- Негізгі бет
- Тұлға
- БАҚ: Ең атақты...
БАҚ: Ең атақты бәсекелес жұлдыздар
Әр саланың өз жұлдызы болады. Бірақ бір саладан бір бағыттағы екі жұлдыз шықса ше? Онда екеуі бір-бірімен бәсекелесіп, өзара мықтыны анықтаумен әлек болады. Бүгін біз даңқы жер-жаһанға тараған бәсекелес тұлғалар жайлы айтамыз.
Криштиану Роналду және Лионель Месси
ХХІ ғасыр футболындағы жанкүйерлер басты бәсекелес санайтын футболшылар тізімінің басында Криштиану Роналду мен Лионель Месси тұратыны айтпаса да белгілі. Біреулер "Реал" футболшысы Роналдуды үздік ретінде бағаласа, енді бір жанкүйерлер аргентиналық сұрмергенге жетер ойыншы жоқ деп есептейді. "Шындығында, Месси менің досым емес, біз екі команданың ойыншысымыз және бірдей даңқ пен атаққа таласамыз. Бірақ менің онымен қарым-қатынасым сіздер ойлағаннан да жақсы. Иә, Месси өз ісінің шебері, бірақ ол менің бәсекелесім емес",- дейді Роналду. Ал Месси болса, Роналду туралы: "Біз бәсекелесу арқылы алға ұмтыла түсеміз. Әр жыл сайын өз командамыздың жетістікке жетуіне көмектесуге тырысамыз, қалғанының аса маңызы жоқ. Оның бүкіл әлемнің үздік футболшысы екенін бәрі біледі", - деген. Екі футболшы да бір-бірін "мықты футболшы" деп мойындауын мойындайды, бірақ әлемнің нөмір бірінші футболшысы болуға екеуі әлі таласумен келеді.
Арнольд Шварценеггер және Сильвестер Сталлоне
Төбелес киноның жұлдыздарын бір-бірімен салыстыратындар көп. Әсіресе 80-90-жылдары екі актердің жұлдыздары жанып, аттары әлемге тарады. Оның себебі екеуі түскен бір жанрдағы кинолар халыққа кеңінен танылды. Сильвестр Сталлоне өз сұхбатында Арнольд Шварценнегерді "қатты жек көргенін" мойындаған. Бұл 1980 жылдар тұсында болған. Сталлоненің сөзінше, Шварценнегердің осы өмірде бар екені оның ашуын келтірген. Сосын осы бәсекелестік сезімінің арқасында барын салып алға ұмтылғанын айтқан. Ал Шварценнегер болса, Сталлонені туған күнімен өткір қалжың арқылы құттықтаған. 2013 жылы екі актер өздерінің тығыз графиктерінен уақыт тауып, бір түсірілім алаңында кездесті. Олар "Escape Plan" (Қашу жоспары) деген киноға бірге түсті. Бүгінде екеуі бір-бірін қатты сыйлайды. Соған қарамастан әлем әлі күнге дейін екі актердің қайсысы мықты екенін дөп басып айта алмайды.
Барак Обама мен Дональд Трамп
Сары басылым АҚШ-тың бұрынғы президенті мен қазіргі президентін салыстырып, "қайсысы мықты?" деген сұрақпен жалпақ жұрттың басын қатырды. Олар президенттердің ұлықтау рәсімі қалай өткенінен бастап, киген киімдеріне дейін салыстыруда. Тіпті әйелдері де бұл салыстырудан құтылмады. АҚШ-тың қырық төртінші президенті Барак Обама президент сайлауы алдында былай деп мәлімдеген: "Мен Трамп президент болмайды дегенге сенгім келеді. Өйткені мен Америка халқына сенемін. Менің ойымша, ел-жұрт президент болудың өте маңызды жұмыс екенін біледі. Бұл маркетинг емес, көп адам жөні түзу адамды таңдаудан үмітті". Ал АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп болса, Барак Обаманы "АҚШ тарихындағы ең нашар президент" деп айыптаған.
Өз елімізге келсек, бізде де отандық жұлдыздарды бір-бірімен салыстыратындар бар. Соның ішінде БАҚ Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова арасындағы бәсекелестік жайында жазады. Екі әншінің өмір жолы да, өнер жолы да ұқсас.
Сондай-ақ Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртас салыстырудың "құрбаны" болып отыр. Екеуі екі жанрда ән айтса да, ел арасында "қайсысы нөмір бірінші?" деген сұраққа ойланатындар бар. Димаш ән айту шеберлігі жағынан оқ бойы озық тұрса да, әлемдік деңгейге шығып, дүние жүзі бойынша өз жанкүйерлерін жасақтаса да, Қайратты жақтаушылар сүйікті әншілерінің хит әнді көп шығаратынын алға тартады. Бұл расымен миға сыймайтын салыстыру болып отыр. Бірақ осы екі тұлғаға қатысты пікір легі ел арасында толастар емес. Қайрат та, Димаш та өз сөздерінде бір-біріне қарсы нашар пікір айтқан емес. Тіпті Қайрат бір сұхбатында Димаштың орындауын көріп, кеудесін мақтаныш сезімі кернегенін айтқан.
Қалай десек те бәсекелестік қай тарапқа болсын зиянын тигізбейді. Адам біреумен бәсекелесу арқылы өз күшін толықтай сынап көреді, бар ынтасымен алға ұмтылады.
М. Оңғарова