- Негізгі бет
- Тұлға
- Атақты болуға асықпаған...
Атақты болуға асықпаған алыптар
Ел аузындағы «Ештен кеш жақсы» деген сөздің жаны бар екенін, қалам тартуға себеп болып отырған мына алыптар тағы бір дәлелдейді. Мына дегеңіз кімдер десеңіздер? Олар – өмірден өз орындарын кеш тапқан бақыттылар. Олар – сонда да болашағынан еш үміт үзбеген арманшылдар. Олар – өмірдің сан қилы соқпағын көрсе де, сыр бермеген сабаздар. Олар – ең бастысы атақты болуға асықпаған алыптар...
Джоан Роулинг, «Гарри Поттердың басынан кешкендері» циклді романдарының авторы
31 жасына дейін жәрдемақымен күн көрген жалғызбасты ана.
Джоан Роулинг өз романының идеясын 1990 жылдары ойлап жүрген еді. Ортадағы жеті жылдың ішінде оның басынан небір келеңсіз оқиғалар өтті. Жұмысынан айырылып, жолдасымен ажырасты. Бәрін айт та бірін айт, 1997 жылы алғашқы романы жарық көргенге дейін оның күн көрісі нашар болды. Ал бүгінгі таңда Джоан Ұлыбританияның ең танымал жазушысы атанып отыр. Оған қоса, кешегі жұмыссыз Джоан – бүгінгі мультимиллионер, жас жеткіншектердің сүйікті авторы.
Харрисон Форд, актер және продюсер
30 жасқа дейін ағаш шебері болған.
1968 жылы Харрисон Форд «Забриски-пойнт» фильміне түссе де, режиссер Харрисон сомдаған тұстарын кесіп алып тастаған екен. Бұған көңілі қалған Харрисон бәріне бір күнде қол сілтеп, актерлік мансабын тастап кетеді. Содан ағаштан түйін түюмен айналысады. Бір күні ол Джордж Лукаспен кездесіп қалады. Сөйтіп, Харрисон Джоннан «Америкалық граффити» атты фильмнің түсіріліміне шақырту алады. Осы сәттен бастап, Харрисонның бағы жанып, үлкен өнерге қайтадан қадам басады. Қазір ол – төрт мәрте «Алтын глобус» сыйлығының иегері атанып, фильмдері («Неудержимые 3», «Ғарыштағы соғыс», «Индиана Джонс») көрермендердің ыстық ықыласына бөленген танымал актер.
Генри Форд, Ford Motor Company негізін қалушы
Өзінің компаниясын тек 40 жасында ғана құра алған.
Генридің жанұясы Ирландиядан көшіп келген екен. Отбасылық жағдайларына байланысты 16 жасында Генри үйінен қашып кетіп, Детройтқа жұмыс жасауға барады. 30 жасына дейін Edison компаниясында инженер-механик боп жұмыс істеген. Және осы жасында алғашқы көлігін құрастырған. Ал өзінің жеке компаниясын тек он жылдан кейін құрған екен. 1908 жылы Ford T деп аталатын көлігі шығарылған соң, компания үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастаған. Генри Форд – еңбексүйгіш. Ол өзінің тағдыры мен «еңбектің наны тәтті» болатынын «Менің өмірім, менің жетістігім» атты кітабында жазып кеткен екен.
Харланд Дэвид Сандерс (Сандерс полковник), KFC
40 жасында өзінің жанармай құю бекетіне келген адамдарға арнап қуырылған тауық етін дайындаған.
Бұл тұлғаның тағдыр жолы мынадай: әкесінен алты жасында айырылған, анасы көп жұмыс істеген, ал өзі жастайынан үйде тамақ әзірлеп, жұмыстан шаршап келген анасын күтіп отырған. 10 жасынан бастап әртүрлі салада жұмыс жасаған, ал 12 жасында отбасылық жағдайларға байланысты үйінен кетіп қалған... Туған күнін өзгертіп, АҚШ әскерінің құрамына өз еркімен барады. Қырық жасында Кентукки штатындағы Корбин бекетінде өзінің жанармай құю бекетін ашады, сонымен қатар, келушілеріне тауықтан жасалған тағамдарын ұсынды.
«Менің ойымша, қуырылған балапан еті – Американың Қонақжайлылығының Тамақ-Белгісі іспеттес. Иә, дәл осылай: бас әріптермен. Үстел басында қандай адам отырғаны маған маңызды емес, өйткені, ол – қонақ. Тек қонағымды жақсылап күтіп, тамақтандырсам – болғаны»,- дейді Харланд Сандерс. Қазіргі таңда Сандерс полковниктің құрған KFC-і – әлемде үлкен сұранысқа ие фастфудтардың бірі.
Амансио Ортега, Zara сауда желісінің қожайыны
37 жасына дейін дүкен көмекшісі боп істеген.
Отбасы жағдайы төмен бала Амансио орта мектепті бітіре алмай, 13 жасынан жейде сататын дүкенде жұмыс жасайды. 37 жасында Амансио өзінің трикотаж фабрикасын ашады. Алғашында жұбайы Росалиямен халат, түнгі көйлек, тағы басқа да киім-кешектер тігіп, өз үйіне арнап төсек-орындар жасаған. Бір күні Амансионың тұрақты сатып алушысы көптеген топтамаларға тапсырыс жасаудан бас тартады, өз кәсібін сақтап қалғысы келген отбасы бұйымдарын өздері сатуға бел байлайды. Сөйтіп, 1975 жылы Амансио мен Росалия Zorba атты дүкен ашады, Амансио ол кезде 40 жаста болатын. Ал 2012 жылы Bloomberg агенттігі Амансио Ортеганы Еуропаның ең бай адамы деп таниды. Бүгінгі таңда оның холдингі Zara, Massimo Dutti, Bershka, Oysho, Pull & Bear, Zara Home, Stradivarius сынды брендтерді басқарады.
Оқи отырыңыз:
1. Шетелге танылған қазақ қыздары
2. Халықтың көңілінен шыққан Леонардо Ди Каприоның БҰҰ саммитіндегі баяндамасы
3. Шешендік шеберліктің төрт шарты
4. Әлемге әйгілі суретші Леонардо да Винчидің біз білмейтін қыры
Сурет: youthpaper.ru, runyweb.com, businessweek.com, ohmymag.com.
Е. Жұмабайұлы