Омар Шипиннің «Амангелді батыр» дастаны туралы

Омар Шипиннің «Амангелді батыр» дастаны туралы

Шипин Омар -  Қазақ КСР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысушы, көтеріліс жаршысы, Амангелді Имановтың сенімді серіктерінің бірі. Ол 1879 жылы қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында туған.

Омар Шипин отыз жасында (1909 жылы) Амангелді Имановпен танысады. Бұл туралы ақын кейін өзінің бір өлеңінде «Отызда Имановты іздеп таптым» деп еске алады. 1916 жылы патшаның бұратана халықтарды майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына қарсы көтерілген сарбаздардың қатарына қосылады. Омардың ақындығына, зейіндігіне, сауаттылығына, ризашылық білдірген Амангелді Иманов оны Қайдауыл болысындағы ауылдардың біріне бала оқытуға орналастырады.

«Амангелді батыр» дастаны Торғайдағы көтеріліс туралы және оның қолбасшысы Амангелді жайлы болды. 

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі бағыттағы туындылардың ішінде көлемі жағынан да, көркемділігі тұрғысынан да, көрнектілерінің бірі – Омар Шипиннің «Амангелді батыр» дастаны. Ақынның басты мақсаты Амангелді Имановты және ол бастаған көтерілісші сарбаздардың ерлігін жырлау болған. Ақын о баста «Амангелдің айбаты», «Губернатор келгенде» және Амангелдің әр ұрысы туралы жеке-жеке өлең, толғаулар шығарған. Кейін сол өлең толғауларды құрастырып, жалғастырып дастан етіп жазған.

1942 жылы «Амангелді» деген атпен жеке кітап басылып шыққан. Ал 1961 жылы «Амангелді батыр» деген атаумен «Таңдамалы шығармалар» жинағына енгізілген. Дастанда Амангелдінің батырлық жолы мен көтеріліс кезіндегі ерлік іс-әрекеттері жан-жақты суреттелген.

Ақын Амангелді жайлы дастанын батырлар жыры үлгісінде жаңаша толғайды. Халықтың асыл сөздермен сусындаған ақын Амангелді батырдың тұлғасын былай деп жырлайды:

Батырдың туғанна түрі бөлек,
Шүйделі бас, формы дөп-дөңгелек,
Сүйріктей судан шыққан екі қолы,
Буынның саусағында белгісі жоқ.
Тұтасқан екі қастың аралығы,
Бесіктей бұлшық еті, жұмыр білек.

Ақын Амангелді батырдың шүйделі басын, сүйріктей екі қолын, бесіктей бұлшық еті мен жұмыр білегін бір затты екінші затпен салыстыра, көркемдік тұрғыда тамаша теңей білген. Өлең жолдарында тармақтардың үйлесуі арқылы қара өлең ұйқасымен жазылған. Сонымен қатар ақын бұл өлеңін дастанға қосымша реңк беру үшін, түрлі теңеулерді қалыпты жағдайдан тым ерекше ұлғайтып, әсірелеп те көрсетіп отырған. Өйткені, осындай шығарманың көркемдігін арттырып, оқитын оқырманға тигізер әсері мол-ақ. Бұл сөзімізге тағы да мысал келтіре кетсек:

Қолға қару алынбай,
Белге қылыш тағынбай,
Ат үстінде жай таппай,
Жауға қарсы оқ атпай,
Шешілмейді бұл майдан – дейді. Бұл өлең жолдарынан қазақ жері деп аталатын байтақ даланың ұлы төскейін жалмауға кіріскен, мал-мүлкін талан-таражға салып бодан қылуға ұмтылған орыстың солақай саясаты Омардың жан-дүниесіне ерекше әсер еткендігін көреміз және асқақ жырларынан нағыз майданда нендей жағдайлардың болатындығын пайымдай аламыз.

Ақынның 1916 жылғы 6 қарашада жазылған «Торғай соғысы» өлеңінде патша әмірінің жарлығымен қазақ даласынан 19-31 жас аралығындағы ерлерді алуға келген солдаттармен Амангелді бастаған топтың қақтығысы, яғни, батырдың Торғай қаласына шабуылы суреттеледі.

...Батырдың қала шапқаны
Ноябрьдің алтысы.
Дүйсенбінің күні еді.
Ызасына шыдамай,
Қашаннан батыр жүр еді.
Соңынан еріп көп әскер,
Ақсұңқар құстай түледі.
...Жалтақтап тұрған хандарға,
Ақырып батыр айқайлап,
Қалаға жалғыз кіреді.
Солдатына патшаның
Аш бөрідей тиеді.
Бұл өлең жыраулар поэзиясы үлгісінде, батырлық рухта жазылған. Амангелді батырдың екпінін ақын «ақсұңқар құсқа», «ашбөріге» теңейді.
Жалпы айтқанда, Омар Шипин Амангелді батырдың барлық ерлігін шынайы мүсіндеп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті поэзияға айналдыра білген.

Омар ақын «Оналтыншы жыл» атты өлеңінде:
Арыстандай ақырып
Он алтыншы жыл келді.
Қаһарына шыдамай,
Қазақ елі сенделді.

Ел қосылып елменен,
Ерсіл-қарсыл шұбырды.
Патшадан шыққан бұл жарлық
Қазаққа қанды күн болды – деп, жаугершілік заманның басталғанын, мылтық-қылышын баптап жүретін ер азаматқа сынды кезеңнің келгенін суреттей келе топтан суырылып шығып Ер Исатай секілді егеулі найзасын қолға алған Амангелді батырдың жауға қарсы аттанғанын шынайы баяндайды.

Сурет: el.kz

Н. Айдархан