Кен Робинсон: Мектеп адамның талантын қалай басып тастайды?
Фото: ted.com

Кен Робинсон: Мектеп адамның талантын қалай басып тастайды?

21 тамызда адам каптиалын дамыту бойынша халықаралық консультант, білім беру саласының білгірі Сэр Кен Робинсон қайтыс болды. Ол шығармашылық қабілет, креатив ойлау, білім беру, инновация саласында еңбек етіп, бірнеше кітап жазған. АҚШ, Еуропа, Азия елдеріне адам капиталын дамыту, білім беру саласы бойынша кеңес берген.

Робинсонның 2006 жылғы TED конференциясындағы "Мектеп адамның талантын қалай басып тастайды?" деген дәрісі әлі күнге дейін қаралымы көп видео саналады. Мұнда ол мектептердің тест пен жаттанды білімін, балалардың креатив ойлау жүйесінің шектеліп жатқанын сынға алған. Робинсон дәрісінің негізгі айтары – балалар да жеке тұлға, олардың да өз қалауы, қорқынышы, үміті мен мақсаты бар. Оларға біз жеке тұлға емес, зауыттағы машина деп қарай беретін болсақ, балалардың мектепке деген қызығушылығы төмендей береді.

Назарыңызға Кен Робинсонның дәрісін ықшамдап ұсынамыз.

Мен білім беру мен шығармашылық туралы айтып бергім келіп тұр. Менің ойымша, сауатпен қатар шығармашылықтың да маңызы бар, біз шығармашылыққа өзіне тиесілі мәртебе беруіміз керек сияқты.

Мен мына бір оқиғаны айта бергім келеді. Алты жастағы қыз бейнелеу өнері сабағында соңғы партада отырып бірдеңе салып жатыр екен. Ол сабаққа мүлде ден қоймай, бірақ асқан құштарлықпен сурет салып жатты. Содан мұғалім "Ненің суретін салып жатырсың?" деп сұрайды.

– Құдайдың портретін салып жатырмын, - дейді қыз,
– Бірақ Құдайдың қандай екенін ешкім білмейді ғой?!
– Қазір білетін болады.

***

Менің ұлым төрт жаста болғанда, Рождество қарсаңындағы спектальде ойнайтын болды. Сол спектакльде үш сиқыршының рөлін сомдаған үш бала рольдеріне сай сыйлықтарын шатастырып алыпты. Спектакльден кейін олардан "бәрі жақсы өтті ме?" деп сұрадық. Олар бұл сұрақты жақтырмаған күйде қолдарын бір сермеп, спектакльдегі рольдерін қайталаған болып жерге қораптарды кезек-кезек қоя бастады:

– Мен саған алтын әкелдім, - дейді бірінші бала.
– Мен саған мирра әкелдім, - дейді екіншісі.
– Мен саған… жарайды, мә! - дейді үшінші бала.

Бұл екі әңгімеге ортақ нәрсе бар – балалар тәуекел ете біледі, олар бірдеңеге сенімсіз болса да соны істеуден тайынбайды. Олар қателесуден қорықпайды. Қателесу мен шығармашылықты дамыту (еркін ойлау) бір нәрсе емес, әрине, бірақ қателесуге дайын емес адам жаңа нәрсе жасап, кретив ойлай алмайды. Қателесе білу керек. Бірақ балалар өсе келе бұл қабілетінен айырылып, қателесуден қорқа бастайды. Дәл солай біз компанияларды басқарамыз, қателікті кешірмейміз. Біздің білім беру жүйесі де қателікті кешірмейтіндей құрылған. Нәтижесінде, біз адамдарды шығармашылық қабілетінен айырып жатырмыз.

Балалардың барлығы суретші болып туады деген екен Пикассо. Мәселе олардың өсе келе суретші болып қалуында. Біз шығармашылық қабілетімізді дамытпаймыз, одан ажырай береміз. Тіпті бізді одан айыруы да мүмкін.

Біз отбасымызбен Англиядан Америкаға көшкенде бір нәрсені байқадық. Мектептегі пәндердің иерархиясы барлық жерде бірдей – математика мен тілдер бірінші орында, одан кейін гуманитарлық пәндер, сосын барып өнер сабақтары. Бұл бүкіл әлемде осындай. Шығармашылық пәндердің өзінде иерархия бар: бейнелеу өнері мен музыка театр өнері мен хореграфияға қарағанда приоритетке ие. Дәл математика сияқты би өнеріне үйрететін ешбір білім беру жүйесі жоқ шығар. Неге солай жасамасқа? Меніңше бұл өте маңызды нәрсе. Математиканың маңызын жоққа шығармаймын, бірақ балалар үшін билей білген де маңызды.

Егер бөгде планеталық біздің білім беру жүйемізге қызығып зерттесе, Жер бетіндегі мектептер университет профессорларын дайындауға арналған деген қорытынды жасар еді. Солай емес пе?

Менің профессураға еш қарсылығым жоқ, бірақ олар адамзат жетістігінің көрсеткіші емес. Бұл тек жеке бағыт.

Білім беру жүйесінің идеалы ғалым болып кетті, мұның өз себебі бар. Мемлекеттік білім беру жүйесі ХІХ ғасырда пайда болып, индустриялық революция қажетін өтеуге бағытталды. Пәндер иерархиясының екі негізі бар.

Біріншісі: жұмыс табуға пайдалы пәндерге приоритет берілген. Мектепте сіз қызыққан пәндерге еш мән бермеген болар, себебі сіз оны өз кәсібіңізге айналдыра алмайсыз деген түсінік бар. "Музыканы қайтесің, сабақ оқы; суретті не қыласың, сабақ оқы". Жақсы әрі қате кеңес. Біздің әлемді революция жайлаған.

Екіншісі: мәселе ғылыми қызметте. Ол бізге интеллекті қабілетінің үлгісіне айналды, себебі университеттер бұл жүйені өз ығына қарай қалыптастырған. Ойлап қарасақ, мемлекеттік білім беру жүйесі – университетке түсу жолындағы ұзақ процесс. Нәтижесінде өте талантты адамдар өзін олай санамайды, себебі оның сүйікті пәніне ешкім мән бермейді. Меніңше бұлай болмауы керек.

Дипломның құны түсіп бара жатыр. Солай емес пе? Менің студенттік шағымда дипломың болса, жұмысың болатын, ал жұмыссыз жүрсең – ол өзіңнің таңдауың. Ал қазір студенттер оқу бітіргеннен кейін үйге барып видеоойын ойнайды. Себебі бұрын бакалавр жеткілікті болған жұмыс орнына магистр керек, ал оның орнына ғылым кандидаты қажет. Бұл – білім беру саласындағы инфляция. Біз сана туралы түснігімізге басқаша қарауымыз керек сияқты.

Біз сана туралы үш нәрсені білеміз: ол алуан түрлі, алдамшы және әр адамның өз санасы бар.

Мен жаңа бір кітабымды дайындап жатырмын, онда өз талантын аша білген адамдармен сұхбаттар топтастырылады. Бұл кітапты шығаруға мені мына бір әңгіме түрткі болды. Джиллиан Лин, бұл кісіні көбі білмейтін шығар, ол – хореограф. Джиллиан "Мысықтар", "Опера елес" сияқты мюзиклдерді қойған. Ол өте тамаша кісі. Джиллиан бірде маған өзінің биге қалай келгенін айтып берді. Бұл өте қызық оқиға. 1930 жылдары мектепте оқып жүрген шағында энергиясы тасып тұрса да оны талапсыз, оқуға қабілеті жоқ оқушы деп санаған. Сыныптастарына кедергі жасап, үй жұмысын уақытылы өткізбеген. Мұғалімдер оның оқу үлгерімі мен тәртібі туралы ата-анасына шағым көп жасаған.

Содан оны дәрігерге апарған. Анасы дәрігермен сөйлесіп жатқанда, тіпті өзіне сұрақ қойып мектептегі проблемасы туралы сұрағанда Джиллиан қолын аяғының астына салып қойып, немқұрайлы күйде 20 минут бойы отырған. Сөйтіп дәрігер оның қасына келіп, анасымен жеке сөйлесу керегін айтып, оны кабинетте жалғыз қалдырып кетеді. Дәрігер кабинеттен шығып бара жатып радионы қосып кетеді. Содан дәрігер Джиллианның анасына есіктен сығалап қызының не істеп жатқанын қарауды сұрайды. Сөйтсе Джиллиан орнынан тұрып музыка ырғағымен билеп жатыр екен. Олар оның биіне бір-екі минут қарап тұрыпты. Кейін дәрігер анасына былай депті: "Лин ханым, Джиллиан ауру емес. Ол – биші. Оны хореография мектебіне беріңіз".

Содан анасы бұл кеңеске құлақ асып, оны хореография мектебіне берген. "Мен өзіме ұқсайтын адамдарға толы бөлмеге кірдім, мұнда ешкім жайдан-жай отыра алмайды", - дейді ол. Кейін Джиллиан корольдік балет мектебіне қабылданып, әдемі мансап жасаған. Ал егер әлгі дәрігердің орнында басқа біреу болғанда, дәрі жазып бере салып, Джиллиан мұндай жетістікке жетпес пе еді?!

Менің ойымша бәрі бір нәрсеге келіп тіреледі. Эл Гор жақында экология мен революция туралы дәріс оқыды. Содан түйгенім, біздің болашаққа деген үмітіміз – адам экологиясының жаңа концепциясын қабылдау, сонда біз адамның мүмкіндіктеріне басқаша қарай бастаймыз. Білім беру жүйесі біздің санамызды біріздендіріп жіберді. Біз бұдан бас тартып, балаларымызға білім беру принциптерін жақсылап ойластыруымыз керек. Біз алуан түрлі болмысымыздың, шығармашыл қабілетіміздің және балаларымыздың қадірін білуіміз қажет. Себебі олар біздің үмітіміз.

⠀. Massaget⠀