымын дамыту – қазақ тілін цифрлы кеңістікте төрге шығару.

Қазақ тіл ғылымында «Қазақ тілінің бар байлығын цифрландыру зауытының» кірпішін қалаған ғалым – Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов.  Асқар Жұбанов Құдайбергенұлын өзге ғалымдар ғылымның соны соқпағына бет бұрған, «Қолданбалы лингвистиканы» ана тілімізде сөйлеткен, «Қолданбалы лингвистика» саласының көшбастаушы «ақсақалы» (Р.Сыздық), инженерлік лингвистиканың теориялық тұғырын жасаған Қазақстандағы бірден-бір ғалым (Б.Момынова) деп бағалаған болатын.

Ғалымның әрбір еңбегі «Қазақ тілінің цифрлық моделін» жасауға апарар жолды іздеп жазылғандай көрінеді. Себебі ең алғаш 1967 жылы К.Б. Бектаевпен бірге жазған «Частотные словари и информационные характеристики языка» мақаласынан бастап, 2016 жылға дейін жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде – «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» (КТҰК) жобасына жетекшілік етуі деп ойлаймыз. Корпус – ана тіліміздегі білімдер жүйесін сақтап, автоматтандырып, компьютердің «миын» қазақша ойландыратын,
лингвист мамандардың соңғы он жылдықта (бәлкім, одан да көп) ұсына алатын бірден-бір «өнімі» және тіл білімін зерттеуге қосатын жаңалықтардың бірі. Міне, Асқар Жұбановтың дарыны қазақ тіл ғылымы үшін алыстан көрінген асқар таудай болашақтың ісін бүгінге айналдырып, тауға барар жолды көрсетіп кетті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары ҚТҰК-ын  https://qazcorpus.kz/  жасау ісін үздіксіз жалғастыруды ғылыми мақсат етіп отыр. Себебі тілдің қолданысын ақпараттық технологиялар арқылы дамытудың негізі болатын ресурс – корпус. ҚТҰК-ын https://qazcorpus.kz/  ғалым Асқар Жұбановтың ғылымға қосқан өлшеусіз еңбегінің жалғасы деп білеміз.

Қазақ тіл ғылымында  «Қолданбалы лингвистика» саласының пайда болып, дамуы ғалым Асқар Жұбановтың 1967–1968 жылдары  Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспиранты болып оқуға түсуімен тікелей байланысты. Ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясы жас ғалымдарының бірінші ғылыми конференциясынан бастап, (1968 ж.) бүкілодақтық конференцияларда (1969 ж.) «Түркі тілдерін статистикалық және ақпараттық әдістер арқылы зерттеу» сынды тақырыптармен баяндама жасай бастайды. Баяндамада түркі тілдерін статистикалық тәсілмен зерттеу – тілдің ішкі табиғатына негізделіп жасалып, кітаби және сөйлеу тіліндегі сөздердің әр ыңғайда қолдану жиілігін анықтайды дейді. Мәселен, ақылды бол дегендегі «бол» етістігінің жиілігі кітаби тілде бірінші орында, ал сөйлеу тілінде екінші орынға түсіп отыр. Яғни «бол» сөзін ауызша тілден қарағанда, жазба тілде жиірек қолданамыз деген сөз. Міне, осындай зерттеу жұмыстары туралы баяндамалар жасаған. 1970 жылы Тіл білімі институтында статолингвистика саласының белгілі ғалымы болған Қалдыбай Бектаевтың жетекшілік етуімен «Тіл статистикасы және автоматтандыру» атты ғылыми топ құрылады. Ғалым Асқар Жұбанов осы кезеңдерде тілді статистикалық тұрғыдан зерттеумен жүйелі түрде айналысады.

Кейіннен қазақ тіл ғылымында әлі де жаңа бағыт болып саналатын «Қолданбалы лингвистика», «Компьютерлік лингвистика», «Корпустық лингвистика» ғылым салаларына арналған оқу құралдарын жазып шығады. Асқар Жұбановтың бұл оқулықтары жас ізденушілелердің теориялық қызығушылығын оятады. Алайда, оқулықты толық түсіну математикалық білімді қажет етеді.

Бір қызығы, ғалым Асқар Жұбанов әуелде математик болған. Кейіннен қазақ тіл ғылымының ғылыми негізін салған ғалым, әкесі Құдайберген Жұбановтың жолын жалғастырмақ болып тіл білімімен айналыса бастаған.

Батыс елдерінде «Қолданбалы лингвистика» термині XX ғасырдың 50 жылдары пайда болған. Ал ең алғаш конференция  60 жылдың басында өткен. ССР уақытында ең алғаш мәшинелік аударма мәселесі бойынша 1958 жылы жалпыодақтық конференция өтеді. Кейіннен құрылымдық және қолданбалы лингвистика бойынша жалпыодақтық студенттер арасындағы конференция ұйымдастырылған
(1965 ж.). Батыс және өзге де көршілес елдердегі «Қолданбалы лингвистика» саласының дамуы күн санап артуда.

Ғалым Асқар  Жұбановтың қазақ тіл ғылымының қолданбалы бағытта дамуына арнаған 46 жылдай ғұмырын – Қазақстандағы Қолданбалы лингвистиканың даму үстіндегі уақыты деуге болатындай.

Біздер қазақ тілінің шынайы жанашырлары мен жас ізденушілерін осы бағытта тілді зерттеп, дамытуға, үлес қосуға шақырамыз. Қазақ тіл ғылымының қолданбалы бағыты Асқар Жұбановтай білікті ғалымдарға зәру.

13 қараша – Асқар Жұбановтың 85 жас мерейтойы. Дәл осы күн жыл сайын елімізде «Қолданбалы лингвистика» саласының мерекесіне айналады деген сенімдеміз.

Меруерт НҰРЛАН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты,

Қолданбалы лингвистика

бөлімінің қызметкері

Қ. Слямбек