Домбыра-дос (элегия)

Домбыра-дос (элегия)
Фото: semeytv.kz, жеке мұрағат

Тұрсынғазы Рахимов деген аты-жөннің өзінен қандай да бір әсем әуен есіп тұратын сияқты маған. Осы досым туралы аламанға ақниет бір сыр ақтарсам-ау деп те үнемі ойлап жүремін. Бірақ, неге екенін қайдам, соның өзінде де маған домбыра жарықтық жетіспейтін тәрізді болады да тұрады...

Шерт, домбырам, шерің болса шерт енді,
Шер тарқамай, өзек талай өртенді.
Мен мұңымды ыңылдайын қара көз,
Және сонау мұнар-мұнар ертеңді...
Қу тірлікті де ыңыранайын мен іштен,
Пенде бар ма бір-біріне сеніскен?
Қошын бүркіп жіберсінші жүрекке,
Қос ішекті бойлап ұшқан періштең!
Шерт, домбырам, шерт шеріңді, шешенім,
Сен шеріңді шерткен сайын өсемін!
Қағып-қағып қанатыңды қалғанда,
Қаперіме құйылады көсем үн!..
Беу, домбырам, жан серігім, қарағым,
Қасып шертші, қанағанша шанағың!
Сен шеріңді шерткен сайын бебеулеп, 
Пенделіктен мен де арылып барамын!
Сіңірейін болмысыма күй емін,
Күмбірлеші!
Мына дүниеге ие кім?..
Жылайын бір, сүйеп саған иегім!
Сұрайын бір Жаратқаннан тілегім!..
Балп-балп тартшы!
Балпылыңды сүйемін!
Тартшы өкіртіп, балқығанша сүйегім!
Көктен көркем кісінесін Кие-Күн!..
Оу!.. Неліктен ұшып кетті тиегің?!..

Бұл менің домбырасын балп-балп тартатын жарықтық Әкемді аңсап жүргендегі жыларман күйде көкірегімнен ытырылған көкболат бір өксігім еді. Мұны мен Келденбай (Өлмесеков) құрдасыма арнадым.

Әкем Әбдікәкім Ұлы Отан соғысында үш жерден жараланса да, аман-есен елге қайтып оралды. Ал, Әкемнің жар дегенде жалғыз інісі, құралайды көзге атқан мерген – Мырзакәкім соғыстан қайтып оралмады; сүйегі Польша жерінде мәңгілік тұрақ тапты.

Әлі есімде, Әкем төрде жантайып алып, зарлы-зарлы күй шертетін, мұңлы-мұңлы ән шырқайтын. Ал, біз – кіші ұлдары, соңыра Әкеміздің сабааяқтай саптамасын әперісуге өзара таласып қалатынбыз. О-о, оның өзі де біз үшін бір мәртебе еді-ау!..

Кейін білгеніміздей, Әкемнің Мырзакәкімдей бауырына арнаған қос күйі болған екен: әттең, ол кездерде сары ауыз балапандай біздер ештеңенің парқына жетіп үлгермедік қой...
Он жасымда Әкем дүниеден озды.

Айтып-айтпай не керек, домбыраға деген іңкәрлікті маған Әкемнің өнерпаздық қасиеті дарытты. Құдай солақай қылып жаратқандықтан, домбыраны да мен бала кезден солақай көлденеңдететінді шығардым. Ауылдың қу жақ балаларын қойсаңшы: олардың «солақайға сорпа жоқ, соқыр итке боқ та жоқ!» сайқымазағы, ақыры, намысқой маған домбыраны кәміл де кемел ұстауды бұйыртпады. Алайда, абырой болғанда, сол бір қасиетті аспаптың үні сол бір балалық шақтарда-ақ ішіме түсіп, жан сарайымды жаулап алған еді мәңгілікке!

Бұл жәйітті неге баяндап отырмын, соны айтайын.
«Нағыз Қазақ қазақ емес, нағыз Қазақ – домбыра!» дейді ақын Қадыр Мырза Әлі. Сірә, домбыра кереметін түсіндіруде бұдан асқан сөз де бола қоймас. Десек те,
...«Домбыра – Қазақтың Ақыл-Есінің, Ата Дүниетанымының рухани алтын жағы, Қазақтың көңіл-күйінің ұлттық қорала сезімдерінің рухани алтын қорамсағы! Домбыраның сол құлағынан басталып, шайтантиек арқылы он құлағына ұласқан ызылмалы қой ішегін жайлап қозғап қалсаңыз, шанақ көзінен бейістің салқын жұпары шайқала шалқып береді дәтіңе! Алтын жақ-домбыра адырнасынан аңқыған жебе-сезімдер саулайды жан дүниеңе!.. Көңілдің періштесі пернеден пернеге ұшып-қонып, рахаттана ыңылдай бастайсың! Әннің әуені солайша жаратыла бастайды! Басқасын білмесем де, мен сол көркем құбылысты бек білемін! Маған соны білдірткен Тәңірге ризамын!..»

Тұрсынғазының шабыт нұры телегей теңіз бұрқырап, шаттанып жүрген мезетіндегі бет-жүзі маған дәйім солайша оқылады!
Қайран домбыра!..

Домбыра да сөйлейді! Әулиедей аңқылдап сөйлейді ол! Әттең, оны қолыңа алып, қоңыр шертіп, қоғам дулап отырсам дейсің; амал не, менің маңдайыма ондай мәртебе жазылмапты. Есесіне, Тұрсынғазыдай досым бар домбыралы! Тұрсынғазыдай әнші досым бар, сазгер досым бар, өнері иелі де киелі!..

Тегінде «түйсік жасушалары сезім ноталарынан тұрады» десем қателеспеспін. Қазақы сезім дегеніміз – домбыралық саз. Саз дегеніміз – Сөздің, яғни Ақылдың анасы әрі мәңгі айнымас жан серігі. Табиғатынан ақын да әнші халық ретіндегі Қазақта дыбысталған, сөйленген әрбір Ойдың таң-ғажайып ән болып шырқалып, қасиетті домбыра болып шертіліп тұратындығы сондықтан. Домбырасыз Қазақтың Қазақ болып жарытпайтындығы да сол себепті деп ойлаймын. Өйткені, дүниенің музыкасы домбыраның көкірегінде тынып жатады. Ал, оны толқынтып сыртқа шығару үшін, әлбетте, ең алдымен домбыраны тану керек, домбыраны білу керек, домбыраны түсіну керек, домбырамен үндесе-сырласа білу керек, домбыраны – тірі жаратылыс ретінде сүйе білу керек! Қазақтың нағыз ұлттық өнерін тудыратын композиторлықты да Жаратушы Ие Қазаққа осы домбыра арқылы ғана дарытатын шығар-ау! Сондай композиторлық Тұрсынғазыға да домбыра арқылы ғана қонған деп білемін. Оның әндерін тыңдап отырып, мына жалғанның да жалған емес, ақ нұрға толы Ақиқат екендігін көріп қаласың бір сәтке! Сонда, Жан дүниенің жасылынан жаратылған бейкүнә көңіліңнің көгілдір шықтары көзіңнің жасы болып тамшылап, көкейіңді жақсылап жуып бергенде көріп қаласың, өмірдің соншама мазмұнды да сұлу екендігін! Ондайда, тіпті, ең сұрқай құбылыстардың өзі де, ең сұрықсыз жәндіктердің өзі де, ең жаман деген пенде баласының өзі де аяулы да әдемі болып таныла кетеді тосыннан!..

Әне, Қазақтың домбырасының, Қазақтың әнінің, Қазақтың өнерпаз, сазгер ұлының өнегесі санаңды солайша жұпарлайды, көңіліңді солайша қош етеді, жадыңды солайша жарықтандырады, көкірегіңе солайша көз бітіреді!

Әрине, домбыра ұстағандардың бәріне бірдей Құдай міндетті түрде сазгерлік, әншілік, күйшілік немесе басқадай да бір дарын сыйлайды деуге де болмас. Ол үшін, адамда періште мен қазаққа тән Аңқылдақ қасиет болуы шарт. Тәңірлік қуаты ешқандай ғылыммен әлі күнге дейін тексерілмей келе жатқан ондай ерекше қасиет кейбір адам бойына тумысынан жұпар шаша бірге бітеді. Тұрсынғазы – сондай аңқылдақ, сирек жандардың бірі. Оның жүріп – тұрысына дейін, істеген ісі мен сөйлеген сөзіне дейін, тіпті, қоңыр қаз секілді мойнын әнтек соза, өзінше бір мәнермен қуанғандағы күлкісіне дейін өзінің аңқылдаған ақ пейілінің суретін қандай да бір естілмейтін музыкамен жүрегіңнің өн-бойына мейірім ретінде сіңіріп жібереді демде. Содан да болар, Тұрсынғазы досымды көргенде, дүние маған кеңіп сала береді. Мен оған бейне бір періште көргендей, аңтарылып қарай беремін ылғи. Біз екеуіміз бір қалада тұрсақ та, ондай мерейлі шақтарымның тым жиіленіп кетпеуін қалайтыным тағы бар. Дос алдында өзімнің қадірімді кетіріп алудан қорқатын сияқтымын, сірә. Және, адамдық (қазақтық десе де болады) басты қасиеттен саналатын аңқылдақтық жағынан онымен еш теңдесе алмайтыныма қорланатын да секілдімін.

Егер қазақпын деген адамда туабітті аңқылдақтық қасиет болмаса, онда оны қалыптастыратын сыртқы күштердің бірі, тағы да сол, домбыра деп түсінемін. Домбыраны тыңдағысы, домбыраны ұстағысы келмейтіндерден, домбыраны сүйе білмейтін қазақ баласынан кемел қазақ қалыптасады деуге әсте болмайды. Түйсігімдегі таразым, көңілімдегі безбенім солай дейді өзіме. 
Домбыра!..

Қазіргі қазаққа мағынасы мүлдем сөніп біткен осы «Домбыра» деген сөзде де бір ғажаптың барын ішім сезеді. Бұл атау енді тәңірлік хабардың қазаққа түскен құпия шифры сияқты болады да тұрады. Ол өз жұмбағының кілтін ашар кісісін іздететін тәрізді бізге. Ал, «Шайтантиек» атауы ше?..

-«Меніңше, шайтантиегіңіз – біз бен сіздің, бір сөзбен айтқанда, төменгі әлемдегі пенде баласының нышанаты. Пенденің күй болып ойнап тұратын көңілінің құлақ күйі жоғарғы әлемнен реттеліп тұратын болса керек. Соған орай, оның ақылының да жасампаз не жойымпаз құбылып салатыны содан шығар, кім білген?!..»

Шайтантиек арқылы тартылған қос ішекке қарай отырып, кейде осылай да ойлауға мәжбүрленесің. Әйтеуір, домбыра жасалымында біз ежелден мақұрым қалған ертедегі бір Ата Дүниетанымның тамаша бір пәлсапалық қағидасы тылсымдалғанына өз басым кәміл сенемін. Сенемін де, солақай болса да, ауық-ауық домбыра дыңылдатып әуреге түсемін. Іштегі бір шерімді ақтарып салып, әлемде жоқ жаңа бір ән шығарғым келеді. Бірақ, аңқылдақтығым жетіспейді, қазақтығым – кемшін, шайтантиектігім – қырсық. Содан, ...әлденеге елегізіп, өзімнен-өзім өксікке ұқсас өлең күбірлеп, жарықтық Әкемді әсіресе аңсап, қасымда жүрген Тұрсынғазыны сағына бастаймын...

Асыл шақтар армандатып өтті шын,
Өлеңімнен сұр қашып...
Қырық құбыла, саудалаған бет-жүзін
Қу тірлік-ай ұрғашы!
Пенделіктен арылмаққа төктім тер,
Түзетілмей қателік...
Қарсы алдымнан қараңдайды көп күндер,
Табытымды көтеріп.

Соған бола жан емеспін безектер, 
Өмір – теңіз, мұң – қайық.
Ал, достым, сен домбыраңа кезек бер,
Не дер екен, тыңдайық.
Өтінемін, аңырып бір қалмаңыз,
Елге қарап сабылған.
Екі Дүниедегі шетсіз-шексіз бар маңыз
Екі ішектен табылған!
Тыңдайын мен, күйге түсіп барқадар,
Самбырлатшы шанақты-
Музыкасы шымырлаған арқадан 
жаратқанша қанатты!..

Тыныштықбек Әбдікәкім,
ақын
Т.Рахимовтың "Нені аңсаймын" кітабынан

Н. Айдархан