"Тұран" этно-фольклорлық ансамблі Астанада концерт береді

"Тұран" этно-фольклорлық ансамблі Астанада концерт береді

Алаш атын алты құрлыққа кеңінен асқақтатып жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Астана күніне орай Сарыарқа төрінде 4 шілде күні «Бабалар толғауы» атты жеке концертін өткізеді. Бұл - ансамбльдің Астана қаласындағы алғашқы шығармашылық кеші.

Ұлттық мәдени құндылықтарымызды арттыруға сүбелі үлес қосып жатқан ансамбльдің концерті Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен өткізіледі. Астана қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтары қазақ халқының көнеден келе жатқан төл музыкалық өнерін насихаттаған «Тұран» ансамблінің «Тұран» және «Ер Тұран» атты күйтабақтарына енген «Қазақ елі», «Қосбасар», «Аққу», «Ер Тұран», «Қара жорға», «Аңшылық» т.с.с. туындыларды тыңдап, топ шығармашылығымен жақынырақ таныса алады.

Жақында Румыния мен Франция елдерінде болып, өнерлерін ортаға салған ансамбль қазіргі таңда жеке концертіне қызу дайындық үстінде.

«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі:

«Біз елордамыз Астанада тұңғыш рет концерт бергелі жатырмыз. Жеке шығармашылық кешіміздің Астана күні мерекесімен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымыз. Игі шараға дайындалып, астаналық өнерсүйер қауым назарына арнайы дайындаған жаңа концерттік бағдарламамызды ұсынатын боламыз. Болашақ пен арман қаласы саналатын Астанадағы алғашқы шығармашылық кешіміз көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз»


Ансамбльдің Астанадағы алғашқы концертінің «Бабалар толғауы» аталуы бекерден емес. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі – ата-бабадан қалған игі мұраны сақтап, қазақ халқының ертеден бері келе жатқан төл дәстүрін терең меңгеріп, ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ер түріктің күй-жырын орындап, жаңғыртып жүрген бірегей топ.

«Бабалар толғауы» концерті Астана қаласындағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының алдындағы киіз үйлер тігілген алаңда 4 шілде күні сағат 21:00-де өтеді.

Қазақтың күйі шертеліп, сазы әуелейтін ғажайып кештен қапы қалмаңыз, ағайын!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің жеке мұрағатынан алынған

Ғ. Ұзақ