«Астана Опера» Қыз Жібектің рөліне кастинг жариялайды

«Астана Опера» Қыз Жібектің рөліне кастинг жариялайды

Әлемге әйгілі режиссер Франко Драгоне «Астана Опера» театрының сахнасында қазақтың тұңғыш ұлттық «Қыз Жібек» операсын жаңа қойылымда ұсынады. Қойылым 2014 жылдың сәуір айына жоспарланған. Театр басты рөл – Қыз Жібек партиясын орындаушыға ашық кастинг жариялайды.

Кандидатқа қойылатын басты талаптар – әдемі дауыс (сопрано), әсем келбет, 18 бен 32 жас аралығындағы қазақ тілін білетін, сахна пластикасы мен актерлік шеберлікті меңгерген, музыкалық білімі болуы тиіс.

Өтінім 2014 жылдың 20 қаңтарына дейін қабылданады. Тыңдалымға алдын-ала іріктеу фото арқылы жүргізіледі. Әнші «Қыз Жібек» операсынан бірнеше ария орындауы керек. Толық ақпаратты театрдың astanaopera.kz сайтынан алуға болады.

Жоба режиссері Франко Драгоне өзінің қойылымдарға деген бірегей көзқарасымен танымал, әлемдік аренада эксклюзивті музыкалық жобалардың режиссері ретінде сұранысқа ие.

Жалпы, «Қыз Жібек» операсының басты партиясын орындағандарды іріктеу барысында аса танымал емес актерлер таңдалған кездер болған, солардың бірі бүгінде белгілі және халық мойындаған ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева еді. Әншіні бұл рөлге консерваторияның соңғы курсында оқып жүрген кезінде таңдап алған.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А