"Абай жолы" эпопеясын стенографиялаған кім?

"Абай жолы" эпопеясын стенографиялаған кім?
Фото: google.kz

Қазақ қоғамында сирек қолданылатын "стенография" ұғымының түп тамыры әдеттегідей гректерден шыққан. Ауызекі айтылып жатқан сөйлемді баспа машинкасы арқылы бірден ілесе жазып отыру тәсілі стенография деп аталады. Бұл амалдың көмегімен жазуды қолмен жазғаннан 4-5 есе жылдам жазуға болады.

Сөйлем арасындағы кейбір сөздерді ұтымды қысқарту арқылы уақытты үнемдейтін тәсіл көбіне сот отырыстарында, баспаханаларда, БАҚ-тың барлық түрлерінде кеңінен қолданылатын. Уақыт өте келе, ақпараттық технологиялардың кең қанат жаюы бұл қызметтің орнын барлық функциялармен толыққан пернетақталар алмастырды.

Қазақ стенографиясы 1930 жылдан бастап өз бастауын алды. Қазақтың ең алғашқы стенографисі және еліміздегі осы саланың негізін салушы - Данабике Байқадамова. 1913 жылы 9 желтоқсанда Торғай өңірінде дүниеге келген. Әкесі Байқадам Торғай аймағында орын алған Амангелді батырдың көтерілісіне белсене ат салысқан қазақ зиялысы. Сол тұстағы Алаш арыстарымен тығыз байланыс орнатып, қазақ тәуелсіздігін көксеген ұлт мақтанышы. Өкініштісі, бұл кісінің де өмірінің соңы дәл Алашордашылардікіндей ату жазасымен аяқталған. Ал анасы Үрзипа Петерборда оқып, орыс, француз тілдерінде еркін сөйлеген.

Данабике Байқадамова көптеген тарихи тұлғаның, қоғам қайраткерлерінің баяндамалары мен дәрістерін стенографиялаған. 1947 жылдан бастап Мұхтар Әуезовтің жоғарғы оқу орындарында оқыған дәрістерін қағазға түсірумен шұғылданады. Жазушының көңілінен шыққан Данабике Байқадамова осылайша "Абай жолын" стенографиялауға кіріседі.

Қазақ арасында сол тұста кенже қалған стенография саласын дамытқан тарихи тұлға өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысқан. Мұхтар Әуезов жайлы қазақ әдебиетінің қорына бірнеше естеліктер қалдырған, 1961 жылы жазушының қаза болғанын естіп күйіне жоқтау шығарған.

 «Ау, халайық-ау, халайық,

Мұхтардай алып тұлғаны

Жоқтамай қайтіп қалайық!

Анайы қазақ әдетін

Бастады-ау деп қылма айып.

Қайғыға бөккен жүректі,

Көз жасымен жуайық.

Ұшынан болған пышақтың,

Ажалы болды ағаның,

Қайғырмай неғып тұрайық!..

Қазақ атын елінің,

Танытқан ерді әлемге,

Артында қалған ұрпағы

Жоқтамай қалай тұра алсын!..

Театр, ғылым, әдеби,

Өнер, білім, мәдени,

Іргесін өзі қаласқан.

Асыл сөздің иесін

Ел жұрты қалай сағынбас…

Су ішінде сүйрігін,

Ерен жорға жүйрігін,

Қара жердің астына

Қалайша жұрты қияды!?…»

Дайындаған: Аслан Қажиев

Massaget