Барак Обаманың өмір жолы

Барак Обаманың өмір жолы

Барак Хусейн Обама 1961 жылдың 4 тамызында Гавайи штатының астанасы Гонолулуда дүниеге келген. Әкесі Барак Хусейн Обама-үлкені (Barack Hussein Obama, Sr.) экономика саласында оқыған. Анасы Стэнли Энн Данхэм (Stanley Ann Dunham) болса, антропологияны меңгерген. Барак Обаманың ата-анасы Гавайи университетінде танысқан. Әкесі қара нәсілді, анасы аққұба америкалық болған. Барак Обама құлдардың ұрпағына жатпайды.

Барак кішкентай болғанда, әкесі отбасын қалдырып, Гарвардқа оқуға кетеді. Ал Барак екі жасқа келгенде, әкесі анасымен ажырасып, Кенияға жол тартады. 

Барак алты жасқа толғанда, анасы екінші рет тұрмысқа шығады. Сөйтіп, Барак анасы, индонезиялық өкіл әкесі, өкіл әпкесімен бірге Индонезияда 4 жыл өмір сүреді. Сөйтіп, Джакартаның мемлекеттік мектептерінің бірінде оқиды. Сосын Гавайиға қайтып оралып, нағашы ата-әжесінің қолында тұрады. 1979 жылы Гонолулудағы жеке-меншік мектепті бітіреді. Бұл мектептен біраз атақты актерлер мен атлеттер тұлеп ұшқан болатын. Мектеп қабырғасында Барак баскетболға қызығып, осы ойын түріне әуестенген. 1995 жылы жарыққа шыққан мемуарында Обама жоғары сынып оқып жүргенде марихуана мен кокаин тұтынғандықтан, сабақ үлгерімі төмендегенін айтады.

АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Мектеп бітірген соң, Обама Лос-Анджелестегі Батыс колледжінде білім алады, кейін Колумбия университетіне ауысып, оны 1983 жылы бітіріп шығады.

Осы жылы бакалавр сатысында Барак Обама ірі Халықаралық Бизнес Корпорациясында қаржы ақпараты бөлімінде редактор болып еңбек жолын бастайды.

1985 жылы Чикагоға келіп, шіркеу қайырымдылығы топтарының бірінде жұмыс жасайды. Әлеуметтік ұйымдастырушы ретінде қаланың тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетумен айналысады. Дәл осы жұмыста жүріп, Барак Обама адамдардың өмірін жақсарту үшін заң мен саясатқа өзгеріс керек екенін түсінеді.

1988 жылы Обама Гарвард университетінің құқық мектебіне оқуға түсіп, 1990 жылы университет баспасына редактор болып орналасады. Бұл университет баспасы тарихындағы тұңғыш қара редактор еді. Кейін "Нью-Йорк-Таймс" газеті Гарвардтың заңгерлер клубына тұңғыш рет қара нәсілді адам президент ретінде тағайындалғаны туралы жазады. 1991 жылы Обама оқуын тәмамдап, Чикагоға қайтып оралады.

1993 жылдан бастап, Обама Чикаго Университетінің заң факультетіне «Конституциялық құқық» курсынан дәріс бере бастайды. Сол жерде ол 2004 жылға дейін жұмыс істейді.

1995 жылы Обама «Әкемнен қалған армандар» атты алғашқы кітабын жазады. Оған атақ әкелген – осы кітабы еді. 1996 жылы Иллинойч штатының Сенатына қабылданып, осы жерден саяси карьерасына аяқ басады. 2008 жылы Time журналының нұсқасымен "Жыл адамы" болып танылады. 

Ал 2009 жылдың 20 қаңтарында АҚШ-тың 44-президенті болып сайланды. Отбасында жары Мишель мен екі қызы бар. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: ageyenko.com, newskaz.ru  

М. Оңғарова