Жұлдызды жаңалықтар

Жұлдызды жаңалықтар

Жаздың жайма шуақ күндерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қалай өткізуде?! Қалың көпшілікпен бөлісер қандай жаңалықтары бар екен?!

Аян шығармашылығын шыңдауда

Аян Өтепберген, «Жаужүрек Мың бала» фильмінде Таймас рөлін сомдаған актер:

«Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының бірінші курсын, Болат Атабаев сыныбын ойдағыдай аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жайым бар. «Жаужүрек Мың бала» фильмі жарыққа шыққан соң, басқа да киноларға түсуге ұсыныс түсіп жатыр. Бірқатар жобаларға шақырту алдым. Әзірге ол туралы ашып айтпай-ақ қояйын. Демалысым осы жобаларды қарастырумен өтуде»

«До-мажор» құрамасы өзгерді

«Көпшілік естіген болар, «До-мажор» тобының құрамасы өзгерді. Жаңа құрамамен топтың үлкен сұраныстағы біраз әндерін қайта жаздырған болатынбыз. Соның бірі тобымыздың төлқұжатына айналған «Қайдасың» әнін жаңа әрлеумен жаздырдық. Қай жақта өнер көрсетпесек те, жұртшылық «Қайдасың» әнін орындауымызды өтініп сұрайды. Сондай-ақ, жас әнші-сазгер Алмас Биғалиұлының «Білем, жаным» әнін жаздырып, бейнебаян түсірдік. Оны өңдеп, күзге таман ел назарына ұсынатын боламыз» - деді әнші Роман Майғазиев

«Аңсар» квартеті фестивальге қатысуда


«Аңсар» квартетінің мүшесі Алмас Алтынбеков:

«Қазіргі таңда Павлодар облысында өтіп жатқан «Жұлдызды Жасыбай» ән фестиваліне қатысып жатырмыз. Фестивальге бізбен қатар өнерде жүрген аға-әпкелеріміз де қатысып, Баянауыл өлкесін әнге бөлуде. Шығармашылығымызға келер болсақ, жаңа бейнебаян түсіруге дайындалып, жаңа әндер жазу үстіндеміз»

Құралай оқуға түсуге дайындалуда


Құралай Анарбекова, «Жаужүрек Мың бала» фильмінде Қорлан рөлін сомдаған актриса:

«Бірқатар жобаларға қатысуға, киноға түсуге шақырту алудамын. Бірақ, дәл қазір бар уақытты оқуға, өзімнің қызығушылықтарыма бөлудемін. Демалысымды теннис, жүзу сияқты спорт түрлерімен шұғылданумен, көбіне, жаттығу залында өткізудемін. Білімімді жетілдіру мақсатымен магистратураға оқуға түсуге дайындалып жатырмын»

 «Аршын» тобы сахнаға қайта оралды


Ардақ Бәлтаев, «Аршын» тобының әншісі, «Еуразия жұлдызы» халықаралық байқауының лауреаты:

«Өздеріңіз білетіндей, «Аршын» тобы үш жігіттен құралған трио болса, енді қазір дуэт болып, біршама үзілістен кейін сахнаға қайта оралдық. Аман Әубәкір өз еліне кеткен болатын. Ал Ержан Смағұл екеуміз жаңа әндер жазғызып, репертуарымызды кеңейтіп жатырмыз. Күні кеше «Ақерке» халық әніне бейнебаян түсіріп біттік. Алдағы күндері еңбегіміздің нәтижесін көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз»

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер kino24.kz, mail.ru және жұлдыздардың жеке мұрағатынан алынған

Ғ. Ұзақ