Шәмшінің Абылай ханның жиені екендігін білесіз бе?

Шәмшінің Абылай ханның жиені екендігін білесіз бе?

Бүгін, 15 тамыз – қазақтың біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Қазағын әсем сазға, әнге бөлеп өткен композитор – қазақ осызаман эстрадасының негізін салушы. Шәмші 1930 жылы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Ал бұл оның қазақ жұртының музыкалық дәстүрі сүтін еміп өскендігіне дәлел.

Шәмшінің анасы атақты Шәді төренің қарындасы. Ал, Шәді төре Кенесары ханның ағасы, Есенкелдінің немересі болып келеді. Осы жолды қуғанда Шәмші Қалдаяқов – Абылай хан мен Кенесары хандардың жиені болып шығады.

Ұлы таланттың туған күнінен орай бір топ әндерін назарларыңызға ұсынамыз.

АНА ТУРАЛЫ ЖЫР


Сөзі Ғафу Қайырбековтікі


Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе  арнаған.
 
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын.
 
Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені.
Сыйлар ем ай, күнін,
Қолыма түспеді.
 
Қайырмасы.
 
Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім –
Балалық махаббат.
Балалық жүрегім.
Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар.
Өзіңе арнаған,
Әнімді қосып ал.

ҚАЙДАСЫҢ?

Сөзі Н.Әлімқұловтікі

 

Сол бір кез есімде
Жағасы бұлақтың.
Айлы жаз кешінде
Сырласқан ұзақ түн.
Сүйкімді бейнеңді
Жүректе сақтадым.
Арманым, сол жерден
Сен едің тапқаным.
 
Тағы да сол жерге
Оралдым қайтадан.
Әлі тұр гүлдер де,
Самал жел шайқаған.
Қол бұлғап жырақта
Тау да тұр аңсаған.  
Сен жоқсың бірақ та
Қайдасың, қалқажан?!
 
Көруге жаралған
Сен бейне айнасың.
Өзіңсіз таба алман
Сағыныш айласын.
Көрінші, көңілге
Қуаныш жайласын.
Аңсадым жүзіңді
Қалқатай, қайдасың?!

ҚАЙЫҚТА

Сөзі  Н. Әлімқұловтікі

 

Болсақтағы жаңа таныс,
Жүзсек те алғаш қайықта.
Ұшқыр қиял кетті-ау алыс,
Бұйырмашы айыпқа.
Самал болар толғандырған,
Айдын шалқар көл бетін.
Сәулем, мені ойландырған
Сенің жарқын келбетің.
 
Көлдің жүзін нұрландырып,
Тұр ма сенің дидарың?
Сол бейнеңді тұрған күліп,
Су бетіне қимадым.
Ескегіңді берші маған,
Мен есейін, сен еспе.
Су күлкісі сылдырлаған
Сенің күлкің емес пе?
 
Ашылғандай айдын көлде
Үлкен өмір есігі.
Су бетінде қайық, бейне –
Махаббаттың бесігі.
Жылжы, қайық, осы көлде,
Жыр толтыршы жаныма.
Махаббаттың бесігінде,
Тербелейік тағы да.

БӘРІНЕН ДЕ СЕН СҰЛУ

Сөзі Мақсұтбек Майшекиндікі

Жаз күнінде жайнаған
Масатыдай жер сұлу.
Аққу, қаздар тойлаған
Айдын шалқар көл сұлу.
 
Қайырмасы:
Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу.
Өзім сүйіп ұнатқан
Бәрінен де сен сұлу.
 
Нұрын төккен қырмызы
Аспандағы күн сұлу.
Жымың қаққан жұлдызы
Айлы кеште түн сұлу.
 
Қайырмасы.
 
Тәрбиелі, тамаша
Бал мінезді жар сұлу.
Таңданарлық қараса
Талай абзал бар сұлу.
 
Қайырмасы.

КЕШІКПЕЙ КЕЛЕМ ДЕП ЕҢ


Сөзі  М. Шахановтікі

 

Аңсаған бақытым сияқтанып,
Ай туып келеді қияқтанып.
Жол жаққа қараймын,
Сен жоқсың, арайлым
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
 
Қайтемін кінәлап бұған сені,
Сағатың алдаған шығар сені.
Нұр ойнап көзіңде,
Уәделі кезіңде
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
 
Көшеде сырласып , шалқып басып,
Құрбылар барады қолтықтасып.
Тағатым таусылды,
Аңсадым даусыңды.
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.

АҚ БАНТИК

Сөзі  М. Шахановтікі


Балауса қыз едің бір кезде
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде
Көркіңе көз тастап ойланам.
                                         
Қайырмасы

Нұрлы бейнең қандай жарқын!
Арманысың қандай жанның?
Шынарым-ай,
Сен – мөлдірсің, еркем,
Тау бұлағындай.
 
Жол жатыр шақырып алдыңда,
Өмір тұр ұсынып шаттығын.
Білмеймін бойжетіп қалдың ба?
Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін.
 
Қайырмасы
 
Жылдардың еркіне бағындың,
Жылдарға қол создың, жан құрбым.
Белгісін балалық шағыңның,
Айтшы, сен қай жерде қалдырдың?
 
Қайырмасы

ӘНІМ СЕН ЕДІҢ

Сөзі  Т. Молдағалиевтікі

Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен
Бақыт көріп ем қара көзіңнен.
Кеттің ұмытып, мәңгі ұмыттың,
Жібін үздің ғой нәзік үміттің.
 
Тұрып қасыңда көрдім көктемді,
Сонау күндерден бүгін жоқ белгі.
Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым,
Сендей бақытты қайдан табамын.
 
Әнім сен едің кешке салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Тағы келді ғой құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып.
 
Бақтар гүлдеді біздің қырдағы,
Жаңбыр жауды да, көктем жырлады.
Сенсіз атты таң, сенсіз батты күн,
Мәңгі ұмыттың мені, шаттығым.

СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫ

Сөзі Қадыр Мырзалиевтікі

Тулаған қаны бар
Тұлпар да табылар,
Үміт болса;
Күн туса басыңа,
Мойыма, жасыма,
Жігіт болсаң!
 
Қайырмасы:
Толқысын шартарап, тасышы, тебіренші,
О, гитара!
Ей, жан серігім,
Төгілсін күй тарап!
Жаның тарықпасын, 
Ән қалықтасын!
Қайран басың, ғаріп басың,
Көзіңді жұмбай қамықпасын.
 
Қайнаған қаны бар
Қалыңдық табылар.
Үміт болса;
Шаттықты уыстан
Шығарма, туысқан,
Жігіт болсаң!
 
Қайырмасы.
 
Сәні бар, әні бар
Дәулет те табылар.
Үміт болса;
Досыңа, ғашыққа
Бәрін де шашып бақ,
Жігіт болсаң!
 
Қайырмасы.

АРЫС ЖАҒАСЫНДА

Сөзі  М. Шахановтікі

Өзіңмен Арыстың
Бойында таныстым.
Жайнаған гүлдей құрбым сен,
Жағада тұрдың сен.
 
Қайырмасы:
Жаз еді – күлкің де,
Қайдасың бұл күнде?!
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым
 
Алдыңнан бір бақыт
Тұрғандай тіл қатып,
Толқынға қарап ойлана
Әндеттің жай ғана.
 
Қайырмасы.
 
Нұр шашып көзіңнен
Бір нәзік сезіммен.
Жібектей шашың толқындап,
Қалып ең қол бұлғап.
 
Қайырмасы.
 
Кете ме осылай
Әніміз қосылмай?!
Аяулы таңым – сен едің
Көрсем деп келемін!
            
Қайырмасы.

ОТЫРАРДАҒЫ ТОЙ

Сөзі Сабырхан Асановтікі

Той басталды Отырарда,
Сырдың сұлу бойында.
Кеудесінде оты жанған
Қызылқұмның қойнында.
Аңыздарда аты қалған,
Талай ақын толғаған –
Осындай той Отырардан
Басқа жерде болмаған!
 
Қайырмасы:
Туған елім-ай,
Өскен жерім, асқар белім,
Сенсің әнім менің,
Сәнім менің.
Алақандай аялаған,
Арманым да өзіңсің,
Ақ тілегін аямаған,
Ардағым да өзіңсің.
Сендегі жас, кәрінің де,
Қуанышы мол болсын.
Шәуілдірдің әр үйінде,
Дәл осындай той болсын.
 
Отырардың күні бүгін
Қайта туды жаңғырып.
Жырлап жатыр ұлылығын
Барлық аймақ, атырап.
Әнмен бірге
Күймен бірге толғанам.
Осындай той Отырардан
Басқа жерде болмаған!
 
Қайырмасы.
 
Зіл қара жер қозғалғандай
Палуандар алысқан.
Қызғалдақтай қыздар қандай –
Көз тартады алыстан!
Сол қыздарға оты бар жан
Жүрек отын жалғаған.
Осындай той Отырардан,
Басқа жерде болмаған!

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: altaynews.kz

M. Auelkhan