- Негізгі бет
- Тұлға
- Қазақтың "Қыз Жібегі...
Қазақтың "Қыз Жібегі мен Төлегені" арасындағы ұлы махаббат қалай басталған?
Қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегіне айналған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова - ұлы махаббаттың дәлелі іспетті. Аты аңызға айналған бұл жұптың әрбір қимылына дейін кейінгі ұрпаққа үлгі. Ұлы махаббат қалай басталды? Бұл жайында қос ғашық сұхбаттарының бірінде жасырмай айтып берген екен.
Құман Тастанбеков: - Қалай танысқанымызды айтсам, оның өзі қызық болды (күліп). Кезекті бір күндердің бірінде «пробаға» келген сүп-сүйкімді, сұлу да сымбатты қыздың көзіме оттай басылмасы бар ма?! Бір көргеннен-ақ Жібектің рөліне соның алынатынына сенімді едім. Оған қоса, «осы қыз тәуір, Жібекке келетін сияқты» деп, ұйымдастырушы топқа өзіндік пікірімді айтқандай боламын. Содан тілегім орындалып, Меруерт екеуміз жұмысымызға кірісіп кеттік. Шамасы менің оны ұнатқанымды байқаған болуы керек, Әлекендердің (Әнуар Молдабековті айтады – А.Т.) мені түсірілімде мақтап, «Меруертжан, осы жігітке қосылсаң, қор болмайсың» деген сыңайда әңгіме айтатыны бар. Екі жас бір-бірімен тіл табысып, қосылсын деген ниет қой. Онымен қалада өскен қыздың: «ой, не надо» деп, кері тартатынын қайтерсің (күліп). Әңгіменің ашығы, көпке дейін амандық-саулық сұрасқаннан әріге аспай, алыстан араласып жүргеніміз бар.
Алғаш рет емен-жарқын әңгімелесіп, оны үйге дейін шығарып салуыма Алланың өзі көмектесті. Тарқатып айтсам, «шіркін-ай, мына қызды қалай шығарып саламын?» деген ойдың біраз уақыт бойы маза бермегені рас. Содан бір күні түсірілімнен кейін бәріміз далаға шықсақ, жаңбыр жауып тұр екен. Жауын болғанда сіркіреп емес, шелектеп құйып тұр. Ал Меруерт болса, аққу секілді бал-бұл жайнап, аппақ күртеше киіп алыпты. Үйіне жалғыз кетіп бара жатқан қыздың соңынан ысқырсаң, «мына жігіт жынды ма?» деп ойлауы мүмкін. Жұмыс уақытында онша көп сөйлеспейтінімізді ескерсем, қасына барып, әңгіме айту тағы ыңғайсыз. Ақыры ішімнен: «о, Алла, көмектесші, мына қыз дәл қазір батпаққа құлап қалсыншы» деп жалбарынудан басқа амалым қалмады. Құдайдың өзі қолдаған шығар, қас бен көздің арасында Меруерт батпақты жерге топ ете қалды. Ақ киімі лезде қап-қара түске боялып, балшықтан тұра алмай тұрғаны... Жасырып қайтемін, сол кезде шын жүрегіммен қуанып, Жаратқанға ішімнен жарапазан жеткізгенмін-ді. Әйткенмен, қарап тұратын уақыт жоқ, мүмкіндікті жібермеу керек, қасына жүгіріп барып: «Меруерт, бәрі жақсы ма?» деп, өзімше хал-жағдайын сұраумен қатар, жерден тұрғызайын деп жатырмын. Онымен айтқан жылы сөзіме, көрсеткен көмегіме иланатын қыз жоқ, сол бойда-ақ мінезін көрсетіп әлек. Қызға тән қырсықтығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол сөздің арасында қолымды итеріп, «керек емес көмегін» дегендей басын шайқағанын айта кеткенім ләзім (күліп). Әйтеуір, әрең дегенде жерден көтеріп, сол оқиғаның арқасында онымен азын-аулақ әңгіме-дүкен құрып үлгердім. Ол кезде студентпін, қалтамдағы соңғы 1 сомымды «таксиге» жұмсап, үйіне ақыры жеткізіп салдым-ау. Жаңбырды сылтау етіп, сол күні қайда тұратынын біліп, алыстан әке-шешесін де көрдім. Бәрі де солай басталған... Жастық дәурен де өтті ғой, шіркін...
Меруерт Өтекешова: - «Қыз Жібек» көпшілік көрерменге көрсетілген соң, 1970 жылдың 6 қарашасында шаңырақ көтеріп, АХАЖ бөлімінде некемізді қидырдық. Кинода бірге түскен Әнуар Молдабеков тойымыздың басы-қасында жүрсе, Асанәлі Әшімов асаба ретінде қуанышымызға ортақтасты. Тағы бір жайт, фильмдегі киімдерімізді үйлену тойымызда да киіп, екеуміз алғаш түскен картинаны мәңгілікке ұмытпайтындай болдық.
Сұхбат baq.kz порталынан алынды.
Сұхбаттасқан: Айбек Тасқали
Сурет: kazpravda.kz, qazaq.kz
Оқи отырыңыз:
"Төлегенді өлтірген Бекежан емес" немесе Кескентерек туралы ...
"Қыз Жібек" - қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналған фильм
«Астана Опера» Қыз Жібектің рөліне кастинг жариялайды
Р. Роза