Жүсіп Баласағұнның адам өміріндегі елеулі оқиғалар туралы жүйелі ойлары

Жүсіп Баласағұнның адам өміріндегі елеулі оқиғалар туралы жүйелі ойлары
Фото: www.look.com.ua

Бала тәрбиесінде көршінің рөлі ерекше. Қазақ халқының "Қызың өссе - қызы жақсымен көрші бол, ұлың өссе - ұлы жақсымен көрші бол" деген мақалы осыны айғақтайды. Жүсіп Баласағұнның еңбегінде көршімен сыйластық қарым-қатынаста болу отбасы тәрбиесінің бір көрінісі ретінде қарастырылады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң болған соң аралас-құраластық басталып, үй ішінде барыс-келіс пен алыс-берiс орын алады. Осындай жағдайда Жүсіп Баласағұн ең алдымен үй сатып алуда көрші мәселесін ойластырған дұрыс деп санайды. Осы тұста қазақта "үй алма, көрші ал" деген де мақал жиі айтылады. Ақын үй салар болсаң немесе сатып алар болсаң үш нәрседен аулақ бол деп ескертеді. Олар: үлкен жолға жақын жерден үй салмау, тасыған өзеннің жанынан үй алмау, сондай-ақ, үлкен қамал жанынан үй алмау. Себебі, бұл үшеуінің жанынан үй алу қатерлі, егер бір апат бола қалса айласын табу қиынның қиыны деп түсіндіреді. "Үй іздесең, көрші жайын сынарсың, Жер іздесең, судың жайын сұрарсың" - деп көршілес адамдардың мінез-құлқы пейілінің дұрыс болуын және "су - тіршілік көзі" болғандықтан сулы жерден үй алғанды кеңес береді. Жұрт арасында сый-құрметке ие болып, абыройлы болуды ойласаң жомарт болғын, дегенмен кірісің мен шығысыңды да ойла дегенді айтады. Адам болған соң досың бар, дұшпаның бар болады, сондықтан сынға дұрыс қарап, өз кемшілігіңді түзеуге көңіл бөл. Өзіңді ойлап, қашан да тура жолыңнан танба, текті сөз бен тәтті сөздің екеуі екі түрлі болады. Кейде ащы сөз - тәтті де, тәтті сөз - удай болады. Ақын шектен тыс асқақтау түбінде бір тосқауылдың болатынын, шектен тыс сараңдық сөгіс естуге алып келетінін айтады. Тіршілікте дүние есігін тарс жауып, теріс айналып кететіндей жағдай болса да, өмірден түңілмей сабыр сақтауды, ыждағаттықпен күте білуді ұсынады. Ақынның бұл жөніндегі көзқарастары: "егер қайғы жараласа жаныңды, күт сабырмен туатын шат шағыңды", - дейді. Егер дәулет қатты жапса қақпасын, Күт сабырмен, шұғыл бұрма ат басын, - деп сабыр түбі сары алтын дегенді айтады. Сабырлылық пен шыдамдылық, ұстамдылық секілді асыл қасиеттер нағыз азаматқа тән белгілер деп бағалайды.

Жолдаған: Абилбакиева Ғалия

Ж. Исакаев