Баян Есентаеваның айтқандары

Халқын сүйер жүрегімен, тың идеясымен, жаңашыл сипатымен жарқ еткен Баян Есентаева есімі әркімге таныс. Біз бүгін әйгілі продюсер, актриса және жай ғана сәттілік шыңына жеткен әйел Баян Есентаеваның ойларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Егер мен жаңалықтарда 7 жыл бойы жұмыс жасамаған болсам, ешқашан жақсы жүргізуші бола алмас едім. Сондықтан барлық тележүргізушілердің жаңалықтар мектебінен өтулеріне кеңес беремін. Менің өмірімде бетіне қарауға ұялатын адамым жоқ... Әр адамның жақсы жағымен қоса, жағымсыз қасиеттері болады. Сол секілді мен де мінсіз емеспін. Бірақ жағымды тұстарым жағымсыз тұстарыма қарағанда көбірек секілді. Мен кез келген адамды жұлдыз етіп шығара аламын.
Өнер виолончель сияқты. Вио­лончельді күнде тартпасаң, ұмыта бастайсың. Жұмыс та менің отбасым, өйткені мен жұмысқа ерекше құлшыныспен келемін. Менің бір жақсы қасиетім бар. Өз қолыммен істеген дүниемді тез ұмытамын. Фильм түсірдім. Келесі күні мені басқа жобалар қызықтырады. Бір күні жаңа идеямен оянатыныма сенемін. Жұлдыз болу үшін жұлдыз болып туу керек. Біздегі ең үлкен проблема киноға түскенің үшін қаламақыны аз төлейді. Мен азғантай қаламақыға келіспеймін.

Баян Есентаева қызы Айсәулемен

Мен теледидарды қосқан бойда ән айтып жатқан қыздың жұлдыз болатынын не болмайтынын білемін. Бұл ол теледидардан көрінген сәтінде-ақ білініп тұрады. Халық ақымақ емес, ол тек нағыз жұлдыздарды ғана мойындайды. 30 жасқа жуықтаған кезде нағыз Баян Есентаева болдым. Менен адамдар: «Неге жолым болмайды осы?» деп сұрағанда, «Мектептен өтпеген соң» деп жауап беремін. Неге Ресейден актер шақыратынын түсінбеймін. Небір талантты Қазақстандық актерлер бар емес пе? Қазақ үшін нағыз жұлдыз –  өз қазағы. Жұмысбасты адам уақытын дұрыс бөліп қойса, барлық жерге үлгеруіне болады. Жұмысқа да, балалардың тәрбиесіне де, демалысыңа да уақыт табылады. Сұлулық – нағыз еңбек. Мен макияжымды сүртпей ұйқыға жатпаймын. Мен эфирде жүргізушінің сыртқы сұлулығын қалыптастырған алғашқы тележүргізушілердің бірі болдым. Менің күнделікті киімім – джинсы, свитер, кроссовка. Сосын бет-жүзімді боямаймын. Бұл түрімде мені көп ешкім тани бермейді. Опра Уинфри белгілі бір дәрежеде менің кумирім десем болады. Егер адамның шығармашылық не өмір жолында әлдебір қиындық болса, ол ең алдымен өзінің кінәсінен. Менің тамыр-таныстарым өте көп, бірақ олардың көмегіне ешқашан жүгінген емеспін. Бәріне өз күшіммен жетсем деймін. Ешкімнің алдында қарыздар болып қалғым келмейді.  Менің алғашқы еңбекақым – 50 доллар болды.

 

Баян Есентаеваның ойлары БАҚ-қа берген сұхбаттарынан жинақталды

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: mail.ru