Кесірлі портреттер

Орыстың атақты суретшісі Илья Репин портреттер салған сайын қайғылы жағдайлар жиі болып тұрған. Суретші Тютчевтің портретін салған, содан кейін 1873 жылы ақын қайтыс болды. 1881 жылы жазушы Писемскийдің портретін салып біткен соң, ол да көз жұмды. Репин төрт күн ішінде композитор Мусоргскийдің портретін салып бітті, арада тоғыз күн өткенде композитор да дүние салды. Кездейсоқтық әлде тылсым заңдылық? Петерборда "Репин – кесірлі суретші, оның қылқаламы ажал шақырып тұрады" деген қауесет лезде тарап кетті. 

Илья Репин (1844-1930) – орыс суретшісі. Автопортрет, 1878 жыл

Репин алып-қашпа өсекке назар аудармайтын. Ол белгілі суретші Николай Генің портретін салғысы келіп жүреді. Бірақ, ол Репиннің ақылға қонбайтын ажал заңдылығынан сескеніп, келіспей қояды. Десе де, кез келген адекват адам бояу мен қылқаламның өлімге қатысы жоқ екенін, суретшінің ешқандай арам ойы жоғын түсінер еді. Алайда өсек-аяң өршіп кетті. 

Әлдебіреу өлімдерді кездейсоқтықтан емес, суретшінің ықтиярынан көреді. Оның натурасына отырған адам ауыр дертке шалдығады-мыс. Хирург Пироговтың өлімін еске түсірейік. Репин оның портретін аяқтағаны сол еді, әлгі 50 жасар сап-сау хирург өзінде тамақ обыры пайда болғанын анықтайды. Кейін төсек тартып жатып қалады да, ақыры қайтыс болады. 

Хирург Н.Н.Пироговтың (1810-1881) портреті, 1881 жыл

Көркемөнер академиясында да Илья Репин сөз болады. Петерборда бірінен бірі өтетін түрлі ғайбаттар айтылып жүреді. Жерлеу кезінде суретшіні ашық кінәлап, Репинді жұрт жазғырады. Мұндай қисынсыз жағдайға кей көзі ашық азаматтар да сене бастады. 

Ақын Афанасий Фет Репинге өзінің портретін салдыруға бірден келісе қоймайды. Түрлі сылтаумен сырт айналып жүреді. Оның таныстары да “Фет қорқып жүр, ал кейін ауырып қалса ше? Жасы да келіп қалды” деп күдіктенеді. 

Бірақ түптің түбінде Фет өз портретін салдырады. Сурет салу процесі ұзаққа созылды. Репин салып біткенде ақын арқа-басы кеңіп, өзін еркін сезіне бастайды. Содан бірнеше ай өтеді, ал Фет бұрынғыдай аман-сау. Жұрт оны өз денсаулығын күтіп, әр қадамын аңдап басып жүр деп топшылайды. 

Ақын А.А.Фет портреті (1820-1892) 1882 жыл

Репин 1884 жылы өзінің атақты “Иван Грозный және оның ұлы Иван, 1581 жылдың 16 қарашасы” атты картинасына кіріседі. Суреттің идеясы Репинге 1881 жылы “Народная воля” ұйымының мүшесі ІІ Александрды  өлтіргенде пайда болған. Сол жылы патша өлгенде Репин өз шеберханасында шоқынады: “Құдайға шүкір, мен оның бір де бір портретін салмаппын, әйтпегенде оның өлімін менен көрер еді”. Содан кейін оған алдыңғы пландағы қаһарлы патшаның көркем суретін салу туралы ой келеді. Кімді бейнелеуге болады? Әлбетте, Иван Грозныйды. 

Суретшіге картинаны салуға Испаниядағы сапар түрткі болады. 1883 жылы ол бұқа мен матадордың шайқасын көріп, матадордың қансырап жатқанына куә болады. Сол мезетте оған патшаның өз ұлын оқыстан өлтіріп алған кейпі сап ете қалады. Енді оған натураларды табу керек. Алайда мұндай образдарды сурет үшін сомдауға кім келісе қояды? Бірақ еріктілер табылды... 

Иван Грозныйдың образы көп суретшілерді қызықтырып жүрген. Тұлғасы өте ерекше емес пе: мықты қолбасшы, жақсы жазушы, сонымен бірге долы, қатыгез адам. Ұлы Иван да әкесіне айбаттылығымен ұқсаған. Аңыз бойынша, әке мен бала арасындағы шатақ Иван Царевичтің әйелі үшін болған. Иван Грозный келініне алымсақтанып, баласының ашуына тиеді. Иван Царевич әкесін қаралап тілдейді. Тарихшы Николай Карамзин дерегі бойынша, сұм Грозный демде ашуға мініп, асатаяғымен ұлын нұқып қалады. Әке бұл ісіне сол сәтте-ақ өкінеді, бірақ тым кеш еді... 

“Иван Грозный және оның ұлы Иван, 1581 жылдың 16 қарашасы”, 1885 жыл

Литовскідегі базарда суретші бадырақ көз, имек тұмсық қара жұмысшыны көреді. Оның келбетінің нобайын суретші бірден салып алып, сақтап қояды. Оған қоса суретші Мясоедовтың да кескінін Грозныйды салуға пайдаланады. Ал натура болуға композитор Бламбергті көндіреді. Сәт сайын суреттегі Грозный расымен сұстанып бара жатқандай көрінді. Мұны Репин өзі де мойындаған екен: “Минут сайын суретке үрейлене қарайтын болдым. Суреттен көзімді аударып, оны жиі тығып қоятын болдым. Достарым да суретке ұзақ қарауға жүрексінді. Бірақ бұл сурет маған тыным бермеді, содан оны салып бітпейінше тоқтамадым”.

Суретке тек патшаның ұлы жетіспей тұрды. Репиннің таныстары оған жазушы Всеволод Гаршинді ертіп әкеледі. Суретші оны көрген бойда оның нағыз Иван Царевич екенін түсінді. “Оның келбеті періштедей еді, сондай биязы, мейірлі” – деп еске алғаны да бар Репиннің.

Жазушы В.М.Гаршиннің (1855-1888) портреті, 1884 жыл

Сурет 1885 жылы аяқталды. Соңына қарай Репиннің көңілі құлазып, қажып кетеді. Картина оның бүкіл қуатын сорып алғандай болды.

“Иван Грозный және оның ұлы Иван, 1581 жылдың 16 қарашасы” картинасы 13-ші көшпелі көрмеде көрсетіледі. Басшылық бұл суреттен “крамола” нышанын байқап, көпшілікке көрсетуге тыйым салады.

Ел ішінде суретке натура болған Гаршиннің жағдайына байланысты қауесет тарап кетеді. Себебі Репин көз жұмғалы жатқан адамды соған қарап салды. Гаршин басында құнығып натура болған еді. Бірақ уақыт өте келе өзінің қансырап жатқан суреттегі кейпін көргенде түнеріп сала берді.

1888 жылдың 19 наурызында ол адам төзгісіз зарығудан шаршап пәтерінен шығады да, баспалдақтар ортасына ауып кетіп, бірінші қабаттағы еденге басы жарылып құлайды, құдды суреттегі Иван Царевич сияқты. Бес күннен кейін Всеволод Гаршин көз жұмды.

Оны жерлеу кезінде адамдар Репиннің кесірлі картинасы тағы бір өлімге душар еткенін әңгімелеп жатты...