Батыр Ұстаздар -3

Батыр Ұстаздар -3
Фото: np.kz

Аптаның басында "Ұстаздар күні" мерекесіне орай “Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары” аталатын антологияны зерделей отырып, “Кеңес Одағының Батыры” атағын алған ұстаздар тізімін берген болатынбыз, соның жалғасына назар салыңыз. Мақаланың үшінші бөлігінде ел басына күн туып, сұрапыл соғыс болғанда жеңісті жақындату жолында ерлік көрсеткен қаһарман ұстаздар мен өзінің ұлағатты ұстаз деген атына сай қазақ ұрпағының тәрбиесі мен білімі жолында аянбай тер төккен Еңбек Ерлері жайында сөз қозғаймыз. Кеңес Одағының Батыры атағымен тең дәрежедегі «ДАҢҚ» орденінің толық кавалерлері, Социалистік Еңбек Ерлері және тәуелсіз Қазақстанымыздың Еңбек Ері туралы ақпарат бергелі отырмыз.

Ұстаз деген ұлы есімді ардақтайық, ерлігін мәңгі жадымызда сақтайық!

«ДАҢҚ» орденінің толық кавалерлері

 1.     Сембинов Әлмұқан Оспанұлы

21.04.1924 Ақмола обл., Жаңабірлік ауылы — 10.02.1972 Ақмола обл.

Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Онжылдық мектеп бітірген соң, мұғалімдік қызмет атқарған. Әлмұқан Оспанұлы 1942 жылдың ақпанынан бастап соғысқа қатысқан.

1944 жылдың жазында Беларусь жерінде Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып өтіп, Быхов қаласы үшін болған ұрыста  ерлігімен көзге түсіп ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

1945 жылдың сәуір айында Сембинов бөлімшесін бастап Одер өзенінің жағасындағы Мюльроз қаласы мен Шеспцинг елдімекені түбінде  жау көліктеріне шабуыл жасайды. Бірнеше  жау солдаттары мен офицерін тұтқынға алды.  Кейін тұтқындарды алып шегініп кетуіне жағдай жасап, жауды  бөгеу үшін Әлмұқан жаумен жалғыз қарсыласып, жалғыз өзі он шақты гитлершінің көзін жояды. Көрсеткен ерлігі үшін Әлмұқан Сембинов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Әлмұқан ұрыс кезінде бірнеше рет жеңіл жараланса да, әрқашан алғы шептен табылып отырған.  Көптен күткен Жеңіс күнін  қаруластарымен бірге қарсы  алды. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін Әлмұқан Сембинов 1945 жылдың 15 мамырында І дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне қадайды. Осылайша, жиырма бес жасында «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Сөйтіп, Кеңес Одағының батыры атағымен бірдей дәрежеге ие болады.

Ә.Сембинов 1951 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітіріп, Целиноградта жаңа ашылған  Құрылыс техникумының ең алғашқы директоры болады.

 2.     Сүлейменов Мұташ Сүлейменұлы

10.10.1921 Қарағанды обл. Нұра ауд., Казгородок — 2006

Ұлы Отан соғысы жылдары неміс-фашист басқыншыларымен ұрыста белсенділік танытып, Москвадан Германияға дейінгі жауынгерлік жолды жүріп өтті.

Әскерден босанғаннан кейін 1946-1987 жылдары дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Бірнеше рет мектептің алғашқы партия ұйымының хатшысы болып сайланды, 1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтын сырттай оқып бітірді.

1975 жылдан ҚазССР-нің халыққа білім беру ісінің үздігі, 1985 жылдан СССР халық ағарту ісінің үздігі. 1945, 1985, 1995 жылдардағы Мәскеу Жеңіс шеруіне қатысушы.

Төрт жауынгерлік орденмен, көптеген медальдармен, атап айтқанда, «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» орденінің толық кавалері, екі рет «Ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отан алдындағы елеулі қызметі және Қарағанды қаласының жастарына әскери-патриоттық тәрбие берудегі жемісті еңбегі үшін 1994 жылы «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Социалистік Еңбек Ері

1.     Қабылбеков Мәжен Қабылбекұлы

10.09.1923 Павлодар обл., № 7 ауыл — 19.12.1999

Балал кезінен білімге құштар болған Мәжен Қабылбекұлы 2-ші мен 3-ші және 6-шы мен 7-ші сыныптарды бір жылдың ішінде бітіреді.

1938 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіріп, 15 жасында Жолқұдық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі қызметін атқарып бастайды. 1941 жылы оқу ісінің меңгерушісі, ал 1942 жылы Жолқұдық бастауыш мектебінің директоры атанады. 1956 жылы Семей педагогикалық институтын оқып бітірді.

Бірнеше рет Чкалов ауылдық кеңесіне, Ермак аудандық кеңесіне депутаттыққа сайланып, Ермак облысы мен ауданының партиялық делегацияларының делегаты, Қазақстан Компартиясының Ермак аудандық коммитетінің мүшесі болды. Қазақстан мұғалімдерінің II және III съездтеріне қатысқан, КСРО профсоюзінің  XV съездіне де қатысқан.

Ол Кеңес Одағының Батыры Қ.Қамзин атындағы мектепте 50 жылдан астам ағартушылық қызмет атқарды. Мәжен Қабылбекұлына 1971 жылы 20-шы шілдеде Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

2.     Нұртазина Рафиқа Бекенқызы

8.3.1921 Павлодар обл., Павлодар ауд., 6-ауыл — 03.04.2014

Педагог-әдістемеші, ғалым Рафиқа Бекенқызы 1966 жылы Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалімі, ал 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері атақтарын алды. Ол 1974 жылы педагогика ғылымының кандидаты болды.1951 жылы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. 1951 – 71 жылдары Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан сол мектептің директоры болды. 1972 жылы республикалық педагогика қоғамның төрағасы болып сайланды. Нұртазина – 40-тан астам ғылыми әдістемелік еңбектің авторы, ол қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты. Ол 1968 жылы Ленин, 1966 жылы “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Ол шын мәнінде ұстаздардың ұстазы болды. Рафиқа Бекенқызы өзінің сүйікті ісіне 60 жылға жуық өмірін арнады, оның шәкірттері ондаған мыңнан асады. Бүгінде олар Қазақстанның түпкір-түпкірінде, одан да тысқары жерлерде еңбек етеді, олардың арасында танмал адамдар аз емес.

Қазақстанның Еңбек Ері

Миразова Аягүл Төреқызы

15.12.1948 Жамбыл облысы Берікқара ауылы

Еңбек жолын Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қарабастау аулындағы орта мектепте математика пәнінен мұғалім болып бастап, кейін директордың орынбасары болып қызмет етті. 1972 жылы Жамбыл педагогикалық институтын тәмамдаған. Қазақстанның Еңбек Ері, Алтын жұлдыз орденінің иегері.

Өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұстаз 1991 жылдан бері Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры қызметін атқарады. 2008 жылдың 5-ші желтоқсанында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.

А. Оралқызы