Мұқағали жырлаған "өре" жайлы не білеміз?

Мұқағали жырлаған "өре" жайлы не білеміз?

Биыл туғанына 90 жыл толған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың "Нені аңсаймын" атты жырында "Сені аңсаймын, қайнаған ақ бас тау­­лар, Ақ бас таулар – самайын ақ бас­қандар. Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар, Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар" дейтін бір шумақ тіркесі бар. Осында айталған "өре" атауы жайлы тәпсірлесек...

Бұл атау қазіргі таңда қолданыста жоқ. Қазақ бабам айтқандай, "Көзден кеткен соң, көңілден болады өзге". Бірақ ежелгі қара өлеңдерде, сондай-ақ қазіргі ақын-жазушылар шығармасында қадау-қадау кездеседі. Соның бірі Мұқағали жырында "Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар" деп сипатталса, марқұм ақын Жәркен Бөдеш "Ауыл сағынышы" атты жырында "Өреден ірімшігін ап қашатын, Сағындым кезқұйрығын, қарғасын да..." деп толғапты.

Ендеше, Мұқағали мен Жәркен жырлаған "өре" жайлы не білеміз? Өз басым өрені көрдім, жақсы білемін. Біздің елде өресіз үй болмайтын. Жаз жайлауға шыққан жұрт саба пісіп, іркіттен сарымайын айырған соң қалғанын қайнатып құрт жасайды. Яғни сары суы сүзілген жалпақ жарманы бөліп-бөліп, өреге самсатып жайып қояды. Өреде жаюлы тұрған құрт-ірімшік, басқа да дәмді тағамдарды ауыл балалары іле қашып жеп жүреді. Мұқағали ақын жырлаған "кезінде өреден құрт ап қашқан, қазіргі ақ бас шалдар" – дәл осы балалар. Сол сияқты өреде жаюлы тұрған дәмді тағамды ауыл маңында тышқаншылап жүрген кезқұйрық та, қарға да іліп әкетіп жеуге құмар. Жәркен жырлаған кезқұйрық пен қарға осы.

Өре жайлы айтпас бұрын, мына бір оқиға есімнен кетпейді. Шамамен он жасар баламын. Дөнен шығар жирен сәурікті шаужайлап көрші ауылға бардым. Жұмабай дейтін шайқылау атамыз бар еді. Жарықтық есік алдындағы өренің астында көлеңкелеп жатыр, өренің үстінде Кеңес заманында Рига қаласында шығатын "ВЭФ-202" радиоқабылдағышын дауысын барынша қатайтып іліп қойыпты. Ойымда ештеңе жоқ: "Ассалаумағалейкум ақсақал, радио тыңдап жатырсыз ба?" десем, "Қайдағы тыңдаған, ана кезқұйрықтар өреден құрт іліп қашып ығыр қылды, соларды үркітіп отырмын", дейді шайқы атам.

Енді айналып өреге келейік. Вики­педияда "Өре – құрт-ірімшік сияқты сүттен жасалған тағамдарды кептіруге арналып, ағаштан жасалған сөре" деп анықтама беріп, әрі қарай жасалу тәртібін баяндайды. "Ұзынша төрт тіреуіш ағашты жерге қаққаннан кейін, екі ұзын жанағашты ашаларға кигізіп, олардың басына қысқа жанағаштарды көлденең орналастырып, жіппен немесе қайыспен біріктіріп, үстіне тоқылған ши жабады. Дайын болған соң бетіне кептірілетін тағамдар қойылады. Сондай-ақ жанағаштар жетіспеген жағдайда бір жақ шетін киіз үй  маңдайшасына тіреп, екінші басын екі тіреулік ағашқа бекітіп те жасайды" депті.

Сол сияқты 2014 жылы жарық көрген "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі" атты бес томдық энциклопедияның бесінші томының 49-бетінде: "Өре – құрт-ірімшік сияқты ақ тағамдарды кептіруге арналған құрал. Өреге жаздың жаңбырсыз ашық күндері құрт-ірімшік жайып кептіреді. Әдетте, өрені үйдің алдындағы ашық алаңқайға ұзындығы екі құлаш, ені бір құлаш аумаққа төрт діңгекке орналастырады. Діңгектің бастарын сырық ағашпен байланыстырып, арасына шабақ ағаштар қойылады. Үстіне өре ши немесе шыпта ши деп аталатын арасы сирек тоқылған ши төселеді. Бұндай сирек тоқылған шидің үстіне жайылған құрт-ірімшіктің астынан жел кеулеп, оның көгермей тез дегдуіне септігі тиеді" деп жазыпты. Бұлардың қай-қайсысы да дұрыс. Тек бір-бірін толықтырып тұр.

Өре атауы екінші тараптан ауызекі тілде тұрақты сөз тіркесіне де айналғаны байқалады. Мысалы, қанша жерден талпынып, талаптанса да жетістігі шамалы адамды "өресі жетпеді" десе, мемлекет және қоғам қайраткерлерін "Өресі биік өр тұлға" деп бағалап жатамыз. Яғни өре биік, ағашы берік болса, оның үстінде тұрған дәм-тағам да сенімді сақталады. Ал өре аласа болса, оның үстіндегі дәмді бала-шаға, ит-құс іліп әкетіп тоқтатпайды. Демек атам қазақ жігіттің тұлғасын, білімі мен ақылын осы өреге теңеген.

Егемен Қазақстан 

Қ. Слямбек