Ион алмасу химиясының негізін салушы. Әлем державалары көз тіккен Еділ Ерғожиннің өмірі жолы

Ион алмасу химиясының негізін салушы. Әлем державалары көз тіккен Еділ Ерғожиннің өмірі жолы

Көп оқушының химия сабағына қатысты өз естелігі бар. Бұл пән Менделеев кестесі, Беттгер жанартауы, колбалар мен қиын формулалар сияқты түрлі затқа байланысты есте қалуы мүмкін. Бірақ тек талантты адамдар ғана химияның шын кереметін тани алады. Сондай тұлғаның бірі – қазақстандық танымал ғалым Еділ Ерғожин. TengriMIX ғалымның өмір жолын баяндап, ғылыми жетістіктерін жариялады.

Қазақстандық белгілі ғалым Еділ Ерғожин шаруа отбасында өскен, бірақ ол Абылайханға кеңесін беріп отырған Жылкелді бидің баласы Ескелді би батырдың руынан шыққан. Ескелді бидің анасы - Ұланбике - ұлы жүздің биі, шешен, ақын, қазақтың "Жеті жарғы" заңдар жинағының авторларының бірі Төле би Әлібекұлының кенже қызы. Ескелді би жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын жорықтар жасап, қазақ халқының тәуелсіздігі мен амандығы үшін күрескен.

Балаға есім қойғанда үлкендер халықтың тарихымен байланыстыруды жөн көріпті. Еділ - қазақтар Волганы осылай атайды. Еділдің ата-бабасы жоңғарларға қарсы жорықтар кезінде дәл осы арнасы кең өзенге бет алған екен. Ата-анасы баланың мықты әрі мейірімді жан болып өскенін қалады.

Еділ Ерғожин, 1942 жыл

Еділдің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ерғожиндер отбасы майданнан тағатсыз хабар күтті. Оның ағасы Елеусіз (1923-1982 жылдар өмір сүрген) мектеп бітіре сала Ұлы Отан соғысына аттанып, Берлинге дейін барған. Кеңес әскері Берлинді алып жатқанда Елеусіз Ерғожин басына ауыр жарақат алған.

Еділ әкесімен, жанында әкесінің бауыры Белтай мен оның әйелі Бикамал, сондай-ақ бауыры Қаби мен әпкесі Зейнеш 

Бала Еділ

Әпкелері мен бауырларының ортасында. Солдан оңға қарай: Күлән Нұрхатова, Зейнеш Ерғожина, Қаби Әбішев, Еділ Ерғожин және Елеусіз Ерғожин

Бес жасында Еділ әкесінен айырылған. Бар қиындыққа қарамастан ағасы мен анасы оған бақытты балалық шақ сыйлағанын қимастықпен еске алады ол. Сол кездің өзінде бала Еділ отанды қорғау мен жақын адамнан айырылудың не екенін біліп өскен. Соның әсерінен болар, отбасы мен отанға деген махаббат ол үшін ең қасиетті саналады.

Қойшының көмекшісі химик болуды армандаған

Еділ Ерғожин (екінші қатар, оң жақтан екінші) бірінші сыныпта

Еділ химияға тоғызыншы сынаптан бастап әуес болды. Сол жылдары КСРО-да "Химияны өмірге" лозунгы танымал еді. Оқушысы, әріптесі Баян Мұхитдинованың айтуынша, бұл ғылым ең қажет әрі маңызды саналған. "Бұл мамандыққа конкурс өте қатаң еді. Ең лайықты деген, сәттілік серігі болған, мақсатына берік талапкерлер ғана оқуға түсе алатын", - дейді ол.

Еділ Ерғожин, 1958 жыл

Еділ химфакқа оқуға түсті, бірақ бірінші тапсырғаннан түсе алмаған болатын. Конкурсқа қатысқандар санында шек жоқ, бір орынға 50 адамнан келетін, одан өтіп, оқуға түсуге бір ғана балл жетпей қалыпты.

Еділ химия факультетінің студенттерімен бірге, 1959 жыл

Еділдің химия факультетіне түсіп, ғылыммен айналысуға деген арманы таным көкжиегін кеңейтуге сеп болды. Төгілген маңдай тері мен өз бетінше оқуы бекер емес екен - Еділ емтихандардан сәтті өтіп, 1958 жылы студенттік өмірге аяқ басады.

Профессорларды таңғалдырған жас ғалым

Студенттің қуатқа толы болмысы, еңбексүйгіштігі мен ғылыммен айналысуға декен құлшынысы химия факультетінің деканы Батырбек Бірімжановты қатты таңғалдырған. Үшінші курста оқып дүргенінде профессор Еділді Химия ғылымдарының институнына алып келеді. Сөйтіп оны ғылым жолына жетелей түседі.

Мұнда да студент профессорларды таңғалдырып, 27 жасында-ақ оған ірі лабораторияны басқаруға сеніп тапсырады.

“Жұлдыздарға сенсек, 7 қарашада туғандар қоршаған ортадағының бәріне, әсіересе, өз кәсіби саласына қатысты нәрсенің бәріне қызығатын көрінеді. Олардың бойында зерттеушілердің табандылығы бар. Олар бүкіл энергиясын зерттеуге жұмсайды. Бұл Еділ Ерғожаұлына тән қасиет”, - дейді Баян Мухитдинова. 

Жас ғалым шенеуніктердің де көзіне түсе білген. Оның ұйымдастырушылық қабілеті 1975 жылғы қыркүйекте Алматыда өткен ХІ Менделлев съезінде байқалады. Ол съездің жауапты ғалым-хатшысы болып тағайындалады. Съезге аты танымал ғалымдар қатысты: Нобель сыйлығының лауреаты Николай Семенов, үш рет Социалистік Еңбек ері атанған Яков Зельдович, КСРО Ғылым академиясының академигі Василий Коршак. Қатысушылардың айтуынша, химиктер форумы Еділ Ерғожаұлының арқасында жоғары деңгейде өткен.

Ғалымның тапқырлығы

Бесінші курста оқып жүргенде Еділ ион алмасу химиясының Бүкілодақтық конференциясында және Фрунзеде өткен Орталық Азия республикалары мен Қазақстан ғалымдарының VI ғылыми конференциясында ғылыми баянадама оқыды. Оның еңбегі КСРО Жоғары және арнайы орта білім министрлігінің бірінші дәрежелі дипломына лайық болды.

Түрлі шытырман оқиғалар да болып тұрған, бірақ оның тапқырлығы мен өзіне деген сенімділігі шешім табуға ықпал еткен.

Еділ Ерғожаұлы Мәскеудегі Қызыл алаңда, 1964 жыл

“Халықаралық қатынас тілі саналатын ағылшын тіліне деген қызығушылық Еділ Ерғожаұлында жас кезінде-ақ пайда болған. Ол 1968 жылы Братислава қаласында өткен халықаралық симпозиумдағы болған оқиғаны еске алғанды жақсы көретін. Ерғожин өзінің ғылыми жетекшісі Рафиковпен бірге Чехословакияға барарда ғылыми баяндамасын неміс тіліне аударып шығады. Бірақ ұйымдастырушылар орыс, неміс тілінде оқуға тыйым салады. Рафиков оған мәтінді ағылшыншаға аударуға көмектеседі. Ерғожин мектепте тек неміс тілін оқығандықтан түсінбейтін сөздерінің тұсына қазақша транскриптімен айтылуын жазып қойған. Содан не керек, ғалым баяндамасын сәтті оқып шығады, тіпті ешкім оның ағылшынша сөйлей алмайтынын білмей қалады. Бірақ баяндама оқылып біткеннен кейін залдан сұрақтар қарша жауады. Ғалым еш саспастан алдын ала дайындап қойған сөздерін айтып береді. Ол сөздерде ғалымның ағылшыншаны әзірге білмейтіні, сұрақты өзінің ғылыми жетекшісіне қоюы туралы айтылған”, - дейді химия ғылымдарының докторы Айгүл Садырова.

Талапкерлер қайда түсетінін таңдап жатыр, Еділ бірінші қатарда. 1957 жыл

Кейін ол орыс, неміс, ағылшын тілдерін меңгеріп, ғылыми баяндамаларын Германия, Түркия, Чех Республикасы, Франция, АҚШ және өзге елдерде өткен 40 халықаралық симпозиумда оқиды.

Ерғожиннің жоғары молекулалық қосылыстар, мембрана технологиясы және ионалмасу химиясы саласындағы теория мен практикаға қосқан үлесі КСРО мен шетелдерде танымал болды.

Докторлық диссертациясын жазу үстінде 

“Оны америкалықтар, француздар, немістер өздеріне шақырған. 90-жылдары оны Бельгиядағы ғылыми лабораторияға да шақырды. Бірақ ол шешімді тек Қазақстан пайдасына таңдайтын, себебі ол нағыз патриот еді. Десе де сол кезең химия институтының қиын кездері еді. Бірақ ол мойымай қызметкерлеріне қамқор бола білді”, - дейді Садырова.

Қаныш Сәтбаевтың өсиеті

1962 жылдың маусымында Қазақ КСР Ғылым Академиясының бірінші президенті, академик Қаныш Сәтбаев Химия ғылымдары институтының ион алмасу шайырлары зертханасына келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысымен танысқан. Онымен бірге институт директоры Әбікен Бектұров еріп жүрді.

Олар ион алмасу шайырлары мен мембрана саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту туралы сөйлесіп тұрған сәтте студент Ерғожин жетеккүштегі синтезге эксперимент жүргізіп жатқан еді. Қаныш Имантайұлы оған қарай берді. Ол сөйлесіп болғаннан кейін студенттің жанына барып, онымен амандасып былай дейді:

"Сіз арпа қабындағы жалғыз бидайдың дәні сияқтысыз", - сосын ғалым аты-жөнімді және оқу орнымды сұрады. Студент жауап берген соң ол "А, сіз Баташтың студенті екенсіз ғой" деді. Декан Батырбек Бірімжановты осылай атайтын.

Қоштаса келе ол студентке ғылымда талапты болуды, қайтпай, беріспей еңбек етуді әрі қатарының алды болуды тіледі. Ұлы ғалымның бұл сөздері оған өсиет болды, бұл сөздер оған қатты әсер етіп, ғылымның қиын жолымен қайтпай жүруіне ықпал еткен еді.

Сүйікті альма-матер

1980 жылдың наурызында 27 жыл химия факультетінің деканы болған Батырбек Бірімжанов жұмыстан шығуға өтініш жазады. Ректор оның орнына Ерғожинді ұсынады. Ерғожин оны тек өз шартымен қабылдайтынын айтады: “Волга” қызмет көлігі жүргізушімен бірге бейорганикалық химия кафердрасының меңгерушісі Батырбек Ахметұлына берілуін, оның кабинетіне жөндеу жұмысы жүргізіліп, жиһазын ауыстыруды талап етеді. Оның талабы орындалады. Ерғожиннің осындай адал ниеті, әріптестеріне қамқорлығы оны өзгелерден айрықша етіп тұратын.

Курстасы Шерияздан Тоқаевпен бірге, 1960 жыл

1980 жылы химия факультетінің деканы болды. Бұл қызметте Еділ Ерғожаұлы 1983 жылғы қарашаның ортасына дейін жұмыс істеді. Артынша Сергей Киров атындағы ҚазМУ-дың бірінші проректоры, кейіннен ректоры және білім және ғылым вице-министрі болды. Ол оқу процесіне жетекшілік ете жүріп, биомузей құрылысын басқарды, ректорат, кітапхана, эспланада, Тимирязев көшесіндегі жер асты өткелінің құрылысын қадағалады. ҚазМУ қалашығының көгалдануына жауап берді.

1986 жылы КОКП ОК Секкретариаты Ерғожинді университет ректоры етіп тағайындайды. Ол университеттің ғылыми кеңесі мен Алматы, Талдықорған ЖОО-лары ректорларының кеңесінде төраға болды. Оны ҚазССР-нің Жоғарғы Кеңесінің ғылым мен техника бойынша комиссиясының тұрақты өкілі әрі депутаты қылып сайлайды.

Ерғожин университетті қиын бір шақта басқарды. Сөйте тұра оқу процесі мен оқу-әдістемелік бағдарлама жасауда, ғылыми-зерттеу жұмыстарында табысқа жетті, студенттердің ғылыми конференцияларға қатысуына ықпал етті.

Ректор ретінде ол төрт жатақхана салды, ал 1987 жылы стадионы бар спорт кешені пайдалануға берілді, бұл студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге және оларды спортқа тартуға мүмкіндік берді. 

Ерғожиннің кабинетінен қызметкерлер күлімсіреп, қуанып шығатын, себебі ол бүкіл мәселені созбай, сол сәтте шешетін болған. Ал жас ғалымдарға әкелік қамқорлықпен қарым-қатынас жасаған.

“Академикті сайлап жатқанда, ол жайбарақат шахмат ойнап отыратын”

1988 жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Химиялық ғылымдар институтында бетбұрысты уақыт болды. Сол жылдың тамыз айында ұйым қызметкерлерінің жасырын дауыс беруі негізінде конкурстық негізде Еділ Ерғожаұлы оның директоры болып сайланды.

«Ол институтты қиын уақытта қабылдады. Бұл жылдар ел экономикасының құлдырауы, Кеңес Одағының ыдырауы және тәуелсіз мемлекеттердің қалыптасу кезеңі еді. Еділ Ерғожаұлының Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі болып сайланған күні, корреспондент-мүше Әбікен Бектұров та бұл атаққа ие болды. Ғылым академиясының ғимаратының жанында адамдар көп болды, көлік қаптап кетті. Үміткерлердің тағдыры шешіліп жатты. Бәрі толқып, болашақ академиктердің рухындағы шиеленіс сезілді. Бірақ бізде әдеттегідей тыныш, іскерлік жағдай болды. Дауыс берудің екінші кезеңі басталғанда бастығымыз мүлде міз бақпады. Түскі ас үзілісінде ол жайбарақ шахмат ойнап, әдеттегідей ұтып жатты. Бұл оның өзіне деген сенімділігін, өзін-өзі ұстауын жақсы көрсетті. Біраз уақыттан кейін Еділ Ерғожаұлы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды», - деп еске алады химик Төлеген Шалов.

Басқаша қарасақ, бұл оның лауазымға, жоғарғы қызметке аса ұмтылмағанын көрсетеді.

ҚазМУ қызметкерлері КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа және Қазақстан КСР Компартиясы ОК хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа және қонақтарға ЖОО-дағы құрылыс жобасын таныстырып жатыр, 1983 жыл.

Кейіннен 1988 жылдан бастап 2016 жылға дейін Ерғожин институттың ғылыми және кадрлық әлеуетін арттыра алды.

“Еділ Ерғожаұлы бәрен өз күшімен жеткен, өмір сүре білген, жасампаз адам. Ол әйгілі ғалым болғанына қарамастан, оны жұртқа танымал деу қиын. Ол тік, ашық, артық дипломатиясыз сөйлейтін еді. Ол жалған сөзді, әділетсіздікті жек көретін”, - деп еске алады Ерғожиннің Ғылым академиясындағы әріптесі Надежда Ниретина.

Ғалым, өнертапқыш, новатор

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерғожиннің үлкен ғылыми білімі, ғылыми қызығушылықтарының кең спектрі оған шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға, әлемдік химия ғылымында жетекші орындарды иемденетін зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді.

Ерғожин өзінің ғылыми қызметінде мембраналық технологиялардың негізін қалады. Оның өнертабысы Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, Бразилияда және басқа елдерде қолданылады.

Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Асқар Қонаев жұмыстың ғылыми жетекшісі Еділ Ергожинге ғылым мен техника саласы бойынша Қазақ КСР-нің мемлекеттік наградасын ұсынып жатыр, 25 қаңтар 1983 жыл

Ерғожин жүзеге асырған Химия институтының көптеген еңбектері экономиканың әртүрлі салаларының түйіскен жерінде қолданылады, мысалы, мұнай химиясы және мұнайхимиялық синтез зертханасында тірі жасушалардың көптеген тотығу реакцияларына қатысатын ниацин дәруменін алудың озық технологиясы жасалды. Ол бұрын «А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтында» ашылып, бүкіл әлем мойындаған тотығатын аммонолиз реакциясына негізделген. Бұл процесс үшін тиімді катализатор жасалынған, ол әлемнің 37 елінде патенттелген, ол үшін евро-патент алынған. 1993 жылы институт әлемдегі ең ірі никотинат өндірушісі, швейцариялық Lonza компаниясымен лицензиялық және патенттік келісім жасасты, катализатор құқығы Бектұров атындағы химиялық ғылымдар институтына тиесілі.

Ерғожин Қазақстанның әрі қарай индустриалды дамуына бағытталған инновациялық бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысты. Институттың бейорганикалық химия бөлімінде бейорганикалық синтез және материалдар зертханасында 13 белсенді субстанциялар (МЭРС) негізінде биологиялық белсенді заттардың жаңа класын алу технологиясы жасалды, өсімдіктердің өсуі мен дамуын ынталандырғыштар, топырақтың құнарлығы мен минералды тыңайтқыштардың тиімділігін арттыратын мақта тұқымын байытқыштар, пестицидтердің гумус пен топырақ микроорганизмдеріне теріс әсерін азайтатын заттар жасалды.

КСРО Ғылым академиясының Башқұрт филиалының төрағасы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі С. Рафиков өзінің студенті профессор Е.Е.Ергожинмен бірге Уфада, 1973 жыл

Тыңайтқыштар мен тұздар химиясы зертханасында өсімдіктің өсуіне арналған стимуляторлар, цианидтік комплексті қосылыстар, органикалық коррозия ингибиторлары мен сорбенттер, жоғары экономикалық тиімділігі бар халық шаруашылығына енгізілген фосфор өндірісінің қалдықтары сияқты химиялық технология және химиялық технология саласында түбегейлі жаңа зерттеулер жүргізілуде.

Физиологиялық белсенді қосылыстар химиясы зертханасында пестицидтер химиясы, өсімдіктердің өсуін реттегіштер және флотациялық реагенттер химиясы бойынша ғылыми бағыттар жасалуда. Сонымен қатар, институтта жасалынған жаңа буын препараттарының көмегімен өсімдіктердің өсуіне түзетуші әсері енгізіледі, бұл ауылшаруашылығының өнімділігі мен қарқындылығының айтарлықтай артуына әсер етеді.

КСРО Білім министрі Г.А. Ягодин және ҚазКСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары М.М.Ахметов, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Е.Е.Ергожинмен, 1987 ж.

Химиялық синтетикалық және табиғи дәрілік заттардың зертханасында биологиялық белсенділігі бар жаңа органикалық қосылыстардың синтезі бойынша іргелі зерттеулер жүргізілуде және инновациялық препараттарды табу мен құру мәселелері шешілуде. Мысалы, туберкулездің салдарын ескере отырып, зертхана 20 жыл ішінде жоғары белсенді, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан қолжетімді жаңа туберкулезге қарсы препараттарды жүйелі түрде шығарып келеді. Зертханалардың қызметін Еділ Ерғожин әрдайым бақылап, қамқор болды.

Осы уақытқа дейін ғалымның өнертабыстары республиканың мұнай өңдейтін зауыттарында - Павлодар, Атырау, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында, атап айтқанда осы кәсіпорындарды айналымды сумен қамтамасыз етуде қолданылады. Институт сонымен бірге уранды сорбцияның аналық ликерлерінен сирек жер металдарын күкірт қышқылының ерітінділерінен алу бойынша жұмыстар жүргізді.

С.М.Киров атындағы ҚазМУ химия факультетінің жаңа деканы профессор Е.Е.Ерғожинды сайлау, Б.А.Берімжановтан, В.П.Митрофановтан, партком хатшысы Н.В.Руденкодан құттықтау мен тілектер. Алматы, 1980 жыл

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Еділ Ерғожиннің макромолекулалық қосылыстар химиясы, ион алмасу химиясы және мембраналық технологиялар саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымға қосқан үлесі ғылыми қоғамдастықтың бүкіл әлем мойындауына ие болды.

Ол академик С.И.Вавилов атындағы медальмен (1991) марапатталды, АҚШ Нью-Йорк академиясының академигі (1994) болып сайланды, VІІІ Халықаралық әл-Хорезми ғылым фестивалінің Алтын медалінің (Тегеран қаласы, 1995), өндіріске қолдау көрсету Ассоциациясының Алтын медалінің (Франция, 2002), Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызметкерлер академиясының "Ғылымға және ғылыми серіктестікке сіңірген еңбегі үшін" Алтын медалінің (2003), Францияның ғылым Маршалы Құрметті атағы мен өндіріске қолдау көрсету Ассо-циациясының Наполеон медалінің (Франция, 2003) иегері.

"Байқоңыр космодромынан ұшырылатын зымырантасушылардың қоршаған ортаға әсерін бағалау" атты Ресей-Қазақстан бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысқаны үшін академик Е.Е.Ерғожин Ресей Космонавтика Федерациясының С.П.Королев атындағы медалімен (2006) марапатталды.

Ғалымдардың Оксфорд саммитінде Сократ комитетінің шешімімен (Ұлыбритания) Е.Е.Ерғожин ғылыми зерттеулер саласындағы Халықаралық сыйлықпен марапатталды және "The Name in Science - Ғылымдағы есім" (Ұлыбритания, Оксфорд, 10-13 желтоқсан 2011 жыл) құрметті атағы беріліп, оның есімі бүкіл дүние жүзінің ұлы ғалым-дарының реестріне тіркелді және "Дүние жүзі ғылымына қосқан үлесі үшін" Даңқ медалі берілді.

ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е.Ерғожин 13 ғылым докторы мен 95 ғылым кандидаттарын және 4 философия докторларын (PhD) дайындады. Ол 29 іргелі монографияның, 7 оқулықтың, 1400 ғылыми мақаланың авторы, оның ішінде 550-ден астамы - шет елдерде жарияланды, 340 КСРО авторлық куәлігін, шет елдер мен Қазақстан Республикасының алдын-ала патенттерін, патенттерін, инновациялық патенттерін алды.

Е.Е.Ерғожин - ірі ғалым, талантты педагог, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мембрана технологиясы және ионалмасу химиясы саласында бүкіл дүние жүзіне белгілі қазақстандық ғылым мектебінің негізін қалаған, Қазақстан Республикасындағы ғылым мен жоғары білімнің белгілі ұйымдастырушысы.

Жар, әке, ата

Ерғожин тек керемет ғалым ғана емес, сонымен қатар жақсы жар, әке бола білген. Ол өзінің әйелі Зеннатпен 1963 жылы танысқан. Бірге ҚазМУ-де оқыған, бірақ Зеннат экономист болған. Сол уақытта экономика факультеті жастар кешін ұйымдастырған.

«Ол кезде кештер міндетті концертпен, студенттердің өнер көрсетуімен өтіп, бимен аяқталтын. Танго, твист және вальсті көп билейтін болған. Анам бұл шараға химия факультетінде оқыған немере әпкесі Валя Халиковамен бірге келді. Химия факультетінің студенттері де шақырылған. Солардың ішінде биді жақсы көретін Еділ де болды, содан Валя әпке анамызды әкемізбен таныстырды. «Зеннат, ол – керемет жігіт! Еш өкінбейсің”. Әкем әдемі қызға танысқаннан-ақ ғашық болып, кеште тек анамызбен ғана би билеген. Олардың махаббаты осылай басталыпты. Әкем ұқыпты, сезімтал және қамқор адам болды. Ол әрдайым көңіл көтеріп, жайдары жүретін”, - дейді қыздары Дәметкен мен Гаухар.

Қыздарының айтуынша, Зеннатпен үнемі театрға, кинотеатрға, көрмеге барып, табиғат аясында серуендеген.

«Ол кезде анам біздің ағамыз, қазақ жазушысы Зейн Шашкинмен тұрды, ол анамның отбасынан шыққан, әкеммен танысқан алғашқы адам. Зейн-ата бірден Еділге дән риза болады: “Зеннат, бұл дарынды жас! Оның үлкен болашағы бар!” деген екен. 1964 жылы ақпанда олар үйленді. Ол уақыт оңай болған жоқ. Анам ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді, әкем аспирант болды. Сондықтан олардың жұмысы мен отбасылық өмірі қатар өтіп жатты. Басында олар жалдамалы пәтерде тұрды. Анам Мәскеуге диссертация қорғауға кеткенде, әкем Алматыда бізбен қалды. Ол барлық нәрсеге үлгеретін еді, сондықтан анам оған толықтай сенетін болған. Әкем іссапарға барғанда, әрқашан түрлі сыйлық пен кәдесыйлар әкелетін”, - дейді Дәметкен.

Химфак студенттерімен бірге тұрған Еділ, 1960 жыл

Зеннат пен Еділдің отбасында Сәулеш, Дәметкен, Гауһар деген үш қызы және бір ұлы Дәулет, сонымен қатар 10 немересі мен екі шөбересі бар. Балалар оның қарапайымдылық, әзілге жақын болғанын, ешқашан шағымданбағанын, әрқашан барлық қиындықтарға төтеп беріп, басқаларға көмектесуге құмар болғанын айтады.

Қыздары Дәметкен, Гауһар және ұлы Дәулет айтқандай, Еділ Ерғожаұлы – ерекше тұлға, ізденімпаздық, білімге деген құштарлық және өзін-өзі жетілдіруге деген талпынысы одан еш ажырамаған: «Ол бәріне өзінің еңбекқорлығымен және білімге деген құштарлығымен жетті. Ол барлығына мейірімді болатын, бәріне қолынан келгенше көмектесетін. Ол бізді: «Жақсылық жаса. Көмектесіңдер. Өмірдегі барлық жақсылықтарың кейін өздеріңе оралады” деп тәрбиелейтін.  Үнемі қайталап отыратын: «Ми жұмыс істеуі керек. Жаңа, белгісіз нәрсені үйренуге ешқашан кеш емес”. 60 жасында ағылшынша синонимдер сөздігін қалай жаттағаны әлі есімде. Ол қазақ, неміс, орыс, ағылшын тілдерін жетік білген”. 

Еділ Ерғожаұлының ұлы Дәулеттің еске алуынша, әкесі музыкалық, классикалық, халық музыкасын, әндерді жақсы көрген. Олардың ішінде - “Асыл әжем” (Н. Тілендиев - Қ. Мырзалиев), “Көзімнің қарасы» (Абай Құнанбайұлы), «Куә бол» (Тұманбай Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев), «Қарағым ай» (К.Дүйсекеев, Ш.Сариев), «Жалайыр бабам» (Сайлаубай Тойлыбаев, Ағайша Исағұлов). Еділ Ерғожаұлының музыкалық қабілеті жақсы болған, әнді жақсы айтқан.

Ол әдебиет пен поэзияны жақсы көретін, үйінде үлкен кітапханасы болған. Ол қазақ және орыс ақындарының өлеңдерін жиі оқыды. Жалпы, Еділ Ерғожаұлының өмірінде кітап өте маңызды орынға ие болды, кішкентай кезінен бері қолынан кітап тастамаған. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы оның сүйікті кітабы еді. Оның оқуға деген қызығушылығының ауқымы кең. Ол сонымен қатар орыс классиктерінің - Александр Пушкиннің, Федор Достоевскийдің, Алексей Толстойдың, Антон Чеховтың шығармаларын оқығанды ​​ұнатты. Ол шетелдік әдебиеттерді, мысалы, Марсель Прустың «Жоғалған уақытты іздеу», колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романдарын қатты жақсы көретін.

Оның үлкен жүрегі барлығына жететін: отбасы, жақындары, достары. Оның бүкіл әлемде көптеген достары болды. Адамдар оны таза ақылын, асыл рухын жақсы көрді.

“Мен әкемнің қызы Гауһармын, мен әкеме дамуыма ықпал етіп, осындай тәрбие бергеніне ризамын. Мен асқақ сөздерден қорықпаймын. Ол оған лайық болды. Әкем маған күннің шуағына, балықтың шашылып жатқанына, алғашқы жапырақтардың түсуіне және алғашқы қарға қуануға үйретті. Ол менің әлемге деген көзқарасымды қалыптастырды. 

Әкем маған туыстарыңыз бен достарыңызбен өткізген әр сәтті бағалауды үйретті. Ол әрқашан біздің отбасымыздың өзегі болды. Ол жұмсақ адам еді. Оның жұмсақтығының артында әрдайым ерік-жігер мен күшті мінезді сезетінмін.

Менің әкем өз елінің патриоты болатын. Оған түрлі елдерде, соның ішінде АҚШ-та, Францияда жұмыс ұсынды, бірақ ол әрқашан өз жерін жақсы көретінін, оны тастап кете алмайтынын және Қазақстан халқына қызмет ететінін айтатын. Мен үшін әкем әрқашан жер бетіндегі ең керемет адам болған және солай болып қалмақ”, - дейді қызы Гаухар.

Еділ Ерғожаұлы шілдеде 78 жасына қараған шағында дүниеден озған. Алайда оның баға жетпес еңбектері мен ол жайлы естеліктер ғылым мен біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Massaget