- Негізгі бет
- Тұлға
- Қазақтың Хабибасы жүз...
Қазақтың Хабибасы жүз жаста
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің адал жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мәдениет саласының үздігі Хабиба Елебекованың 100 жылдық ғасыр тойы өтті, — деп жазылған «Айқын» республикалық газетінің сайтында.
Салтанатты кеш Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Болат Әбділманов мерейтой иесінің құрметіне жазған арнау өлең оқуымен ашылды. Одан кейін сахна саңлағы туралы дайындалған бейнесюжет тамашаланып, Хабиба Қарақбайқызының шығармашылық жолы туралы мәлімет берілді.
1916 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген актриса әке ықпалымен орысша сауат ашып, 1934 жылы Қалибек Қуанышбаев пен Жүсіпбек Елебековтің көрегендігімен Қарқаралы округінің халық театрына қабылданады. 1935 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына шақырылып, Ж.Шаниннің «Арқалық батырында» − Қаракөз, М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қаракөз», «Абай», «Шекара» пьесаларында − Күнікей, Текті, Мөржан, Қаныкей, Ажар, Б.Майлиннің «Майданында» − Мамық, А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» - кемпір, А.Тасымбековтің «Кебенек киген аруларында» − тұтқын әйел, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» − Айғаным, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» − Мақпал, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланында» − Айнаш тәрізді жүзден аса әйел-ана образдарын өмірге әкелді. Соның ішінде М.Әуезовтің «Абай» драмасындағы Қаныкей бейнесін сексенге келгенше ойнап, 55 жыл сахнадан түсірмеді. Сонымен қатар, Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкина тәрізді жағымсыз кейіпкер рөлін 37 жыл бойы көрерменге ұсынып, 95 жасында сахнамен қоштасты.
Театр және кино өнері шеберін мерейтойымен құттықтаған Елбасының сәлемін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеткізді. Президент хатында:
− Құрметті Хабиба Қарақбайқызы! 100 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Өзіңіздей ғасыр жасаған аяулы жанның осындай мерейлі жасқа жетуі барша халқымыздың ортақ қуанышы әрі мәдениетіміз бен өнеріміз үшін айтулы мереке. Сіз М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрдың іргесін қалаған алыптар тобының көрнекті өкілісіз. Осы театрда сексен жылдай үзбей өнер көрсетіп, көптеген нанымды бейнелер жасап, бүгінгі таңда қазақ сахнасының анасына айналдыңыз. Қазақ театры өнері мен әдебиетінің іргесін қалаған тарихи тұлғалар туралы болашақ ұрпаққа арнап тағылымды естелік кітаптар жазып, көрсеткен өнегеңіз де өз алдына бір төбе. Сіздің өнердегі жолыңыз бен жарқын істеріңіз халқымыз үшін әрдайым жақсы үлгі болып қала береді. Осынау мерейлі мереке тұсында деніңізге саулық, бойыңызға күш-қуат, отбасыңызға амандық, құт-береке тіледім! − деп қуанышқа ортақтастығын білдірген.
Мұндай ақжарма тілекті Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева да жолдапты. Сонымен қатар, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Қарқаралы өңірінің ыстық сәлемін аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы жеткізді. Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов «Біздің театрымыздың тарихында жүзге келген ешкім жоқ. Сондықтан бүгін театрда нағыз қуаныш, үлкен той» дей келе, төрде отырған актрисаның қасына көрермендер ортасында отырған Қазақстанның халық артисі, 98 жастағы Айша Абдуллинаны шақырды. Хабиба замандасының өкшесін басып келе жатқан Айша апа Күләштің репертуарынан «Гәкку» әнін шырқап, әріптесіне амандық тіледі. Кеш иесін құттықтай келген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева әннен шашу шашып, жиналғандардың көңілін көтерді. Мағжанның отызға тарта лирикалық туындысын жатқа оқитын Хабиба Елебекова көпшіліктің сұрауымен ақынның «Сүй, жан сәулем» өлеңін тарту етті.
Хабиба Елебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мәдениет саласының үздігі:
− Бауырларым, балаларым, елім-жұртым, қара шаңырағым! Мен қазақтың басынан өткен небір нәубет жылдарды өз көзіммен көрген жанмын. Бір үйдегі он жеті жан аштан өліп, соңдарында жалғыз мен қалдым. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс қасіретінің азабын тарттым. Қазақ театрында «Еңлікті» алғаш ойнап, Мәскеуде ең бірінші домбырамен ән салған қазақ қызы, туған апам Дәлила Оңғарбековадан жастайымнан ән үйреніп, сол кісіге еліктеп өстім. Менің бағыма Қазақстанның халық әртісі, Абай әндерінің шебер орындаушысы Жүсекең жолықты. Екеуміз тату-тәтті, бақытты ғұмыр кештік.
Арқасүйер азаматым мен арыстай ұлдарымды жер қойнына беріп, қазір кіші балам Естайдың қолына қарап отырмын. Барлық ғұмырым осы қара шаңырақта өтті. Жүз жасаған ана ретінде ел-жұртыма, әлем халқына тек амандық, жақсылық тілеймін. Бір-біріңмен дос болып, барлық елдің театрымен бірге жүріңдер. Әрқайсысың бір-біріңнің кемшілігіңді жуып, үлгі тұтып отырсаңдар деймін. Бір-біріңе ешқашан жамандық ойламаңдар. Дүниеде мәңгі-бақи тұратын ештеңе жоқ. Азғантай ғұмырда тек жақсылық жасап өтіңдер! Әрбір отбасы, әрбір ел аман болса екен! Бүгін мені осыншама құрметтеп, сый жасап отырғандарыңа мың да бір рақмет!
Н. Үсенова