Роналду мен Мессидің соңғы алты маусымдағы нәтижелері мен жетістіктері

Роналду мен Мессидің соңғы алты маусымдағы нәтижелері мен жетістіктері
Фото: foxsports.com

ХХІ ғасыр футболындағы жанкүйерлер басты бәсекелес санайтын футболшылар тізімінің басында Криштиану Роналду мен Лионель Месси тұратыны айтпаса да белгілі. Біреулер – Роналдуды үздік ретінде бағаласа, енді бір жанкүйерлер аргентиналық сұрмергенге жетер ойыншы жоқ деп есептейді. Ал бүгін біз сіздерге екі ойыншының соңғы алты маусымдағы нәтижелері мен жетістіктері туралы статистиканы саралап кеткенді жөн санап отырмыз.

Криштиану Роналду мен Лионель Месси соңғы 6 жылда жекелей ойыншыға берілетін «Алтын допты» өзара иеленіп келеді. Яғни, 2009/2010 жылғы маусымнан бастап әлем футболында екі ойыншы арасындағы бәсекелестік қыза түсті. Екі ойыншы да клубтық деңгейде сәтті өнер көрсеткенмен, ұлттық құрамаларында жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ. Әсіресе, Лионель Месси финалға (Әлем чемпионаты, Америка кубогы) ұлттық құрамасымен бірнеше рет шығып, сүрінді. Ал португалиялық футболшыға ұлттық құрамамен ірі жетістіктерді бағындырудың ауылы алыс болуда.

Португалиялық футболшы соңғы алты маусымда 300 ойын өткізіп, 313 гол соққан. Ал Месси Роналдудан 26 кездесу артық ойнаған. 332 гол соққан. Бір ғана соққымен гол соғу көрсеткіші бойынша Роналду алда келеді. Ол 313 голының 228-ін бір ғана соққысымен қақпа төрінде тулатқан. Ал Месси бір соққымен 167 гол соққан. Финалдық ойындарда Месси - 18, Роналду 8 гол ғана соққан. Испанияның үздік клубтары арасындағы ойында ең көп гол соққан - Месси. Бұл статистикадағы есеп: 36-27. Алты маусымда айып соққылары мен пенальти орындау көрсеткіші бойынша Криштиану Роналду алда тұр. Айып алаңы сыртынан пас қабылдап, гол соғу мен өзі ашылып нәтижелі өнер көрсету көркеткіші бойынша Мессидің шоқтығы биік. Пас беріп, кейіннен дриблинг жасау мен өзі бастаған шабуылды түйіндеуде де Роналду артта қалып отыр. Алты маусым ішінде Месси 16 жүлде иеленсе, Роналду 7 рет ірі жеңістің биігінен көрінген. 

Ө. Сансызбай