Әйгілі Біржан салдың шөбересі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады

Әйгілі Біржан салдың шөбересі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады

Марал Теміртасов қарапайым ауыл мектебінде еңбек етеді. Ол өзінің әйгілі Біржан салдың шөбересі екенін қалың жұртшылыққа жария еткісі келмейді. Ол туралы Марал бізге берген сұхбат барысында айтты.

Қазақтың ұлы ақынының шөбересі Ақмола облысындағы Қазақстан деген ауылдың тұрғыны. Қазір ол жерде интернет болмаса да, ауыл қарқынды дамып келеді. Марал Біржан салдың өте ерте үйленгенін айтады. Ол 18 жасында Әпіш атты сұлуға үйленіп, одан үш ұл, бір қыз сүйеді. Бүгінгі қаһарманымыз Біржан салдың Теміртас деген ұлының ұрпағынан тараған.

Марал Теміртасов Зеренді ауданына қарасты жоғарыда айтылған ауылда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Сол ауылда әйелі, қызы, баласы және келіні бәрі бірге тұрады. Шөбересінің айтуынша, атақты Біржан салдың дарыны, домбырамен ән салу, өлең шығару секілді қасиеттері ұрпақтарынан ешкімге берілмеген. Өйткені қызы – заң саласында қызмет етсе, ұлы – экономист. Бірақ бала кездерінде өнермен әуестенген.

- Қызым кішкентай күнінде домбыра үйірмесіне қатысып, мектепшілік мерекелерде өнер көрсететін. Алайда өсе келе өнерді қойды. Мен ешқашан балаларымның мамандық таңдауына кедергі келтірген жоқпын. Олар өздері осы саланы таңдады. Бірақ ұлымның тілге шешендігі, табан асты суырып салмалық өнері, тапқырлығы бар. Атамыздың ақындығы осы ұлыма берілген шығар деп ойлаймын. Үлкендер «ұқсастық 7 атадан кейін келеді», - дейді ғой. Бәлкім менің немерелерім немесе шөберелерім Біржан салдай елді ауыздарына қарататын әнші, ақын болатын шығар, - дейді ол. 

Маралдың өзі еркін күрестен спорт шебері кандидаты. Ол Қарағанды қаласында спорт факультетінде білім алған және спорт шебері кандидаты екенін мақтан тұтады. Бұрын студенттерді дайындаса, бүгінде дене шынықтырудан сабақ береді.

Марал Біржан сал туралы қалағанымдай көп естіген жоқпын дейді. Бірақ көп әңгімесін Степняк қаласы, Еңбекшілдер ауданының тұрғындары айтқанын айтты. Дәл осы жер әйгілі ақынның туған жері болып есептеледі.

- Біржан сал сұңғақ бойлы жігіт болған дейді. Оның бойының ұзындығы – 190 см, жүзі жарқын, көздері қара болған. Ол ән салған кезде дауысы 14 шақырымнан естілген. Адамдар бәрін тастап тыңдап, құлақ құрышын қандырған деседі. Бай-манаптар бір емес, екі тұлпар мінгізіп, қонақ қылатын болған.

Сонымен қатар, Біржан сал мен әкесінің арасында келіспеушіліктер болыпты.

- Біржан сал әкесіне ренжігені туралы естідім. Сол себепті ол атасының қолында өскен. Оның есімі – Қожағұл. Біржан Қожағұлұлы деген осыдан шықса керек-ті. Әкесіне қарағанда атасы айтысты өте жақсы көрген және өнерді қолдаған.

Марал өзінің арғы тегін әрқашан ардақ тұтады, бірақ жарияға жар салып, жарнамалағанды жақсы көрмейді. Оның Біржан салдың ұрпағы екенін бірнеше адам ғана біледі.

- Мен әйгілі әншінің шөбересімін деп ешқашан мақтанбаймын. Қазақстан елдімекеніне көшіп келген кезде шамамен 5 жылдай менің Біржан салдың шөбересі екенімді ешкім білген жоқ. Кейін бәріне белгілі болған соң, ауыл тұрғындары үйге келіп, әңгіме-дүкен құрып, түрлі сұрақтарын қоятын болды. Көпшілігін Біржанның неше әйелі болғандығы қызықтырады. Википедияда оның төрт әйелі болған деп жазады. Бірақ мен ондай ештеңе естіген жоқпын.

Марал өзінің өмірін өзгерткісі келмейді. Оған осы бейбіт күннің астында кешіп жатқан баянды ғұмыры ұнайды.

Автор: Самат Каримов

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Адамды бостандығынан айыру мен бостандығын шектеудің айырмашылығы қандай?
Адамды бостандығынан айыру мен бостандығын шектеудің айырмашылығы қандай?
8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс: адамзат бұл жеңіске қалай жетті?
8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс: адамзат бұл жеңіске қалай жетті?
Ғалымдар Арктикадағы барлық мұз 2035 жылға қарай еріп кететінін айтты
Ғалымдар Арктикадағы барлық мұз 2035 жылға қарай еріп кететінін айтты
Мұхиттағы ең үлкен "қоқыс аралы" Франция көлемімен теңесті
Мұхиттағы ең үлкен "қоқыс аралы" Франция көлемімен теңесті
Абайдың шығармалары дүниежүзінің 10 тіліне аударылды
Абайдың шығармалары дүниежүзінің 10 тіліне аударылды
Израильде 1,5 миллион долларлық медициналық маска жасалды
Израильде 1,5 миллион долларлық медициналық маска жасалды