Жүсіп Баласағұнның қанатты сөздері

Жүсіп Баласағұнның қанатты сөздері
Фото: Ынтымак

Ақын, ойшыл, ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн (Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни) өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Ал оның есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтты білік" дастаны арқылы қалды деуге болады. Сонымен қатар Жүсіп Баласағұн философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына да зор үлес қосқан.

ХІ ғасырдағы түркі әлеміндегі белгілі ойшыл Жүсіп Баласағұн "Құтты білік" еңбегінде түрлі қоғамдық топқа жататын адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті адамгершілік, әдептілік мәселелері көтеріледі. Сонымен қатар бақытты, салауатты өмір сүру үшін әдептік ұстанымдарды айқын айтып өтеді. Бүгінде ойшыл ғұламаның көптеген қанатты, нақыл сөздері ел арасына кеңінен тарап, терең сіңіп кеткен. Ендеше ойшылдың ойға ой қосар қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Көңілшек кісілер тез табысады.

Ақ көңілділік – адам ойының тазалығының белгісі.

Тілектің шегі болмайды.

Қайғы басса – ағаш атқа жайдақ мінерсің.

Тарыққан – қуанар, қамыққан – уанар.

Сағыныш түбі – сүйініш.

Қайғыру бар, сәтті бар – ащымен бірге тәтті бар.

Дүниеде тек бір құдай ғана мұңсыз.

Болса да қол қысқа – шағынба болмысқа.

Уайым жоқ – сөзің тегін кетпесе, өкініш жоқ – күнің босқа өтпесе.

Сордың соңы – бақ.

Жылуы жоқ жүрек те бір – қуыс кеуде де бір.

Рахат іздесең – бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең – қайғысынан қашпа.

Махаббатты көзбен танып, көзбен көреді.

Қоштасу – жүрекке салмақ.

Кісі көңілі – түпсіз тұңғиық.

Көз көрмей – көңіл толмайды.

Көз қайда түссе – көңіл де сонда.

Көз – жіті, құлақ – сақ, көңіл – кең болуы керек.

Бар пәле – нәпсіқұмарлықта.

Жамандық – алтын басыңды аяққа сүйрейді.

Қиянаттан алыс жүр.

Бәлеқорды – байытпа, тәкаппарды – өсірме.

Көп күлген бір жылар.

Ұрының қасында ұры жүреді.

Жарамсақтың жолы – жіңішке.

Тәттінің сұрауы – қатты.

Көк езу – жаман пиғыл, нәмәрт кісі, адамның қадірлісі – жомарт кісі.

Аңсаған істің айыбы білінбейді.

Ішке шарап барса – сөзді шашынан сүйреп шығарады.

Шарап деген – білім мен ақылға жау, шараптың шатағы сол – ұрыс пен дау.

Ішпе шарап, әйел қуып арыма – дақ түсірер бұлар бектің арына.

Күншілдік – көп болып емдейтін дерт.

Күншіл адам – мұңшыл.

Қызғаныш қайда болса – ұрыс-керіс те сонда.

Опасызға бір түйір нан тістетпе,

   Күншілге де сеніп ісің істетпе.

Мас адамда ақыл болмайды.

Шараптан – мың пәле түсер ізіңе,

   Зинақорлық – түкіртеді жүзіңе.

Шарап ішпе – жүр пәледен қашықта,

   Байқа, атанба зинақор да, пасық та.

   Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,

   Олар тонын кедейліктің кигізер.

Кісіліктің үлгісі – мейірбандық.

Тегің мен түбіңді ұмытпағайсың.

Атаның орны балаға қалады.

Ұл туса – әкеге тартар.

Ата өлсе – бала аман.

Ұлың мен қызың – жарқыраған екі көзің.

Қатты тәртіп көрсе бала бүгінде – өнерімен қуантады түбінде.

Кейін өзің қалмау үшін табаға – жөнге салып, ие болғын балаға.

Өнер-білім берең десең басынан – бер оқуға балаларды жасынан.

Сұлу әйел алған – өмір бойы қарауыл боп өтеді, бай әйел алған – өмір бойы құл болып өтеді.

Кісі алдындағы асқа қол созбас болар.

Аз жақсылық жасағанға да – көп рақмет айту парыз.

Жақсы мінез адамға азық та, киім де тауып береді.

Үлкен келгенде – кіші аяғын аямас болар.

Ыстық асты үрмеп ішпе.

Сәлем – сауап.

Құрсақта біткен мінез – қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді – өлгенше өзгерте алмайсың.

Күшті кісі – құт қонар тұғыр.

Үш тағанның бірі қисайса – қалғандары да құлайды.

Дос табу оңай – сақтауы қиын, жауласу оңай – тоқтауы қиын.

Көңіліңе қарай – дос таңда, күшіңе қарай – жүк таңда.

Тең – теңімен.

Қолдаушың көп болса – мақтауға сөз табылар.

Дос достың кемшілігін кешіре білер.

Үй сатып алсаң – көршіңе қара, жер сатып алсаң – суына қара.

Сыйлағанды – сыйла, илегенді – иле.

Ақыл-кеңес бергенге – қызметіңді аяма.

Ағайынмен – сыйлас, үлкен мен кішіге – күле қара.

Өз ісіңді өзің атқар – өзгеге салмақ салмағын.

Дүниеге жаям десең атыңды – жолаушыға қызмет қыл татымды.

Халық бүлінсе – саясат түзейді.

Халық тарықса – үкімет жұтайды.

Кең пейіл кісіде қулық болмайды.

Диқанның дәмі – адал.

Қара халық – қорғаншақ.

Жай халықсыз болмайды іс те, ештеме – жайлап сөйлес, жөнсіз билеп-төстеме.

Ханның – ақысы болса, қараның – қақысы бар.

Басшысы – қадірлі болса, қарамағындағылары – мәзірлі болады.

Ханмен қоңсы отырма, таситын судың бойына қонба, қамалға таяп барма!

Қылыш қан төксе – иесі ел билейді.

Хан да – біреудің ұлы, құдайдың құлы.

Ханның әділетсіздігі – бар пәленің басы.

Бек қайда болса – құлы сонда.

Бек қызыққа құмар болса – қалған елдің күні қараң.

Сараң бек ел билей алмайды.

Елшісі епсіз басшының бағы жанбас.

Қажыға барам десең – мал жи, қазы болам десең – ар қи.

Ұлық болсаң – кішік бол.

Ел билеу үшін ақыл, жүрек, ой керек.

Қылыш – ел шауып, қазына құрайды, қалам – қазына тауып, қайыр сұрайды.

Кісенді кісі қаша алмас – айдаған жаққа жүреді.

Күле сөйлесең – күллі тілегің орындалар.

Не ексең – соны орасың.

Сайтан сүйгенді – құдай сүймейді.

Жамандық жасасаң – жауабы өкініш болар.

Жақсы іс көп жасайды.

Түзу – қисықпен жараспас, ез – игіге қараспас.

Сұрау – оңай, жауап беру – қиын. 

Жалғасы бар...

Н. Үсенова