Қазақтың алғашқы ғылым кандидаты

Қазақтың алғашқы ғылым кандидаты

Бақтыкерей Құлман деген Алаштың ақсұңқары болған. Қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты.

Бақтыкерей – төре тұқымынан, сұлтан әулетінен. Әбілқайыр хан – Нұралы хан – Есім сұлтаннан тараған. Ол 1859 жылдың 22 желтоқсанында қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1872 – 1881 жылдары Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқып, оны күміс медальмен тәмамдаған санаулы қазақ баласының бірегейі.

Оқуға ынтық, зерек те, алғыр төре баласы 1881 жылы қияндағы еуропаның ең көрікті шаһары, сол замандағы мәдениет орталығы, өркениет пен руханият ордасы –  Петерборға барып, емтихан тапсырып, Императорлық университеттің тегін оқытатын бөліміне түседі. Бүгінгі жүйемен айтқанда, гранттық оқумен мүмкіндігін иеленген. Бақтыкерей бастапқыда заң факультетіне түсіпті. Архив құжатымен танысып отырып, оның 1 курсты қатарынан үш жыл оқығанын байқадық. Сөйтсек, оқу бөліміне, деканатқа өз еркімен арыз жазып, «заңтану», «заң ілімдері», «конституциялық-құқықтық ережелер», «полицейлік құқық», «саясаттану» курстарын толық меңгеруі үшін қайта-қайта қызығып, құнығып оқыпты.

1884 жылы оқу орнының басшылығы оны 2 курсқа көшіру керектігі туралы талап қояды. 2 курсқа өткен қазақ баласы ары қарай білімін шығыстану факультетінде оқуды жөн санапты.

Шығыстану факультетінде оқуда қатарының алды, озаты болыпты. Араб, парсы, осман, татар тілдерін өте жақсы меңгеріп, сол тілдердің грамматикалық-лексикалық ұқсастықтарын зерттеуге ден қойып, профессорларды таңғалдырыпты.

Оның оқу үлгерімі туралы мінездемесінде факультет оқытушылары өздерінің ақеділ пейілдерін жазып, жоғары бағалаған. В.Григорьев, В.Радлов, Н.Веселовский сынды атақты профессорлардың сүйікті шәкірті болған. Шығыстану факультетін үздік тәмамдаған соң, екі жылдық аспирантурасын оқып тауысқан. Архив қорында 1889 жылдың 9 наурызында берілген №877 диплом куәлігі сақталған. Біз тапқан олжа – осы.

Сонымен, Бақтыкерей Құлман – қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алып, диссертация қорғаған ойы ұшқыр ақыл-ой иесі. Шоқжұлдыз Шоқаннан соң, шығыстану саласында өшпес із қалдырған, орыс ғұламаларын қызықтырған сәулелі үркер еді...

Еңбексүйгіш, ізденгіш студенттің оқу үлгерімін ескеріп, аспирантураға алып қалған факультет оқытушылары аспирантураға қалдырып, оқуына мұрсат берген екен. «Ұша білген қанатқа дүние кең» дегендей, білім теңізінде еркін жүзіп, шығыс халықтарының қызық та, құпиясы мол әлеміне зор құлшыныспен еніп-ақ кетіпті. Оның кандидаттық ғылыми ізденісі – шығыс халықтарының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктері хақында болыпты.

Бәлкім, алдағы уақытта тұлғаның диссертациялық жұмысын қазіргі әліпбиге түсіріп, ғылыми түсінігі мен алғысөзін жазып, оқырман назарына ұсынармыз. 1888 жыл­дың 17 қыркүйегінде Петербор Императорлық университетінің Ғылыми кеңесі ізденуші Бақтыкерей Ахметұлы Құлманға ғылым кандидаты дәрежесін беру туралы шешім шығарған-ды.

Петербор архивінде гимназист Бақтыкерейдің аттестаты да сақталған-ды. Орынбор гимназиясын бітіргендігін дәлелдейтін құжатта: «Математика – 5, мұсылман діні – 5, логика – 5, латын тілі – 5, француз тілі – 5, жағырапия – 5, тарих – 5, орыс тілі мен әдебиеті – 5, физика – 5, математикалық жағырапия – 5» деп жазылған. Оқуға деген ынта-ықыласы, тәртібі, ғылымға деген сүйіспеншілігі зор болған.

Ғылымға ынтық, заң және құқық ілімдерін үш жыл оқыған, орыс, француз, татар, парсы, араб, осман тілдерін жетік меңгерген, шығыстану ғылымына ынтызар болған қайран ер «ерге – тұсау, зорға – бұғау» болған саяси қысымы мен тауқыметі мол заманда ілім жолына түсіп, қанатын кеңінен жая алмай қалды.

Елдос Тоқтарбай 

Turkystan.kz

Қ. Слямбек