Верн әлеміне саяхат

Верн әлеміне саяхат
Фото: kleenexx.altervista.org

Егер осы жазбамызда "жазушы пәлен жылы туды, түген жылы қайтыс болды, бірдемелер жазған екен", – деген сынды сөздермен шектелсек олар айтыла-айтыла жауыр болған, құрғақ сөздер болатын-ды. Біз қаламгердің "ашылмаған аралдарына" саяхаттауды жөн көріп отырмыз.

Француздың ұлы жазушысы көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып үлгерген-ді. Замандастары оны "тыным таппайтын саяхатшы" деп атаса, білмейтіндер "теңізші, кеме капитаны" деп атады, көре алмайтындар "Жюль Верн деген жазушы жоқ, дәл осы аттағы ұйымдағылар жиналып алып Жюль Верннің атынан кітап жазады", – деген сынды өсек таратты.

Шындығында, Жюль Верн жазудан шаршамайтын қаламгер еді. Ол тек, жазып қана, саяхаттап қана лаззат алатын. Тіпті, Жюль Верн үйіне келген қонақтарды жанұясына тапсырып, өзі жазу бөлмесінде жазып-сызып отыра береді екен. Ол өмір бойы қаламын қолынан түсірмеді. Верн 65 роман, повесть, әңгіме және география тарихы туралы зерттеулер жазды.

Оның шығармаларындағы ерекшелік қиялының ұшқырлығы, оқиғалардың жерде де, ғарышта да, су астында да өте беруінде, тіпті өзге ғаламшарға кейіпкерлерінің өтіп кетуінде еді. Жюль Верн осылай өз әлемін жарата алып, заманауи ғылыми-фантастика жанрының негізін қалаушылардың бірі болды.  Оның шығармаларының арқасында әлем әдебиетіне саяхатшылар, өнертапқыштар, ғалымдар, инженерлер, өз өмірін ғылым-білім мен техника дамуына арнаған адамдар образы және химик, биолог, геологик, астрономик пен медицина тақырыбында түрлі тақырыптар кіріп келді.

Адамзат тарихында су асты кемелері, ұшақтар мен тікұшақтар, электр жарығы мен телефонның ойлап табылуын алғаш болып болжаған да осы қаламгер еді. Оған әдебиет пен ғылымды біріктіріп шығармалар жазуды ұсынған, бағыт көрсеткен Александр Дюма болған екен. Лев Толстой Жюль Верньннің осы қабілетіне таңдай қағып, тіпті оның "Жер шарын 80 күнде айналып шығу" романының негізінде суреттер де салған. Дмитрий Менделеев оған «гений» деген ат берсе, теңіздің ғажайыптары мен су асты толқындарының электр қуаты туралы өнертабыстар жасаған академик Джорж Клод болса, бұл жетістіктеріне жетуге Жюль Верннің "Капитан Немо" шығармасы себеп болғанын айтады. Алғаш болып су асты кемесін ойлап тапқан өнертапқыш Лебеф те өз өнертабыстарына Жюль Вернді "авторлас" санайды.

Қаламгер "Әуе шарында бес апта" атты тырнақалды туындысымен-ақ кітапханаларда үлкен сұранысқа ие болған. Баспахана жас жазушының болашағына үлкен үмітпен қарап сол кезде-ақ 20 жылға, әр жылы 3 роман жазып беру келісімшартын ұсынған екен. Біз білетін “Капитан Грант балалары", "Жер орталығына саяхат", "Су астында 2000 шақырым", "Жүзіп жүруші арал", "Он бес жастағы капитан"», "Сырлы арал" атты танымал шығармалары міне осындай келісім-шарт негізінде өмірге келген.

Жюль Верн жазудан шаршамайтын қаламгер еді. Ол 81 жасқа келгенде қарттық жеңгенін білді, денсаулығы сыр берді, ауруға шалдығып, көзі көрмей қалды.  Бірақ, науқастығына қарамай соңғы романдарын айтып отырып қағазға түсірді.

Францияның Амьене қаласындағы қорымда оның қабіріне зәулім ескерткіш орнатылған, одан ескерткішті қабірден көтеріп шығып тұрған қаламгердің өзі бейнеленген болып, "Әдебиет және мәңгі жастыққа қарай" деген сөзді жазып қойған. Тағы бір, айта кетерлігі қаламгердің құрметіне айдың арғы бетіндегі бір кратерге Верн есімі берілген. Демек, ұлы жазушының есімі жер жүзінде танымал ғана емес, ғарышта да өшпеген. Мұның атын бір сөзбен айтқанда "Мәңгілік" дейді...

Т. Раушанұлы